Түсіме енді шалдуарлау жастығым
18.06.2019
919
0

Жомарт ИГІМАН

Тереземді тамшы қақты

Көңілдерге көрік берген,
Ұнатамын көктемді.
Сол көктемге еріп келген,
Төгіледі көктен нұр.

Тұрақтамай жаныма мұң,
Жадырадым, сергідім.
Көктем нұрын сағынамын,
Сен де күліп кел, күнім.

Тереземді тамшы қақты,
Сен боп келіп тіл қатты.
…Өткен күннен аршып апты,
Көңіл осы ырғақты.

Сыйлаған ем гүлін бақтың,
Әмірімен жүректің.
Жанға жайлы бұл ырғақпен,
Сағынышты жыр еттім.

Жылжып өтер сағым-ғұмыр,
Жастық алыс қалады.
Мазасыздау жанымды бұл
Сен түсінсең жарады.

Көңілде мұзым ерісін

Көктемім, келші тезірек,
Сілкінсін енді қырау бақ.
Жайнасын гүлмен төңірек,
Тырналар қайтсын тыраулап.

Шырқаса көкте тамаша ән,
Оралған құстар жеріме.
Сағыныш көзбен қарасам,
Аймалап сүйген желіңе.

Қуаныш құйсын жаныма –
Қайыңның аппақ бүртігі.
Басталсын енді тағы да
Тынымсыз тірлік күн-түні.

Сіңіріп бойға күн нұрын,
Маужырап, терлеп қыр тұрса.
Жанары жайнап құрбының,
Жасанып гүлдей құлпырса.

Көңілде мұзым ерісін,
Жарқылдап күндер кешейін.
Көктемім – көркем келісім,
Келсеңші, сәлемдесейін.

* * *

Құрсанып жатқан, бекініп,
Көл бетін қымтап ызғардан.
Жарылды сеңі сетінеп,
Арылды айдын мұз-қардан.

Сағынып күннің шуағын,
Қызыл су сүйді жағаны.
Сеңді сел тынбай қуады,
Көл бейне ұрыс алаңы.

Қарғынды сырттан қызықтап,
Қыз-көктем күлді қас керіп.
Жігіт-бұлт оған қызыққан,
Қуаныштан тұрды жас төгіп.

Жан нұрын сезіп көктемнің,
Ашылды бұлттың қабағы.
Қызыл гүл орап бөктерді,
Жасарып маңай барады.

Осы бір сурет мәңгілік,
Тұрақтап қалды көңілде.
Менің де кеудем жаңғырып,
Құштар боп тұрмын өмірге.

Қимастық

Күні кеше ойнақтаған жас құлын,
Бесті болып бара жатыр бел асып.
…Түсіме еніп шалдуарлау жастығым,
Сығалайды ой-жабықтан таласып.

Ақ қанатты арман алдан тосты мың,
Жетемін деп солықтады қос өкпе.
Түсіме енді жасыл пойыз жастығым,
Түсіп қаппын елеусіздеу бекетте.

Тежегішті, ерте-кеш пе, бір қостым,
Егделік шақ, есігіңді аш, қабылда…
Шығарып сап қимастықпен мұң кештім,
Жасыл пойыз, бағытыңнан жаңылма.

Вагон, думан… жылыұшырап көзіме,
Жолда өтіпті жастық кезең, санасам.
Заулап кетіп бара жатқан өзіңе,
Сөкпе мені қимастықпен қарасам.

Доңғалақтың дүрсілімен жарысып,
Соғысы да жиілейтін жүректің.
…Өрекпіген көңіліммен алысып,
Күйбең тірлік күндеріме ілестім…

(Толық нұсқасын газеттің №24 (3658) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір