Ауыл айтқыштары
13.06.2019
1594
0

Советхан Қалиғожин

Қалжыңдары қатты, бірақ тәтті

Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Теректібұлақ ауылында бір жылда, бір күнде өмірге келген Саябай, Шақарбай деген құрдастар болды. Сол кездегі жастары алпыстың ішін аралап кеткен. Екеуі де суырыпсалма ақын. Әсіресе, Саябайдың ақындығы керемет. Жұрт оны Жамбылға теңейтін. Шіркін, Жамбылмен айтыстырса ғой дейтін. Амал қанша, кедейшіліктің тауқыметін тартып, қартайғанша колхозда жұмыс істеді. Оның талантын бағалап, елеп-ескерген пенде болмады. Керісінше колхоздың, жергілікті үкіметтің шолақ белсенділері Саякеңді жақтырмады. Оның тура мінезінен, тіліп түсетін өткір тілінен жасқанды, ел ішіндегі беделінен үрейленді.
Саябай мен Шақарбай қатты қалжыңда­сатын. Ел аузында бүгінгі күнге дейін ол кісілердің қағытпа сөз, өлеңдері айтылып жүр. Бала кезімде ақсақалдардың жандарында жиі болатын едім. Сөз қағысуларын да естідім, жиған-тергендерім де бар. Бүгін солардың шет-жағасын шығарып, оқырмандардың назарына ұсынып отырмын.


Кетті ғой, бата бермей!

Саябай құрдасына мәсі тігіп жүр екен, соны алуға шақыртады. Сол кезде дастархан жайылып, шаймен бірге сарымсақтап, бұрыштап пісірілген ағаш табақ толы буы бұрқыраған тұшпара келеді. Саябай шайдан кейін: «Шәке, естіген шығарсың, бір тентек текемді сойған едім. Соның етінен дәм татқы­зудың реті бүгін келді, тәбеттене жегеніңе рахмет, бата жаса», – дейді. Шақарбай не дерін білмей, үн-түнсіз шығып кетеді. Саякеңнің де іздегені сол, оған еріп келген Тоқтарбайдың көзінше бірер шумақ өлеңді тастап жібереді:
Қонақ қылып Шәкеңнің жүзін көрдім,

Ғалым СМАҒҰЛҰЛЫНЫҢ карикатурасы

Тұшпара ғып текемнің етін бердім.
Шыртылдақ майға малып тойып алды,
Өзі екен қайтпас қайсар, нағыз ердің.

Құрдасым сүйсініп ет терлей-терлей,
Жеді де ұшып тұрды қолын сермей.
Қай шайтан түрткіледі түсінбедім,
Кетті ғой, дастарханға бата бермей!


Ауылдың қожайыны туысқаның

Түс кезі болатын. Саябай бағып жүрген ауылдың меншік сиырларын Мәжібай түбегіне енгізді де, өзі шай ішуге ауылға тартты. Алдынан тор биесін жайтаңдатып, Шақарбай шыға келді. Құрдасының шарша­ған жүзіне қарап:
Мінгенің қотыр-қотыр, арық торы,
Өзі жауыр, бес елі маңдай соры.
Жайыңды басшыларға неге айтпайсың,
Сен бе едің осындағы елдің қоры?!

Шаруашылық басшысы Шақарбайға бәйбішесі жағынан ба, әйтеуір жақындығы бар деседі. Саябай соны меңзеп:
Ауылдың қожайыны туысқаның,
Бірі сол, кеуде тұсы қуыс жанның.
Анада жұрт көзінше бет жыртысып,
Есіңде ме онымен ұрысқаның.

Сол кезде мен өзіңді жақтап едім,
Сені ақтап, оның ісін даттап едім.
Ал дейді, енді сенің тор жорғаңды,
Кейпі жоқ деген маған ат беремін.

Шақарбай ләм-им демей, тор жорғасын жайтаңдатып зып береді. Саябай ұялғаныңа көрінсін деп, үйіне кетеді…

(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір