ТЕЛЕ-ТІЛШІЛЕРДІҢ ТІЛІ
18.06.2019
79
0

Әйелім телеарнада істейді. Сіздер оның сөзін түсінесіздер ме, білмеймін, өзім о баста: «Осы не айтты?» – деп, аң-таң болып жүрдім. Кеше екеуміз жап-жақсы шәй ішіп отырғанбыз.

Несиенің зары ойыма түсіп кетіп:
– Осы біздің несие қашан бітетін еді? – дедім. Сөйтсем:
– Үстіміздегі жылдың аяғында, – дейді. «Дұрыс түсінбей қалдым ба?» – деп қайта сұрадым.
– Үс-ті-міз-де-гі!
– Сонда ол қай жыл?
– Биыл! Биыл бітеді. Не болған саған?
Күйіп кеттім.
– Оны үстімізге шығармай-ақ, биыл деп айтсаң, болмай ма? Сонда өткен жылды не дейсіңдер? Ол да үстімізде ме, әлде астымызда қалды ма?
Жоқ, рас, теледидарды қосып қалсаңыз немесе газет-жорналды ашып қалсаңыз: «Үстіміздегі жылы түсім мол болды, үстіміздегі жылы өйтті-бүйтті», – дейді. Сосын «болып табылады», «келуде, баруда», «дей тұрғанмен», «ой-пікірімен бөлісті», «жұмыс жасайды», «қолжетімді», «жіберіп алмаңыздар», тағы басқа толып жатқан сөздері бар. Сонда бір жерге қонаққа барсаңыз: «Мынау біздің үйдегі келініңіз болып табылады», – дейсіз бе? Әлде досыңа: «Моншаға барасың ба?» – десең, ол саған: «Бағасы қолжетімді ме?» – дей ме? Кино немесе концерт көрсетерде: «Осыны жіберіп алмаңыздар!» – дейтіндері бар. «Жіберіп қоймаңыз» деген сияқты естіледі құрғыр… Сонымен… а, кешіріңіздер, әйелім қоңыраулатып жатыр. Қазір…
– Сізді мұқият тыңдап тұрмын…
– Әкесі, сіз кешігу үстіндесіз…
– Ой, мені қойшы, өзің жылжымайтын мүліктесің бе?
– Иә, көтерме және бөлшек сауда орталығына барып, қазір ғана жылжымайтын мүлікке кірдім. Ал, өзің қайда болып табыласың?
– Мен мына құрып кеткір жылжитын мүлік жылжымай қалып, соны шұқылап жатырмын.
– Қонақтар дер кезінде тиісті орыннан табылып, сен, өкінішке қарай, кешігіп жүрме.
– Олар нешеде келеді деп жоспарланып отыр?
– Кешкі алтыға келеді деп күтілуде!
– Не істеуде?
– Күтілуде!
– Ой, қой, мынауың артықтау емес пе?
– Қай жері артықтау? Теледидардан күнде «күтілуде», «жоспарлануда» деп айтып жүрміз ғой.
– Е, бопты, күтіле берсін. Онда мен де барудамын.
– Айта кету керек, ақыры бәрі келеді ғой деп, бүгінгі күн тәртібіне Бәтіштерді де енгіздім…
– Ойбай, ол бізге кім болып табылады?
– Түу, сен-ақ ұмытасың да қаласың. Ол ана құдаңның туған қарындасы болып табылады ғой.
– А, құдаша деші?.. Дей тұрғанмен ол…
– Иә, иә, құдаша! Ешқандай дейтұрғанмен емес!
– Е, бопты. Мен де жылжу үстіндемін, сізге қарай…
– Әй, әкесі, асықпай, абайлап жүр. Жолда жол-көлік апаты орын алмасын!
– Дәл осыны айтпашы, бәйбіше.
– Әкесі-ау, әкесі, айтпақшы, жол-жөнекей бір мүшек қара алтын ала салшы…
– Не ала сал?
– Қара алтын, яғни көмір ала сал деймін. Монша жаққанға…
– А, иә. Құрсын, шатасып біттік қой. Осы журналистер біртүрлі, қара халық біртүрлі сөйлегенді қашан қоямыз, а?..

Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!