Импрессионист Шарденов
18.06.2019
1207
0

Зухра ЫДЫРЫС,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті 

«Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы, өнертану магистрі

Қазақ бейнелеу өнерінде өзінің дара қолтаңбасымен ерекшеленген суретшілер аз емес. Біз қайсыбір суретшіні еске алсақ та, оны өзіне тән айқын мәнерімен айшықтауға тырысамыз. Шығарма­шылығы шыңдалып, халық тарапынан қолдау тапқан суретшілердің де соңынан ерер ізбасарлары көп болмақ. Алайда бүгін тілге тиек етіп отырған суретшіміз талантымен, дарынымен халық ықыласына бөленгенімен, бүгінгі таңда оның мол мұрасын, дара қолтаң­басын, көркемдік дүниесін өз шығармашылығына арқау етіп, ізін жалғаған жас өрендер жоқтың қасы.

Көктем

Жаңатай Шарденов жастайынан өмірдің кермек дәмін ерте тартқандықтан болар, еңбекке ерте бейімделіп, жан-дүниесінің шерін табиғатқа тарқатып, табиғатпен ғана сырласып үйренеді. Тұмса табиғатқа тумысынан жақын болуы оның кейінгі шығармашылық бағытын, негізгі көркемдік нысанын анықтап берді десек те болады.
Жаңатай Шарденов 1927 жылы қазіргі Ақмола, бұрынғы Целиноград облысының Ковыленко ауылында дүниеге келген. Жасы он үшке жеткенде әкесі, бір жылдан кейін анасы дүниеден озып, оң-солын тани бастағанда тұл жетім қалады. Ержеткенше болашақ суретші көкесінің қолында тәрбиеленеді. Суретшінің ұлы Бақыт Шарденовтің айтуынша, оның суретші болуына сол кездегі республика бойынша сауатсыздықпен күрес үшін жүргізілген ең үздік сурет конкурсы тікелей себепші болған екен. Осындай іс-шараға қатысқан Жаңатай Шарденов Чапаевтың суретін салып, қызыл түсті матамен марапатталады. Аталмыш комиссияның мүшелері оған білімін кәсіби түрде жалғастыру үшін Алматы қаласындағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне жолдама береді. Ауылда өскен қара домалақ бала орыс тілін жетік білмегендіктен, бір жыл тыңдаушы болып жүреді. Дегенмен, еңбекқорлығының, ізденімпаздығының арқасында 1949 жылы осы оқу орнын үздік бітіріп, Ленинградтағы И.Е.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтына жолдамаға қол жеткізеді. Осы жолдаманың арқасында екі жыл тыңдаушы болып білім алған ол кәсіби шеберлігін арттырып, Эрмитажда орналасқан жауһар туындылармен сусындап, өресін кеңейтіп, 1955 жылы елге оралады.
Алматыға оралған сәттен бастап Жаңатай Шарденов шығармашылықпен қызу айналысады. Бұл – Кеңес өкіметі билігінің дәурендеп тұрған шағы. Өнер мен әдебиет осы саясатты насихаттаудың ең тамаша құралы болатын. Сондықтан мәдениеттің барлық саласына цензура мықтап бекіген еді. Ал, бейнелеу өнері «формасында ұлттық, мазмұнында соцреалистік» деген ұранды желеу ете отырып, көптеген суретшілердің шығармашылығына ашық түрде нұсқау жасады. Кескіндеме мен мүсін саясаттың осындай қитұрқы амалдарынан тыс қалған жоқ. Тек Ж.Шарденов өз шығармашылығын осындай саясаттан тыс дамыту жолында пейзаж жанрына басымдық беріп, туған жерінің көркем табиғатын, тамаша көріністерін үлкен махаббатпен, кең жүрекпен кенеп бетіне түсіре бастайды.
Жаңатай Шарденов – қылқаламы сырлы бояуға тұнған теңдессіз пейзажист суретші. Ел тарихында есімі ерекше аталатын дара тұлға. «Шығармашылығының алғашқы кезеңінде ол кенептеріне «Шарден» деп қолтаңба қалдыратын», – дейді көзін көрген қатарластары. Бұған себеп – суретші тегінің француздардың ұлы суретшісі Симон Шарденмен ұқсастық табуында еді. Аттары ұқсас болғанымен, олардың шығармашылықтары мүлде дара қалыптасады. Ж.Шарденов шығармашылығы өз кезінде қоғамнан лайықты қолдау таппағанымен, кейінгі ұрпақ мойындап, әділ бағасын берген болатын. Біршамасы «батысшыл» деп кінә артса, енді бірі академиялық мектептің дәстүрлерін сақтамағанын сынға алды. Замандастары Жаңатайды бірде постимпрессионист Ван Гогке теңеп жататын. Бұған оның ерекше жазу мәнері себепкер еді. Бояуды кенепке өте қалың етіп жаға отырып (қою әрі қалың жағылуы үшін майлы бояуға гипс ұнтағын қосу арқылы эксперименттер жүргізді. Ол отандық бейнелеу өнерінде эксперимент жасап, батылдық танытқан алғашқы суретші болатын, онда қылқаламның айқын іздерін түсіру арқылы рельефті кескіндеме жасап, жарық пен көлеңкенің үйлесуінен оларға үздіксіз динамикалы қозғалыстың әсерін беретін. Пастозды бейнелеу мәнері және фактуралы бедерлі кескіндемесі оны постимпрессионист суретшілермен осылайша жақындастырады.

«Ағаш түбіндегі үй». 1973 ж.

Бүгінгі өнертанушы ғалымдар суретшіні түстану, табиғатты етене зерттеу ерекшелігіне қарай импрессионист суретшілер қатарына жатқызады. Пастозды жазу мәнері болмаса, Шарденов табиғаты импрессионист суретшілерге біртабан жақын. Өйткені, оның кенептеріне этюдтік, плэнерлік сипат тән. Суретші, тіпті, өз кенептерінде кеңістікті, тереңдікті зерттеуге айтарлықтай құмартпайды. Ол үшін түс, жарықтың әсерінен құбылған түстің мың түрлі реңктерін зерттеу жақын болды. Кенептерінің көлемі плэнерлік этюдтерге арналып шағын етіп алынатын. Яғни, суретші үшін сюжет, оқиға желісіне қарағанда осы шағын көлемдегі этюдтік сипаттағы пейзаждар арқылы үздіксіз қозғалыстың, шексіздіктің әсерін жеткізу маңыздырақ еді.
Жаңатай Шарденов шығармашылығына жалпы этюдтік сипат тән екенін атап кеттік. Дегенмен, 1970 жылдарға дейінгі және кейінгі кенептерінен суретшінің жазу мәнерінде, түстік шешімінде айтарлықтай айырмашылықтар бар. Мысалы, 1970 жылдарға дейін ол С.Мамбеев секілді ашық түстерді жиі пайдаланып, көп фигуралы этюдтік характердегі кеңістікті анықтауға арналған туындылар жазады. Бұл кенептерінің басым көпшілігі Алматы қаласы орталықтары мен көшелерінің көктем және жаз мезгілдеріндегі көрінісін кескіндеуімен ерекшеленеді. «Қала пейзажы», «Өндірістік пейзаж», «Қысқы пейзаж», «Алматы. Абай ескерткіші» және т.б. жұмыстары осы кезеңдегі көркемдік мәнерімен айшықталған. Суретші қаланың тыныс-тіршілігін, табиғаттың сұлулығын кескіндемеде түс арқылы жеткізуді басты мақсат етеді.
Ал, 1980 жылдардан бастап кескіндемеші көпшілікке танымал болған өзінің дара қолтаңбасына көшеді. Мұнда бірінші байқайтынымыз – түстік шешім мен бояуды кенепке жағу мәнері күрт өзгереді. Бұрында пастозды жағу мәнерімен ерекшеленетін Шарденов қолтаңбасы енді рельефті сипат алып, құдды бір мүсіндік кескіндеме секілді көріне бастайды. Түстері де қоюланып, қарая түседі. Енді ол пейзаждарында кеңістікті, ауалық атмосфераны, табиғат жағдайын емес, бір түстің өзара әрекеттесу барысында бірнеше реңкке құбылу ерекшелігін, қою әрі қараңғы түстердің тылсым құпиясын зерттеуге көшеді. Этюдтерді фрагментке айналдырған ол бедерлі қалың жағу мәнеріне көшеді. Сол фрагменттердің өзін бояу жағыстарының ізінен пайда болған белгілі бір формаға айналдыра отырып, үздіксіз, шексіз қозғалысқа түсіреді. Оның «Қысқы пейзаж», «Алқаптағы заводтар», «Алатаудың әсем таулары», «Сирень», «Кешкі Медеу», «Горький паркіндегі кафе», «Қысқы шыршалар» және т.б. жұмыстары осы кезеңге жатады.
Жаңатай Шарденов осындай ерекше қолтаңбасы арқылы өзіндік танымын, философиясын ұсынады. Ол табиғатты, ондағы жарықтың қатынасынан өзгеріске түсіп құбылған түстерді немесе табиғаттағы әртүрлі жағдайды жеткізу емес, тынымсыз, ұдайы қозғалыста болатын тірішіліктің, өмірдің табиғатын кескіндеу еді. Бір ғана түстің бірнеше реңктері арқылы өмірдің жағдайын бейнелеу болатын. Бедерлі жағыстары арқылы өмірдің жарқын және көлеңке тұстарын айқындау деп түсінуге де болады. Теориялық тұрғыдан қарағанда, осы экспрессия, мазасыз жағыстар, бедерлі іздердің көлеңкесі арқылы тіршіліктегі қозғалыстың имитациясын жасауға тырысса керек. Жаңатай Шарденов шығармашылығы бүгінгі ұрпаққа тек қана дара қолтаңбасымен емес, туындыларының ішкі энергиясымен, түстік және дүниетанымдық көзқарасымен құнды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір