Сайлау
13.06.2019
51
0

Георгий Гребенщиков

(Қырғыз өмірінен очерк)

Георгий Гребенщиков – (1883-1964) – ХХ ғасырдың басында қазақтар (қырғыздар) жайлы жазған жазушылардың бірі, көрнекті қаламгер. Ол Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданында дүниеге келген. Автор бұл очеркінде қазақ даласындағы сайлау науқанының қалай өткені жайында баяндайды.

І

Сайлау – әрбір үш жылда бір рет өткізіліп тұратын, болыс сайлай­тын, қырғыздардың түгел қа­тысатын дүрбелең жиыны.
Сайлау – дархан даланың ұлы салтанаты, кейде тіпті айдан аса созылатын, үш жылда бір айналып соғатын жалғыз ғана ұлттық мерекесі деуге болады. Сайлау өт­кізу үшін жайлауға, яғни бал­ғын көктемде жұрт көшіп баратын жерге бүкіл уезд басшылары жиналады. Және де өздерімен бірге олар бүкіл отбасы, тіпті өз қонақ­та­рын да ала келеді, өйткені сай­лау­дың сахналық қойылымынан басқа далалық өмірдің екі-үш ап­таның ішінде оларға берері аз ем­ес: кеудеңді кере тыныс алдыратын саф ауа, сәнді киіз үйлер, бал татырлық сары қымыз бен ас та төк асылатын қой еті мен қырғыздардың өздеріне ғана тән қонақжайлылық мінез.
Сайлауға уездік және кеңсе ісін жүргізетін шаруа бастық­т­а­рымен бірге салық инспекторы мен оның көмекшісі, қаптаған ад­вокат­тар, хатшылар мен тіл­маш­тар, сайлаудың дақпыртымен өздерінің тиімді шаруаларын тындырып алатын бай коммерсанттар, басқа да танымал, беймә­лім «тақсырлар» да молынан жиналады. Мен тіпті қырғыздардың барлық сән-салтанатымен үдере келетін айтулы байларын ауызға алып отырған жоқпын.
Биылғы сайлау июнь айының он бесінші жұлдызында басталды. Міне, осы уақыттан бастап, Өске­мен­нің базарында, тіпті бүкіл қа­ла көшелерінде тап-тақыр етіп қыр­ғызған бастарына киген малақайларының құлақжабарла­рын артына қайыра байлап алған, сәнді киінген топ-топ салт атты қырғыздар көбейе бастады.
Әр-әр жерде көздері шырадай жанған топтанған салт ат­тылардың құпия әңгімелері молайды. Мәселе мынада: болыстық старшындыққа сайлануға құлық­сыз баратын, сайланудың өзін би­лікке мойынсұнудың бір түрі ре­тінде қабылдайтын орыс шар­уала­рының салтына қарағанда қырғыздар мұндай лауазымға сай­лануды үлкен дәреже, мақтан көреді, сондай-ақ әрқайсысының өз есебі өзінде – пайдакүнемдік мақсаттары да болмай қоймайды. Сондықтан сайлау дегеніңіз еш­кім­нен именбейтін үгіт-насихат­пен жымдаса жүреді. Бұл кезде адам­ның әрбір басы есепте. Басқа уақыттарда бар-жоғы белгісіз көптеген қара малайдың сайлау кезінде бағасы артып, көпшіліктің көз алдына шығады. Үміткерлер­дің тағайындап қойған жігіттері олармен сыпайы ғана амандасып қоймайды, әр малайдың қолына не кірпіш шай, не болмаса жарты кез шыт ұстатып кетеді, тек ол мұның айтқан үміткері үшін дауыс берсе болғаны. Өзіне көрсе­тіл­ген мұндай «құрметтен» кейін жаңа­ғы жалшы өз шаруаларының барлығын ысырып қойып, үстіне «бір киер» бешпетін іліп, аяқ артар жалғыз атына мініп, сайлауға қар­ай шабады. Мұндайда ол өзгеріп, өз көзіне өзі іріленіп, сыйлықты кімнің адамы берсе де мейлі, өзі­нің көңілі кімге ауар болса, соған дауыс беруге бекініп шығады.
Біз Зайсан тасжолының бойын­дағы Ертістен өтер паром өт­ке­лінде бір қызу көріністің куәсі болдық. Екі салт атты қыр­ғыз ауылдан шығып, бір шұғыл хабармен өз болыстарына кетіп барады екен, ал басқа бір үш салт атты әлі ауыса қоймаған бұрынғы болыстың үстінен оның беделін түсіретін шұғыл шағыммен жолға шыққан екен. Қырғыздардың екі тобы да бір болыстың аумағынан болғанымен, екеуі өзара қарсылас екі партиядан болып шықты. Жан­жал паромға мінер кезден бас­талды. Арызшылар қалайда ха­баршы топты бұл паромнан қалдырып кетуге тырысты. Паром қайта айналып келгенше өтетін жарты сағаттың ішінде олар дітте­ген жерлеріне алдымен жетіп, болыстың қолдауға болмайтын жаман қылықтарынан елді құлағ­дар етіп қояр еді. Бір-бірінің шаруаларынан алдын ала хабардар екі топ аз-кем салғыласудан кейін дойыр қамшыларына ерік беріп, аттарын борбайлап, паромға шауып кірді. Бірінің үміткерін бірі жамандап, айғайласа жүріп қам­шы сілтескен бесеуді паромдағы­лар әзер дегенде ажыратты. Паромнан түсе салып әлгі екі топ ен­ді астарындағы аттарының тіз­гін­дерін босатып, бәйгеге қосыл­ғандай шаба жөнелді. Біраздан соң екі топтан мәстек мінген бір-бір адам кейіндеп қала берді. Олар же­ле жортқан бізбен қатарласа жүр­генімен, боқтанып, аттарын «шу-шулеп», тебініп, мазасызданып келе жатты…
Көз байланып, жер бетін қа­лың нөсер алдындғы қою қараң­ғылық баса бастады. Аттар алдын көрмей, жолдан шығып кете бастаған соң, амалсыздан, жолаушылар аяңға көшті.
Бақталас қырғыздар да біздің қатарымызда. Жол-жөнекей орыс тілін әжептәуір білетін біреуін әңгімеге тарттық. Оған ол қуанып қалды, әсіресе арадағы өзара әңгі­мені қарсыласының түсінбей­тін­дігін табалап, соған көбірек қуанғандығы көрініп тұр.
Ал, оның есесіне, бізді қар­сыла­­сынан қызғанған екіншісі маған қайта-қайта: «Не айтасыз, бай, айт?!» – деп жаныма үйіріліп болмады.
Мен оны тыныштандырып, әңгімені күнделікті тіршілікке бұрып, өзім қайтадан сайлаудың әңгімесіне құлақ түрдім.
Үш күн бұрын Қызылсу өзені­нің бойындағы бір алаңқайда осы сайлаудың ұшығымен кәдімгідей қанды қырғын болған көрінеді: сойылмен қаруланған үш жүздей жігіт бірнеше сағат бойы соғыс са­лыпты. Алты адамды өлімші күй­де алып кетіпті де, үшеуінің басы жарылыпты.
Ал бұл қақтығыстың себебі былай екен.
Болыс болып отырған Оралбек – жақсы, мейірімді, бай адам. Ол өзгелер сияқты кедейлерді қыспайды. Осы сайлауға ол үш мың рубльден аса қаржы жұмса­ған, оның сыртында келгендердің тамағына деп қаншама мал сойылып, қаншама шығынға батты. Ал енді бұған дейін де бір мәрте болыс болған, осы жолғы сайлауға өзінің кандидатурасын тағы ұсынып отырған Ақатай болса – өзі ақ­сүйек тегінен болса да, тым па­рақор адам екен. Тіріден ғана емес, тіпті өлген адамнан да пара алатын адам. Пара алып, ұрыларды жасырады, бастықтардың аузын жабады, содан барып тұрмыс нашарлайды. Ол тым бай емес, егер оған алтын өндіруші татар Мусин көмектеспесе, ол Оралбекке қар­сы­лас бола алмас еді. Ал Мусиннің де өз көздегені бар: оған өзінің қыңырлығы мен еркелігін көтере бермейтін Оралбектен құтылу керек. Ал енді Ақатай болса, Му­син­ді әрдайым қолдайды: берешектермен дау туғанда, жұмыс­шылармен тиімді шарт жасауда, алтыны мол жерлерді өз меншігіне алуда. Міне, сондықтан да татар байы осы жолы сайлаушылардың дауыстарын сатып алуға, сый­лыққа берген тауарларын есептемегенде, жеті мыңнан аса рубль жұмсап отыр.
Сондықтан да Ақатай жағын­да­ғылар сайлаушыларға Мусин­нің ақшасы мен шіріген тауарларын тықпалап, жан-жаққа шап­қылап, сайлаушылардан да­уыс жинап жүр. Ал енді өз пар­тия­ла­рының әлсіреп бара жатқанын көрген Оралбек жағындағылар ашық айқасқа шыққан.
Әрине, жеңіске әлі ешкім жеткен жоқ, бірақ партиялар арасын­дағы күрес пен өшпенділік күн сайын өсіп келеді, онымен бірге бүкіл болыстықтағы қан мен ақыл­дың алмағайып алмасуына қарай әрбір дауыстың бағасы да көтеріле түсуде.
Егер екінші жолаушы орыс тілін білген болса, біздің әңгі­ме­мізге көптеген өзгерістер енгізер еді, бәлкім оның айтуы бойынша жексұрын болып шығатын Оралбек болар ма еді…
Лирикасын алып тастап, сай­лау­дың прозалық астарын түсіну үшін қарсылас екі партияның қырғи қабақтығы туралы айтыл­ған осы алдын ала деректердің өзі де әбден жеткілікті еді.

ІІ

Ал партиялар арасындағы өш­пенділік пен қақтығыстар Сібе бо­лысында ғана емес, басқа жерлерде де болып жатты. Кейбір болыстарда үш-төрттен партиялар құрылып, әрқайсыларының қол­даушы-шабыттандыру­шы­лары мыңдаған рубльдерін шығындап, дауыс жинап, сайлаушылардың алдында, әсіресе қаладан келуін асыға күтіп жүрген ұлықтардың алдында өздерін барынша жарнамалап қалуға тырысып, ала­шап­қын болып жанталасып жатты…

Орыс тілінен аударған
Айтмұхамбет ҚАСЫМОВ

(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!