«Қош бол, Қараой!»
13.06.2019
1771
0

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,
ақын

Күні кеше Атырау қаласы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасында Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесінің желісімен «Қош бол, Қараой» спектаклінің премьерасы өтті. Өткен ғасырдың екінші жартысында жазылып, ХХІ ғасыр сахнасына талантты режиссер Мұқанғали Томановтың өңдеуімен жарқ еткен бұл шығарма – белгілі жазушының классикалық туындыларының бірі де бірегейі. Жазушының қиырдағы Қаройды көзбен көргендей суреттеп, батырдың ішқұса халін қапысыз бейнелеуі кезінде оқырманнан өз бағасын алған болатын. Ал, кешегі біз көріп шыққан Қараой қасіреті – соншама таныс та бейтаныс, терең де тылсым, сұлу да сұсты.

Махамбет!.. Өрлік пен ер­лік­­тің ғана емес, өкініш пен жал­ғыз­дықтың да синониміне айналып кеткен құдіретті есім. Азуын айға білеген қайран ердің ең соңғы де­мі үзілетін сәтінде күн тұтылған деседі… Ең әуелі көрермен сахнадан алып қызыл күнді, ақ пен қара алмасқан алмағайып шақ­тың белгісіндей аспанды көреді. Жарым көңілдің жаршысындай кебеже мен текеметтің қиғаш кесілген үшкір бұрышы қанжардай суық заман келбетін білдірсе, кебеже ішінен көрінген шам жарығы жүрек түкпірінде әлі де болса сақталған жылылықтан хабар беретіндей. Жалпы, спектакль абстракцияға құрылған. Махамбеттің көрген түсінің өзі сол бойында сахнада тіріліп, барша жан­сызға жан бітіріп, алапат бір күй­ге бөлейді. Сөйлемей тұрған бір деталь жоқ. Ақталмай тұрған ар­тық қимыл жоқ.
«Махамбеттің басын шап­қан­да, қаны кісі бойынан асқан…» Күйік қысқан кейуана Әуестің замана қылмысы болған жерге иінағашпен шелектеп құм тасыған әрекетіне қарап отырып, ешқашан жазылмайтын, үнемі қанталап тұратын ескі жараң солқылдап қоя береді. Екі дүниеде кешіруге болмайтын сұмдық опасыздық дәл сол күнгідей, осыдан жүз жет­піс үш жыл бұрынғыдай кеу­деңді кекке толтырады. Ол – ақын­ның өлімі. Режиссердің айт­қысы келгені де – осы. Қараой дертінің жазылмағаны – ғасыр ауысқан сайын жаңа тұрпатпен қайталанып тұратын құрбандық. Заман өзгерді! Қылмыс біреу!
Махамбеттің алабұртқан көң­іліне демеу болар үміт аз. Жа­пан­дағы жалғыз үй, қауқарсыз Әуес, қаршадай ұл… Сосын, естелігі ға­на… Ол құрғырың да түсінен шошытып оятады. Түсі сөйлейді. Ол жан серігі Исатай болып көрінеді. Біресе жаңағы ақ пен қара алмасқан алып қақпа – ол дүние мен бұл дүниенің есігінен шейіт кеткен сарбаздарымен бір­ге айбарлана енеді. Біресе үсті-ба­сынан құм саулап, қара жердің қойынынан түрегеледі. Махамбет оған жалғыздығын шағынады. Сегіз жылғы сергелдеңнің азабын айтады. Ал, ол… Оны бұл дүниенің қай­ғысы қызықтырмайды. Өкі­ніш­­пен өлген есіл ел көрінде де тісін қайрап жататындай. Ма­хам­беттің ұйқысы тынышсыз. Сірә, ұйқы деуге келмес… Көзін жұмса, өзі аттағалы тұрған бақи әлеміне енеді. Бұдан бір жыл бұрын ғана опат болған Жәңгір кірді түсіне. Екеуінің арасын алаулаған қызыл жібек айқыш-ұйқыш кесіп жатыр. Сірә, екі бірдей алыптың арасын ажыратқан мүдде қайшылығы шығар, өсек пен есеп шығар… Ба­тыр­дың тірлігінде «ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең бол­мас» деп бітіспеген замандасына көңілі жібір емес. Исатайдың өлі­мінің өзі жүрекке мәңгі қан қа­тыр­ған. Ал, Жәңгір татулыққа шақырады. Өйткені, онда, мәң­гілік әлемінде өкпе-араздыққа орын жоқ қой. Ол сызықтан әне-міне аттағалы тұрған батыр қа­ба­ғын бермеді. Тек, Жәңгір көзден ғайып болғанда ғана баяғы бұлтсыз кездеріндегідей «Жәңгір! Жаһангер!» деп ышқына ша­қыр­ған еді…

(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір