Зиялы қауым алғысы
24.10.2015
1914
0

62972_2038592660_234Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Қала күні қарсаңында шығар­машылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жылы шырайлы ахуал жағдайында өткен жүздесуде қала әкімі Елбасымыз айтқандай, «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» әрі еліміздің мәдени-рухани орталығы болып қала беретінін атап өтті. Өйткені, барлық бастамалар, өнер туындылары, әдеби шығармалар осында бастау алады.

Астанада әлемнің 5 мемлекетінің басшылары шақырылып, Қазақ хан­дығының 550 жылдығы тойланғаны мәлім. Дегенмен, мемлекеттігіміздің тарихы мен елдік идеясының Алматыда зерттелетіндігі, оны кездесуге қатысып отырған қазақтың зиялы қауым өкіл­де­рінің жасағандығы ақиқат.
– Қазақ руханиятының қайнары – әсем Алматының күні тек қалалықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың мейрамы деген, – қала басшысы кездесуге қатысып отырған зиялы қауым өкілдерін қос мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
«Алматы әкімдігінің негізгі міндет­терінің бірі – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатына және ол басқарып отырған «Нұр Отан» партиясының ұстанымдарына сай елдің мәдениетін, тілін, ұлттық спортты қолдау. Өйткені, бұлар – Мәңгілік ел болуымыздың басты шарттары.
Қазіргі кезде өте күрделі, сонымен қатар, ел ертеңі үшін өте жауапты кезең басталды. Қаржылық дағдарыс белең алып, үлкен мемлекеттер арасында текетірес күшейді. Соның салдарынан тұтас елдердің экономикасы шайқалуда. Ал оның кері әсері Қазақстанға, соның ішінде Алматыға да тиіп отыр». Қала әкімі басы артық шығындарды қысқартып, ең қажетті, қарапайым халыққа керек деген нәрселерге оңтайландырып жатқандығын айтты. «Сабыр түбі – сары алтын» демек­ші, бұл саясаттың мәні – «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» әрі тыныштығымызды сақтау», – деп атап өтті әкім.
Емен-жарқын әңгіме барысында қала басшысы Елбасы бастамасымен Мәдени мұрамыздың түгенделгенін, халқы­мыз­дың арғы-бергі тарихының, ұлттық өнер жауһарларының жүйеленгенін жеткізді. Президенттің сындарлы саясатының арқасында мемлекеттік тіл дамуда. Ке­зінде Алматыда үш-ақ қазақ мектебі болса, қазір 202 мектептің 63-і қазақ, 70-і аралас. Соңғы 5 жылда 12 мектеп салынса, оның 10-ы қазақ, қалған екеуі аралас.
Қазақстанның бұрынғы Кеңес елдері арасында бюджеттен миллиардтан астам қаржы бөліп, көркем әдебиетті қаржы­ландырушы жалғыз мемлекет болғанын әкім залда отырған жазушылардың есіне салды. Үкімет осыны «қысқартайық» деп бірнеше рет барғанда, Елбасының оған қарсы болғандығын тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысының пәрменімен мәдени ошақтар жөнделді, жаңа театр­лар, концерт залдары, мұражайлар ашылды. Бұған ел бірлігі мен ынтыма­ғының арқасында қол жетті». Қала басшысы бірлік пен татулыққа негізделген Қазақстан жолының баламасы жоқтығын, оны дамытуда зиялы қауым өкілдерінің үлесі зор екендігін қадап тұрып айтты.
Алматыда соңғы жылдары мәдениет саласында қыруар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 2012 жыл «Мәдениет жылы» деп жарияланды. Еліміздің басты сахнасының бірі Республика сарайы қайта жөндеуден өтті, «Алатау» мәдениет орталығы бой көтерді. Еліміздің ең ірі партиясы «Нұр Отанның» Доктринасында төл мәдениетті дамыту, ұлттық құнды­лық­тарды нығайту мәселесіне үлкен басым­дық берілген. Әкім партияның қалалық филиалының Төрағасы ретінде оны мүлтіксіз орындау өзінің басты міндеті екенін атап өтті.
Айтыс – халқымыздың көне өнері. «Нұр Отан» партиясы оны жүйелі түрде қолға алған. Осыған орай, Алматы қаласының әкімдігі Республика сарайында қыркүйектің 20, 21-і күндері өтетін «Азаттықтың алтын бесігі» атты ақындар айтысының ұйтқысы әрі ұйымдас­тыру­шыларының бірі болды.
Әкім Қала күніне орай 25-тен аса мәдени шараның,сонымен қатар «Отырар» оркестрінің концерті, арнайы қойылымдар, «Ғасырлар сазы» ән-күй фестивалі, «Еуразия» және «Шәкен жұл­дыздары» кинофестивалдерінің өтетінін айтты. Ал Қала күнінің басты шарасы – Тұңғыш Президент саябағында өтетін «APLLE FEST» думанды мерекесі. Алматы әкімдігі Мәдениет министрлігімен келісіп, «Алтын домбыра» Республикалық ақтық ақындар айтысын және жыл аяғында Республикалық термешілер мен жыршылар фестивалін, Жазушылар одағымен бірлесіп мүшәйра өткізуді де жоспарлауда. Қала басшысы 2017 жылғы қысқы Универсиаданың Алматыда өтетінін, оның қаланың имиджіне, студенттердің болашағына қызмет ететін ірі жоба екенін, әрі оны ойдағыдай өткізу елге сын екенін айтты.
24-ші қыркүйекте барша Мұсылман жамағаты ең басты мереке – Құрбан айт мейрамын атап өтеді. Қала басшысы ата-бабамыздан келе жатқан діни дәстүрге сай Құрбан айт мейрамының қалада кеңінен аталып өтетінін айтты. Ерекше бір жайт, биыл Алматы әкімдігінің ұйым­дастыруымен тұңғыш рет Құрбан айттың қарсаңында, 23 қыркүйекте Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің ауыл­шаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Мұндағы өнімдер базар бағасынан 15-20 пайызға төмен болады. Көпшіліктің айт дастарханы үшін бұл едәуір көмек екені белгілі.
Алматы әкімінің зиялы қауым өкіл­дері­мен кездесуі барысында ұтымды ұсыныс-пікірлер, игі тілектер де айтылды. Мысалы, бас қосуда алғашқылардың бірі болып сөз алған Қазақ ССР-інің Мәдениет министрі болған Жексенбек Еркім­беков: «Жас келсе – іске» демекші, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан­ның ең үлкен қаласы Алматыға Сізді әкім етіп тағайындағанын құптаймыз әрі құт­тық­тай­мыз. Мен Сіздің музыкаға қатысы­ңыз бар екенін естідім. Сондықтан қазақ өнерінің екі тарланы – қазақ кәсіби би өнерінің падишасы – Шара Жиенқұлова мен қазақ эстрада өнерінің білгірі – Гүл­жаһан Ғалиева туралы ойымды ортаға салсам деймін. Өйткені, бұлардың есім­дері жыл өткен сайын көмескіленіп барады.
Шара Жиенқұлованың атын өзі құрған «Салтанат» мемлекеттік би ансам­бліне, ал Гүлжаһан Ғалиевның есімін қазақ циркі мен «Гүлдер» ансамбліне беру керек. Мен бұл ұсынысты мәдениет­тің тізгінін ұстаған талай басшыға айтқан едім. Бірақ еш нәтиже жоқ. Алматы қаласының әкімі ретінде осы іске ықпал етсеңіз, екі жақұтты мәңгілік есте қалды­рар едік», – деді.
КСРО және ҚР-ның халық әртісі Бибі­гүл Төлегенова: «Құрметті Бауыржан балам, бүгін бәріміздің басымызды қосып, кез­десуді ұйымдастырғаныңа мың да бір рахмет. Құдайға шүкір, сен жас та болсаң, үлкен қаланың әкімісің. Бі­лімің де терең, түрлі лауазымдарды ат­қардың, «Нұр Отан» партиясында бол­дың. Алматыда білегіңді сыбанып тастап жұмыс істей­тініңе сенім­дімін. Біз, мына отырған ата, апаларың саған көмектесуге дайынбыз. Менен үлкен жоқ шығар бұл залда. Мен қазір 85 жасқа толып 86-ға бара жатырмын. Талай қиын­шылықты бас­тан өт­кер­дік, сонда да мойы­мадық. Елбасы­мыз­дың арқасында аспанымыз ашық, еліміз аман. Жекең өте дұрыс айтады. Шара апа­мыз бен Гүлжаһан Ғалиева кез келген құрметке әбден лайық. Олар – қазақ өнерінің іргетасын қалаған жандар», – деді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы әкімді жаңа қызметімен құттықтап, Алматыда тілдік ахуалға ерекше көңіл бөлу керек­тігін алға тартты. Сонымен қатар, ол 2017 жылғы Универсиада кезінде әлем­нің әр елінен келгендер «Алматыдан қазақ елінің қаласына келгендей әсер алып қайтулары үшін түрлі бұйымдарда ұлттық бейнеміз көрініс табуы тиіс», – дегенді айтып, өзінің бірқатар ұсыныс­тарын ортаға салды.
Ал КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов зиялы қауымның басын қосып, ақылдаса білудің өзі тәлім-тәр­бие екенін айтты. «Өнер қашан да ал­да жүреді, анау Американы бүкіл әлемге танытқан оның мәдениеті, әсіре­се, киносы», – деді. Қазақ киносының бүгінгі күні Ресейден кейін екінші орында тұр­ғанын, Шәкен Айманов атындағы кино­фестиваль­дің мәртебесін көтеру жайлы және жалпы кинофестивальдер өткізу туралы өз ойын айтты. Кино мен театр тарланы ұлттық театр құру туралы мәсе­ленің Елбасының алдына қойыл­ғандығы туралы хабардар етті. Мұхтар Әуезов атындағы театр қара шаңырақ әрі ұлттық театр болуға әбден лайық екенін айтты. «Жекеңнің сөзіне қосарым, Сәбира Майқанова мен Қади­ша Бөкеева де ұмыт бола баста­ғандай. Екеуі де Кеңес Ода­ғының халық артистері, бұлардың атында көше де, мемориалды тақта да жоқ. Бұлар – біздің өнердегі мәңгі ұмы­тылмас асылдарымыз», – деп аяқтады сөзін кино мен театр тарланы.
Бұл күнгі кездесуде халық жазушылары мен ақындары М.Айтхожина, С.Досан­ов, И.Оразбаев, С.Сматаев, М.Шаханов, Е.Смағұл, Ш.Сариев, А.Қораз­­баев, Б.Нұр­жекеев сөз алып, ел мәдениеті мен өне­рін, мемлекеттік тіл мен жалпы рухани дү­ниені дамыту жолындағы келелі ой-пікірлерімен, ұтымды ұсыныс­тарымен бөлісті.

Алматы қаласы әкімдігінің
Баспасөз қызметі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір