Ағынан жарылған жырлар
18.06.2019
1771
0

Ақын Аман Кәлетаевтың «Тебіреніс», «Іңкәр дүние», «Туған жерім – тұмарым» атты жыр жинақтарымен бұрын да таныс едім. Елде жатып есте қалар құнарлы шығармалар тудырған ақын ағаның ағынан жарылған жырлары жүрегіме жылы тигені сонша, осы жылы «Фолиант» баспасынан шыққан «Арманымды аялашы, жалған-ай…» атты жыр жинағы қолыма еріксіз қалам алдырды. Өзін жүзбе-жүз танымасам да, сырлы да нұрлы жырларымен сыртынан тамсандырып жүрген ақынның осы кітапқа енген таңдамалы өлеңдерінде адам, қоғам, өмір, тіршілік жайындағы ой-сезім, сан қатпарлы сана қалтарыстары, ізгілік пен зұлымдықтың бітіспес айқасы жырланып, пәлсапалық тұжырымдармен түйінделіп, оқыған сайын көңілге ой сәулесін түсіреді. Жастайынан әдебиетті кие тұтқан ақын жырлары туған елге, жерге деген ұлы махаббатқа толы.

Адамның кіндігі туған жеріне байлаулы. Ақын сол туған жерінің жыршы құсындай. Оның ыстығына да, суығына да нәзік жаны өлердей ғашық. Қарашығындай қастерлеп күзетеді, сағынса, жыр етеді. Ал топырағы түкті, қойнауы құтты атамекені Барқытбелге – сұлу Тарбағатайға ғашық болмау тіптен мүмкін емес. Осы бір ұлы махаббат өлеңдерінің өн бойында шым жібектей әдемі кестеленіп отырады.
Кіндігім сонда байлаулы,
Туған жер, сенсіз күн қараң.
Толғантқан асыл ойларды
Өлең ғып өрді бұл балаң.

Ғашықпын гүлге, көктемге,
Туған жер Тәңірім боп келдің.
Көз жұмып ертең кетсем де,
Жусаның болып көктермін, –
деп тебірене жырлайды. Нағыз ақын­дық болмыс. Жаныңа ерекше рух сыйлап, туған елдің қадірін ұқтыра түседі. Аспаннан теңеу іздеп әуреленбей, қарапайым ғана жолдармен шалқар сезімді мөлдірете жырлайды. Тіпті, ертең көз жұмып кетсе де, туған жерінің жусаны болып көктеуді арман етеді. Тапқырлық деп осыны айтады.
Еліміздегі ұлттық рух пен намыстың оянуы – тәуелсіздігіміздің жемісі екені сөзсіз. Өшкенін жандырып, өлгенін тірілткен, рухы берік халқымыздың бір мақсатқа жұмылып, «Мәңгілік ел» идеясын ту қылып көтеруі – елдігіміздің жарқын үлгісі. Соның айғағындай бүгінгі қазақ өлеңі ұлттық идея­мен рухтанып, қанатын қырандай кеңге жайып келеді. Әсіресе, қазақы ортаның тұнық тұмасынан сусындаған ақынның жастар­ға отаншылдық рух беріп, ұлттық санасын оятатын, намысын жанитын отты өлеңде­рінің маңызы ерекше. Тәуелсіздікке тәу етіп, мақсат-мұратқа жетелейді.
Өзгелерге қызығумен қараймын,
Маған да бір нұрыңды төк, арай күн.
Елім менің шаңырағын көтерді –
Мен өзімді бақытты деп санаймын.
Кешегі құдайсыз қоғамның озбырлығын көзімен көріп, жүрекпен сезінген халық үшін Тәуелсіздіктен асқан бақыт бар ма?! Ақын осынау ұлы қуанышты асқақтата жырлайды.
Тіршілікте ардан қымбат дүние жоқ. «Пайда ойлама, ар ойла» деп өткен хакім Абайды өзіне үлгі етіп, ардың бағасын бәрінен биік қояды. Ар аяққа тапталса, адамдықтың да жоғаларын қадап айтады.
Әр нәрсенің сезеді таңдай дәмін,
Жақындамын, кей-кейде
шалғайдамын.
Құласам да, араша сұрасам да,
Тік көтеріп өтемін ар байрағын.
Бұл – оның өмірлік ұстанымы. Осы бір шумақтың өзі-ақ саналы жанға адамгершілік пен имандылықтың не екенін сездіріп тұрғандай. Санасын тұрмысқа, заманның асау ағымына билетпей, әрқашан ар байрағын тік көтереді.
Ақын жүрегі даладай кең, көңілі баладай пәк. Өлеңдерінің құндылығы – қарапайымдылығында. Шындықтың айнасы іспетті. Көлгірсімейді, өткір де шынайы сөйлейді. Өмірдің қыр-сырына үңілдіріп, поэзия арқылы оны түсіне білуге, тани білуге жетелейді. Жақсы мен жаман, ақ пен қараны көрсете отырып, адамгершілік қасиеттерді насихаттайды. Баршаға ақ жолды, адал еңбекті, адамгершілік пен азаматтықты үлгі етеді.  Нені жазса да, өмірден алып жазады. Шынында, шынайылықтан асқан көркемдік жоқ. Ақын осы таза болмысымен оқырманның жүрегін жаулайды, көңілін баурайды. Таңдайынан өлең төгілген оның алғаусыз ақ көңілі тіпті дұшпанына да амандық тілейді…

Арман ШЕРИЗАТ,
жас ақын

(Толық нұсқасын газеттің №24 (3658) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір