«ХАН ҚҰДЫҒЫН» КӨРДІҢ БЕ?
17.06.2019
1171
0

Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитек­туралық-этнографиялық музей-қорығында Жәңгір хан қаздырған, Хан Ордасын сумен қамтамасыз еткен «Хан құдығы» мен «Ханның мөрлі жүзігі» қайта қалпына келті­ріліп, пайдалануға берілді. Бұл жұмыс Бөкей Ордасын зерттеу­шілер мен туристер­дің қызығушы­лығын туғызады деген сенім бар.

Жәңгір хан құ­дығының қай­та қалпына келті­рілген нұсқасы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­­вер­ситетінің про­фессоры, этно­граф ғалым Т.Қар­таеваның же­текшілігі­мен жасалды. Хан құдығының құр­­саулы ағаш шеле­гінің сабын, су ішетін сапты­аяғын қайта қал­пы­на келтірген – ағаш шебері, Т.Жүр­генов атын­дағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының Сәндік қолданбалы өнер кафедрасының аға оқытушысы, реставратор Мақсат Мағзумов.
Қазақ жеріндегі ежелгі қала-қоныс­тардан табылып жатқан құдық іздері, дәстүрлі қазақ ауылының бір бейнесі іспетті көне құдықтар байырғы халықтардың гидротехникалық білімдер жүйесінен ғана емес, құрылыс ісі білімінен де мәлімет береді.
Дәстүрлі әдіспен құдық қазу жүйесі сақталған аймақтың бірі – Бөкей Ордасы. Бөкей Ордасында дәстүрлі құдықтың қабырғасын шегендеудің үш түрі қа­лып­тасқан: тал (шілік) буманы орай оты­рып, спираль түрінде өріп шығару; тал шыбықтарынан шарбақ жасап, төрт бұрыштап бекіту; қарағай ағаш кесін­ділерімен төрт бұрыштап немесе бес бұрыштап қалап шығару.
«Хан құдығы» атанып кеткен Жәңгір ханның құдығы жергілікті қарағай аға­шынан сұрыптау әдісімен, 1827 жылы Жәңгір сыздырған карта-схема негізінде бұрынғы орнынан қайта жасалды. Жәңгір хан Хан сарайының құрылысымен бірге екі құдық қаздырған. Хан құдығының суы Нарын құмдарының табиғи суының дәмін жоймаған, мөлдір, тұнық әрі тұщы. Қарағай ағашы адам ағзасына пайдалы, қарағайдың пайдалы қасиетін қазақ халқы «балқарағай» деген теңеумен жеткізген.
Қазіргі таңда Қазақстан музейлерінің көбінде су сақтауға, су ішуге арналған ыдыстар саны шектеулі, кей музейлерде мүлдем жоқтың қасы. Әсіресе, көне ше­лек, тері шелек, мес қауға, тері қауға сияқ­ты теріден жасалынған сыйымдылығы үлкен шелектердің мүлдем сақталмауы, олардың тарихи реконструкциясын шығару мақсатын алға қояды. Музей қоры үшін тапсырыспен жасалған ағаш шелектің қайта қалпына келтірілген нұсқасы – осы мақсаттың нәтижесі.
«Хан Ордасы» кешеніне Бөкей ханның мөрінің (1812-1815), Шығай сұлтанның мөрінің (1816-1824) қайта қалпына келтіріл­ген нұсқалары тапсырылды.
Өз кезегінде осынау жәдігерлер мен көненің көзі болып табылатын рухани және материалдық құндылықтар облыс көлемінде туризмді дамытуға септігін тигізеді деп күтілуде.

Г.МЫРЗАҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облыстық
«Хан Ордасы»тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық
музей-қорығының ғылыми
хатшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір