Халың қалай, қарт «Жұлдыз»?!
24.10.2015
3016
1
(Жалғасы. Басы өткен санда)
62301_1454176956_____________-2015-8
«Іле мен Қаратал» романы сонар та­қы­рыпты қозғамаса да, өзіне дейін көп жазылмаған, жазылса да бір қайнауы ішінде, атүсті жазылған отырықшылық мәселесін қозғайды. Шынына келсек, отырықшылық та қазақ өміріне келген үлкен бір дүрлігіс, өзгеріс, тіпті қазақ психологиясына үрей туғызған құбылыс еді. Жатақтарды Әзімбай, Тәкежандар «Атаңа нәлет, атаңда жоқ жаман ырымды бастап, жер қазғаны несі» деп сабамап па еді. Ал сығандар жер қазған адамды өлім жазасына бұйырыпты. Отырықшылық өмірдің пайдасы мен қажеттігін ең алғаш жазған Ыбырай Алтынсарин («Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесі) десек болар. Одан соң отырық­шылықты да, орыстармен достық­ты да қолдап жазған Ғабит Мүсірепов («Ұлпан»). «Орыстың бізден алары көп, бірақ берері де аз емес». «Мен «орыс» сө­­зін қазақтың үш сөзімен түсіндірем: орыс – ұрыс (жауынгер), орыс – ырыс, орыс – дұрыс (турашыл)» деген еді Ғабең. Орыс бізге қаншалықты ырыс пен дұрыс болғанын қайдам, әйтеу ұрыс болғаны рас болды. Егер Ғабең қазір тірі болса, осы сөзін айтар ма еді, айтпас па еді… Әр кезеңді сипаттаған жазушылар сол кезең көсемінің бейнесін жасап кеткен. Ал Ұзақбай болса, отырықшылықты барша сипатымен суреттей отырып, оның көсемі Жәлменденің тұлғасын сомдады. Бұрынғы жазушылар ел соңына еретін, сөзін тың­дайтын, тар жерде сөз, талқы жерде топ бастайтын көсемді батырақ-құлдан шы­ғарса, Ұзақбай бай-болыстан, би тұқы­мынан шығарды. Бұл да бір жаңалық. Ұзақ­бай отырықшылық кезеңді револю­ция­лық жолмен емес, эволюциялық жол­мен сипаттайды. Сондықтан нанымды. Жәлменде – Абай тұстас адам. Абай орыс­тан рухани дүниені еншілегісі келсе, Жәлменде материалдық дүниені игергісі келді. Ол уағызбен шектелмеді. Өзіне қараған, өзінің сөзі жүретін ағайынға, Іле мен Қаратал өңіріне:
– Уа, халқым! Әр заманға – бір сұр­қыл­тай. Би бабаларымыз айтқан екен «Бо­ларыңда болып өт, боз жорғадай желіп өт, болмасыңды білген соң, болған ердің қосын жек» деп. Бұл да бір өнерлі, еңбекшіл жұрт секілді. Қосын жек де­мей­мін, қатарына теңелейік. Атасы басқа, иті қара қасқа, аузы түкті кәпірге жерімізді бастырмасақ керек еді, амал жоқ, көндік. Қарсыласуға әл жете ме, бас сауғаға ар жете ме? Енді не де болса, мұның білгенін білуге ұмтылыңдар! – дейді, – мал – бір жұт­тық. Жайлау-қыстаудың арасында жөңкіле көшуді сән көретін заман кетті, – дейді. Қазақ қашан жұдырықтай жұ­мылу­шы еді. Сонда Жәлменде өз руының ақсақал-қарасақалын ертіп, матай-найманның байы Маманға қонаққа барады. Ертеден отырықшылықты, сауданы кәсіп еткен Маман бұл күнде исі қазақ да­ласы түгіл, орыс, қытайға танымал бай. Маман байдың тұрмысын көрген көш­пенді қазақтардың есі кетеді. Жып-жылы сәнді ағаш үйлер, қысқы пеш, тазалық, сән-салтанат. Базар, монша, мешіт, медресе, қолөнершілер, кәсіпшілер. Егін, көкөніс, бал шаруашылығы. Маманға қараған жұртта бір кедей болмайды. Ал­да-жалда біреу бала-шағасын аш етіп отыр деп естісе, Маман әлгіні шақыртып алып дүрелеп жазалайды екен. «Жал­қау­лық­тан арыл, кәсіп қыл» деп көндіреді екен. Елін анда-санда аралап тексеріп тұ­рады екен. Өзі ғана байымай, елдің қа­мын да ойлаған Маманның қоластында біреуді біреу құлдану, қорлау деген болмапты. Маман «Менде құл жоқ, ұл ғана бар» депті. Таңданған Жәлменде «Мұндай тұрмысқа қалай жеттіңіз? – дегенде, ол: «Егін салу мен сауда жасау арқылы», – депті. Қыс­қасы, Жәлменде қоластына қараған елін отырықшылыққа көндіріп, иландырып көзін жеткізеді. Осының арқасында сол өңір қазақтары да тұз қа­зып, темір қорытып, тері илеп, аң, балық аулап, ағаш үй салып, егін егіп, көкөніс егіп, құс өсіріп, тіпті дәрі шөптер қайнатып, өздерін-өздері емдей бастайды. Бірте-бірте мектеп қажеттігін сезінеді. Мамандай бай болмаса да, жеті ағайынды жұт­тан, аштықтан құтылады.
Ұзақбайдың тағы бір ерекшелігі – жер бедерін, табиғатын жетік білуі. Кем­шілігі – логикалық, стильдік қателері бар. Біріншіден, романның аты затына сай емес, ашпайды. Екіншіден, логикалық ауытқулар баршылық. Мысалы:
– Жәлменде қабағын ажырайтты. Қа­бақ емес, көз ажыраймаушы ма еді. Тілімізде ажырая қарады деген сөз бар.
– Маманның бархыт даусы Ақсу ал­қа­бын бұзып-жарды. Өзі бархыт дауыс бол­са, ол қалай бір алқапты бұзып-жара­ды?
– «Жіңішке қара қасты кәрі тарлан». Өзі шал болса, қасы қалай жіңішке қара болады? «Жіңішке қара қасы сызып қойған» деп Абай қызды суреттеп еді.
– Аппақ сәулелі көздер. Соқыр адам­ның көзі ғана аппақ болушы еді.
– Маман байдың үйіндегі кәнизактар. Кәнизак – жезөкшелер үйінде немесе пат­шаның гареміндегі әйелдер. Қазақ даласында жезөкшелер де, гарем де болмаған. Ары кеткенде қызметші күңдер болған. Қазақ орыс­пен араласып, жаңа өмірге, жаңа тұр­мыс­қа, отырықшылыққа бейімделіп жатқан кезде, қайдағы кәнизак? Әрі «менде құл жоқ, ұл бар» деп отырған құлы жоқ адамда кәни­зак болуы логикаға да, тарихи шындыққа да жа­наспайды.
– Бәтима деген әйел Бақтыбаймен ілесіп ел аралап, ән салып кетеді. Ау, шырағым-ау, ХІХ ғасырда қазақ әйелі әлдебір еркекпен ілесіп, ауыл аралап «гастрольге» шығып кету­ші ме еді. Бұл ақылға сыймайды. Тіпті, жесір әйел болса да қазақ оны үйтіп бетіне жібер­мей­­ді. Қазақтың ұстанымына, салт-жорал-ғы­сына жат нәрсе.
Ал Рамазан Тоқтаровтың «Қанжығалы Бөгембайы» аяқталмағандықтан да болар, Бөгембай бейнесінің мың да бір сипаты ашыл­маған.
Сәуле Досжанованың «Жалғыздың жарасы» роман делініпті. Көлемі – «Жұлдыздың» өлшемімен 3-ақ бет. Әкім Тарази 40 беттік роман жаздым дегенде таңданғанымыз бекер болып шықты. Тіпті, көлем басты шарт емес деген күннің өзінде романға тән мынандай сипаттар керек-ақ қой.
Кейіпкердің айналасындағы әлденеше топтың, яғни халықтың тағдыры, тартысы, өсу жолы бас кейіпкермен тығыз байланыс­та берілуі керек.
Әлденеше сюжет, әлденеше композиция, әрқайсысы бір-бір повесть бо­лу­ға татитын оқиғалар тоғысып жатуы керек.
Бүкіл бір халықтың тұр­мысы, салт, психологиясы мен ұлттық мінез-мүсіні көріну керек. Мейлі, «Жұлдыз» роман деп қабылдаса, роман-ақ болсын. Сәуленің екі-ақ қасиетін атап айтқым келеді.
Біріншісі – қазақ анасының, әйелінің тұл­ғасын жасаған жазушы көп. Ал қазақ әпкесінің жанкешті тұлғасын жасаған аз шығар. Сәуленің әпкесі Дулаттың әпкесінен ілкім артық та. Сахнаға сұранып-ақ тұр.
Екіншісі – Сәуленің тілі. Бір бөтен сөз, бұралқы тіркес жоқ, төгіліп тұр. Жазып емес, әңгімелеп айтып отырғандай. Қазақстанның төрт аймағына да түсінікті шығар.
Хикаяттар романның бара алма­ған қиынына, заманауи проблемаларды ашу­ға жүрексінбейді. Серік Байхонның «Алтай әуендері» тозған табиғат, құрып бітуге айналған емдік шөптер – экология проблемасын, Қуандық Түменбай («Бөтен») қазақ жерінің кен-байлығына үймелеген шетел­дік­тер­дің қалай айылын жыймай, алшаңдап ба­сатынын күйіне жазады. Жақсылық Рахметолла («Қасқыр қуған») қазіргі заман шон­жар­ларының тек қызық үшін ғана жа­зық­­сыз аңдарды ұшақпен қуып жүріп қыра­тынын, Өмір Кәріпұлы «Математик Ергешбай» хикаятында қазіргі қазақтардың ше­тел­ден біреу келсе болды – қоғадай жапы­рылып, жаны қалмай жүгіретінін, ал оған кей шетел­діктер күле қарайтынын ашына жазады. Хикаят біткеннің тақырыбы да, идеясы да өткір болғанымен, көркемдік тұрғысынан кем­шін тұсы мол. Тасты жермен жүрген таға­сыз аттай тасырқай береді. Уақиғаның иі қанып, оқырманды нандыратындай дәрежеге жетпегені көп.
Серік Байхоновтың бір ерекшелігі – «шеберхана терезесінен» де қарамайды. Архив та ақтармайды. Өткен ғасырда өсімдікті зерт­теу мақсатымен екі аяқты арбамен қазақ даласын кезген Массагетовтың ізімен өзі де жорыққа аттанады. Сонан соң тағы бір еңбегі – Массагетовтан тікелей аударып, қаншама өсімдік атауларын кіргізеді. Бұл – игілікті іс дейік. Бірақ… Массагетов келгенге дейін сол шөп қазақ даласында өсті емес пе. Ендеше, қазақ оны бір атпен атады ғой. Атам заманнан қалған қазақша атауды табуға тырыспай, қазақтарға Массагетов қойған, Серік аударған атпен атаңдар деп қалай айтамыз? Мысалы, Серіктің сондай бір жаңа аты, яғни орысшадан аударып өзі жасаған аты «Делсал» екен. Ал делсалдың ғасырлар бойы қазақ атаған атауы жоқ па?
«Сұрапыл шақ сілемдері» хикаятында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауылдағы күйзеліс, тұрмыс тауқыметі. Бірақ… Бір ғажабы, бұл хикаяттағы ауылға соғыс соқпай кеткен бе. Ит басына іркіт төгіледі. 13-14 жастағы Мұрат ана үйге кірсе де төре табақ ет асып, қымыз құяды. Мына үйге кірсе тағы сол. Отыр, ет асайын, қымыз іш, тегене-теге­не қызыл бауырсақ. Ау, жазушы-ау, соғыс жылын жазып отырғаныңызды ұмыттыңыз ба? Ол-ол ма. Соғысқа кеткен жалғыз ба­ла­сының тілеуін тілеп отырған шал мысық көрсе болды, баж еткізіп басына бір періп өлтіреді де, ішегін алып домбыраға тағады. Біріншіден, қазақ түгілі күллі мұсылман мысықты «қарғысы қатты» деп өлтірмейді. Әрі Пайғамбар бата берген жануар деп, өзі жеген асты беріп, өзі жатқан төсекке жатқызып күтеді емес пе. Құдайдан жалғыз баласының тілеуін тілеп отырған шал адам (қазақ шалы) есінен адаспаса, мұндай іс жасамайды. Екіншіден, өзі домбыраны қадірлеп, күйді сүйген, түсінген адам қатыгез болмаса керек. Автор бір әйелді «мама келіншек» деп суреттейді. «Мама бие» дегенді естідік, «мама келіншекті» естімеппіз.
«Құралай көз, бота тірсек» дейді бір қыз­ды. «Бота тірсек» жылқыға айтылатын теңеу. Қыздың тірсегі ботанікіндей имиіп тұрса, не болды? Абайдың атақты «Аттың сыны» өлеңінде «бота тірсек» делінбей ме.
Арғынбай Бекбосын. «Ұмытпа, Отар стан­са­сы». Хикаят деуге тым жеңіл. Жер орта­сына келген отағасы Отар стансасын 40 жыл ұмытпай, аңсары ауады да тұрады. Сонда­ғы­сы небары 1-2 рет кездескен медсестра орыс қызы. 40 жыл ұмытпайтындай ара­ла­рын­да не қатты ғашықтық, не ыстық сезім, не шиленіскен уақиға жоқ. Қабдеш Жұмаділов «Академиктің көз жасы». Осы хикаятты жазғаны үшін Медеу Сәрсекеев Қабдешті «ұры» деп жазғырды. Кінәсі: «Неге менің жазғанымды жазады, ана оқиға ана жылы болып еді, Қабдеш оны мына жыл деп өтірік жазған» дейді. Біріншіден, оқиға мен тұлға ешкімнің меншігі емес. Бір ғана «Қозы Көр­пеш­ті» 15 адам жырлады. Бір Абайды 10 адам жазса да хұқығы бар. Тек әркім өзінше жазады. Екіншіден, тарихи даталарда сәл ауытқу болса, несі бар. Қабдеш тарих емес, көркем әдебиет жазып отыр. Көркем шығармада романтика, фантазия, гипотеза басым болуы заңды. Қайткен күнде де Қабдеш хикаятында Қаныш Сәтбайұлының адамдық тұлғасы да, ғалымдық тұлғасы да сәтті ашылды. Қабдеш тілі қашанғыдай теткусіз, тасырқаусыз төгіліп тұр. Жазушы әлі өз биігінде. Қуандық Түменбайдың «Бөтен» хикаятының көтерген түйткілі – қа­зір­гі қазақтың жанды жері. Мұнайлы өлкеге орнығып алған қытайлардың әкесінің үйінде жүргендей алшаңдауы, қазақ жігіттерінің шетқақпай көруі, тағы да сол қазақ қыздары­ның қытай жігіттерінің ермегіне айналуы. «Чужой» фильмін көрдіңіз бе? Сонда әлде­қандай бір жауыз жәндік айналасындағы қыбырла­ған тірі нәрсені ұстап алып, сіле­кейі­мен улан­дырып, есін тандырады да, өз вирусын соның ішіне салып кетеді. Күндердің күнінде әлгі вирустар құжынаған мақұлыққа айналады да, өзін өсірген денені жейді… Қытай жігіт те тура сол. Есебім түгел деген жанша, ақ­ша­ны басып алып, әлденеге айызы қанған­дай еліне аттанады. Ал ішінде бөтеннің вирусы қалған қазақ қызы соры қайнап қала береді. Өлтіруге қимай, «бөтенді» өмірге әкеледі. Баяғы қазақы көңілшектік те… Уақи­ға нанымды, өмірдің қаны сорғалаған шын­дығы. Мәселе жазушының тілінде. Орашолақ сөйлемдер мен ойсыз тіркестерге ат сүрінеді. Сөз бен сөзді бір-біріне сүйей салған сүйре­тіл­ген сөйлемнің не айтқысы кеп тұрғаны да түсініксіз. Қарайық:
– Көңілдің көңілден су ішерлік құмарлығы барлығын қатар жүргенде секем алып сез­діріп…
– Дөңгеленген дүниенің ортасында жалаудай желбіреп, бәрі бір күнгідей болмай елес боп емексіп тұр.
– Қазақтың қара домалақ қыздары не істерін білмей сенделіп жүрді де, содан кейін олар да басқалардың көз құмарын қандыр­ған басалқысына айналды.
– Дәмеш енді құрбысын да, шешесін де бір әулекі әлемге мойынұсындырмақ болды.
– Шыныңды айтшы сенің ішіңде адам бар ма? – деп сұрайды шешесі екіқабат қызынан. Аяғың ауыр ма, жүктісің бе, көтеріп қалдың ба? – демеуші ме еді. Аяғы ауыр әйел­дің ішінде адам болмағанда мысық, күшік болушы ма еді?
– Бекболат әйелдің үлкендігіне тәнті болды. Айтайын дегені анасындай әйелдің ақы­лы­на, даналығына, сұңғылалығына тәнті болды деген сөз. Бұл жерде ол әйелдің дене-тұлға­сына сұқтанған сұғанақтай суреттеліп тұр.
– Қанағатсыз көңілмен жалт қараған әйелге. Жасы 70-ке келген қарт әйел күйеу баласына қанағатсыз көңілмен қарауы әдеп­сіздеу. Көңілі толмай қарауы мүмкін.
– Неліктен адымы кері тартты. Дұрысы – аяғы, не қадамы кері тартты.
– Төмен қарап тұнжырап отырған қалпы бара сап ұл тапты. Түсініп көріңіз.
– Апа, осы біреуді өлтіріп тастайықшы! – деп, қолындағы адам баласына сескене қарады. Қолындағы сәбиге, нәрестеге, қы­зыл шақаға, шаранаға десе орынды болар еді. Горькийдің «Адамның анасына», жалпы ана туралы балладаларын еліктеу болғанмен ондағы «Адам» дегенді ұлылыққа жеткізген романтика мен символика жоқ.
Келесі Өмір Кәріпұлының «Математик Ергешбай» хикаяты. Бұл авторды баспа бетінен жиі көреміз. Заманауи проблемалар­дың бірде-бірі қырағы жанарынан қалыс қалмайтын, жасқанбай, жалтақтамай жазатын қаламгер. Ал жазушы ретінде алғаш кез­дестірдік. Автор хикаятта қазіргі қазақ­тың тағы бір дертін, әсіре шетелшілдігін, бір шетелдік келсе, соның аяғына жүз қазақ жапырыла құлайтынын ашына суреттейді. Проблемасы – өткір, бірақ бұл авторда да көркемдік, шеберлік, әдіс-тәсіл кемшін со­ғып жатыр-ау. Уақиға желісіне қарап бас кейіпкердің нақты сипатын тани алмаймыз. Бас кейіпкерге әлденеше сипатты таңғаны­мен, біреуін де жеріне жеткізе дәлелдей ал­ма­ған. Хикаяттың соңына қарап оны іштен туған дарын иесі, әлем ғалымдарының шеше алмаған есебін шешіп, бір күні әлемді жалт қаратады-ау, (сондай адам өмірде бар ғой) деп ойлайсың. Жоқ, ол өмірбақи оңашада күбірлеп есеп шешіп келіп еді, сол қалпында қалды.
• Ақсақ қасқыр, соқыр арқар, жаралы маралды, кемтар итті байлап баққанына қарап, табиғатты қорғаудың жолында бір ерлік жасайды-ау дейсің. Жоқ.
• Иен тауда мал өсіріп, кісі жалдап жұ­мыс істете бастағанда, «ә, қазақ шаруагері­нің жаңа бейнесін жасаған екен-ау» дейсің. Ол да емес.
• Жанаса кеткен ұрғашының бәрі ғашық болғанына қарап махаббатшыл сері ме десең, ол сипаты да ашылмайды.
Бір адамның басына тоғыспайтын, сиыс­пайтын сипаттар. Орашолақ ойлар мен тұтқыр тіркестер, «кетігін тауып қаланбаған» сөздер қаншама.
– Ит арқасын қопсытты. Ит жонын дүрдитті – деуші еді.
– Өңкиген ірі адамның көзінен ірі жас тамшылады. Бір сөйлемнің ішінде бір сөзді екі рет келтіру – қарабайырлық.
– Қабағын бұртитты. Қабақ емес ауыз, ерін бұртиюшы еді. Қабақ кіржиеді, кіртиеді, түйіледі.
– Мына жас адам кім? – дейді бір келін­шекті. Дұрысы – жас әйел емес пе.
– Ергешбайдың қолы Тәбия беліне оратыла кетті. Қол жылан емес қой оратылатын. Орала кетті шығар.
– Таныстық келе-келе жүрекке шапты. Таныстық жүрекке шабатын дерт емес қой.
– Оның да өңі қарақайыс қоңырқай. Егер қарақайыс болса қалай қоңырқай болады?
– Добалдай байым бар. Көрсең жүрегің қозғалады дейді бір әйел. Жүрегің ұшады, не шошиды шығар.
– Әйелдің көкейі ұзын болды. Ұзын емес кең (көмейі кең) шығар.
Ергешбайды бірнеше жерде солқылдап жылады, өкіріп қоя берді, еңіреді, көзі мөл­тіл­деп жасқа толды деп жиі келтіреді. Ер адамға жарасар сипат па?
– Бір адамның көзін біресе «бадырайған отсыз жанар, біресе тұңғиық қара көз» деп суреттейді. Мына сөйлемнен не ұғасыз?
– Таралып бой жете бастағанда, қыз қуу бәйгесіне түсіп, оспадардан тауы шағылып, бейдауа науқасқа шалдықты да, қор боп өлді, – дейді Ергешбайдың жалғыз қызын. Логикаға жүгінейікші, қыз қуу – шарай топ­тың көз алдында, той-мерекеде өтетін ойын. Ойын болған соң онда қыз жеңіліп қалса да, жігіт ары кеткенде алдына өңгеріп алып, сүюге хақы бар. Ал осы қыздың «қор боп өлуіне» нанымды себеп пе? Дәл сол арада одан басқа әрекет болуы мүмкін емес.
– Ергешбай мұғалімге небары 8-сынып оқитын оқушы қыз ғашық болады.
Болсын-ау делік. Бірақ сол қалай сипатталады? Математика сабағы болса болды, әлгі оқушы қыз партаға етпетінен жатып ал­ып, солқылдайды да жатады. Бейне ерін жоқ­таған қаралы әйел сияқты. Көзін алмай қараса, іштен тынса, хат жазса нанымды. Кең­естік мектепте одан әрі мүмкін емес бо­ла­тын. Ол кездегі тәртіп бұған жол бермес еді.
– Ергешбай ата-бабасының қорымында, батыр бабасының қасында жатқан баласы­ның сүйегін қайта қазып алып, әйелінің қа­сы­на жерлейді. Сонда ата-бабасынан әйел артық па? Ертеде ата-баба зиратына жерлеу – үлкен абырой болған ғой.
– Сонан соң жарқылдап тұрған бір жам­поз­дығы жоқ, сыртқы түрі де көрікті болып суреттелмейді. Үнемі өзімен-өзі мәңгіріп, үнемі томаға-тұйық бір ой соңында (есептің ше­шуін ойлай беретін жүретін мәңгүрт Ер­геш­­байға әйел біткен ғашық бола кетуі нанымсыз. Нандыратындай, сенетіндей дәре­же­ге жеткізетін шиеленісу, ситуацияның пісіп-жетілуі жоқ. Осы «не ол емес, бұл емес, ме­нің де күнім күн емес» қалпында шығарма аяқталды. Бас кейіпкер тағдыры не болды? Шешім (развязка) жоқ. Ергешбайды өлтіре ме, тірі қалдыра ма – оқырман өзі шешсін. Әзірше ол «теңселіп құлап бара жатты». Ал сонда автор нені айтпақ болды? Идея не? Іштен туған дарын болсаң да, адал, әділ бол­саң да – бұл заманда көретінің осы дегенді айту ма? Әлде бірдеңенің түбіне түскен адам мақсатына жетпей қоймайды ма? Оқырман нені үлгі тұтпақ керек?
Әңгімелер деген қолғанат баладай бір тамаша жанр. Бас-аяғы жұп-жұмыр келіп, көңіл сергітіп, көз қуантып, «солай екен-ау» деген ойға қалдырып кететіні бар. Кейде повестьке бергісіз әңгіме болады да, кейде романға бергісіз повесть болады. Жеңіл оқылатын «Қазіргі заман әңгімелері» айдарымен берілген бір топ әңгіме бар. Олар: «Меланхолия», «Тазының тағдыры», «Бұзау қырған», «Қайтарым», т.б. Небары бір-екі не үш-төрт беттік дүниелер. Сөйтсе де замана тақырыбы. Бір-ақ беттік «Меланхолия» дәл қазіргі күнде көп кездесетін, тіпті дертке ай­на­лып бара жатқан күйректік, үрей, күйзеліс күйін суреттейді. Аяғы суицидке апарып соғады. Біз бәрін ҰБТ-ға жаба сал­ғанмен, ғылыми дерекке сүйенсек бұл да бір ауру екен. Әрине, оған да психологиялық, әлеуметтік, медициналық факторлар негіз болады. Қазіргі жастар қиыншылықтан құтылудың төте жолы өлім деп санайды. Егер қазіргі ұрпақ кітап оқыса, «Құрыш қалай шынықтыны» оқыса, «Нағыз адам туралы аңызды» не «Жас гвардияны», тіпті күні кешегі Бексұлтанның «Әй, дүние-айын» оқыса, өмірдің әрбір сәтін бағалауға үйренер еді-ау. «Тазының тағдыры» жақсы адам ғана емес, текті тұлпар мен ұшқыр тазының да тағдыры тауқыметті болатынын тағы да еске салады. Бірақ стилінде, суреттеуінде еліктеу­шілік басым. Мысалы, Ұшар мен қасқырдың жекпе-жегі Көксерек пен Аққасқаның жекпе-жегін айнытпай еске түсірсе, Ұшар мен Құмарланның қасқыр алу тәсілінде Барыс пен Садақтың («Ұлпан») әрекеті қайталан­ған. Оқиға ортақ болса да, суреттеу мен стиль басқаша болу керек қой. «Қайтарым» әңгімесі жып-жылы шуақ шашып тұрған бір дүние. Құрбысының тойына бар ақшасына сыйлық алып бара жатқан «кедей-жомарт» студент қыз жолда қол сумкасын ұрлатып, қайтар жолға билетке де ақшасы болмай қалды. Бар үміті – бай жігітке күйеуге шыққан құрбысы, сол бірдеңе табар дейді. Амал нешік, неше жыл бір жапырақ нанды бөліп жеген құрбысы, бай жерге келін болған құрбысы оның жол ақшасы жоғын «ұмытып» кеткенсиді. Күйеуі екеуі күлімсіреп тұрып қол бұлғап қоштасып қала береді. Қыздың көңілі құлазып, жапанда жалғыз қалғандай күй кешіп, такси ішінде жылап келе жатады. Такси ішіндегі орта жастағы отағасы мұны байқап жөн сұрайды. Қыз жасырмай шынын айтады. Бейтаныс «Менің де студент балаларым бар» деп, қызға жол ақшасын артығымен береді. Қыз: «аға, адрес беріңіз, ауылыма барғасын салып жіберем», – дегенде, отағасы: «Алла ешкімді ешкімге қарыз етпейді, өзі қайтарады», – дейді. Бір күні ойда-жоқта ауылдан оқуға келген жас бала жігіттің тура өзіндей жағдайға ұшырап қатты ренжіп тұрғанының куәсі болады. Қыз ойланбастан көмектеседі. «Әпке, адрес беріңіз, қайтарамын», – деген балаға қыз: «Қайтты деп сана. Алла ешкімді ешкімге қарыз етпейді», – деп жауап береді. Уһ, – дейді қуанышпен. Өйткені, қарызынан құтылды. Ой – жақсылық та, жамандық та қайтады. Тілге жеңіл, оқуға оңай, ал беретін тәрбиесі қандай!
«Жанталас» әңгімесі өзіміз қысқа күнде қырық рет куә болып жүрген, адамдардың санасын өрмекшінің торындай торлап алған «Пирамида» ойыны. Айлығын азсынып жүрген байғұс мұғалім ойынға кірді де кетті. «Алғашқы салымның» үш мың долларын өзі әрең жиған өзінің тобына бөліп салып, жинап өткізді. Ақыры әлгі қарыздар жан-жақтан қысып анталағанда, бейшара мұға­лім жанталасып не істерін білмей, сотталмай қалу үшін үйін, дүние-мүлкін түгел сатады. Ақыры әлгі мұғалімдігіне зар боп қалады. Бұл да өмірдің өзінен ойып алынған ақи­қат.
«Ноқта» әңгімесінің мазмұны емес, ма­ғы­насы терең. Мұнда бір тұлпардың тағдыры­ның аржағында адам тағдыры, тіпті ұлт тағ­дыры тұрғандай. Бұғау мен тұсаудан құ­тыл­ғысы келген Ақкөк айғыр жабайы құландар үйіріне қосылып, кәдімгі тағыға айналады. Бірақ ерекше түр-тұлғасымен, жүйріктігімен құландардан ерекшеленіп тұрады. (Тегінде, бәрі осы ерекше көзге түсуден басталады ғой). Құландардың арт жа­ғын ала сүмеңдеп жүрсе түк те жоқ еді. Жоқ, садақтай керіліп, құйрық-жалы жел­біреп, тағылардың алдында жұлдыздай ағып бара жатқан Ақкөк адамдар көзіне бірден түседі. Жылқының тұлпарын жігіттің сұлтаны қолға түсіреді. Адамның түсінігінде жемі алдында, суы алдында – жылқыға енді не ке­рек? Ал Ақкөктің аңсағаны бұл ма еді? Қожаң болған соң бостандық болушы ма еді? Иесі бір күні анықтап қараса Ақкөктің басында ноқта жүр. Сөйтсе құлын кезінде кигізген ноқта қыса-қыса теріге батып сіңіп кеткен. Иесі үлкен машақатпен теріні тіліп отырып ноқтаны алады, бірақ ырсиған орны мәңгіге қалады. Бәрібір ноқта тұрған секілді. Иесі осыған налиды. Сонда бір ақсақал:
– Оған бола көңіліңді жасытпа. Бұл Ақкөктің басына Тәңір жазып, тағдыр салған ноқта. Ол жапан далаға жалғыз қашып, жабайы құландай еркін болғысы келгенімен, бәрібір басында ноқта жүріпті. Енді, міне, етке кіріп, сүйекке батқан ноқтаны алғаның­мен, табы кетпеді. «Ноқталы басқа – бір өлім» дегенді қазақ бекер айтпаған ғой. Көз­ге көрінбегенімен, сол ноқта сенің де, менің де басымда тұр», – дейді. Осыдан өткен философия, осыдан өткен символика, осыдан өткен астарлау бола ма? Осы даналық қазақ шалының аузымен айтылып тұр.
Әбділдабек Салықбайдың «Ақылдан азап шеккендері» Желтоқсан кезеңіне тұңғыш түскен түрендердің бірі. Дәл біздің заман жасы басынан кешті дегенге сенгің де кел­мейді. 37, не 50 жылдар елестейді көзіңе. Әбділдабекте де еріксіз езу тартқызып, тіпті қынжылтатын бір сөйлемдер бар. Бір топ жігіт ерегесіп тұр. Біреуі бір жігітті:
– Әй, мынауың бір ит қой, – дейді.
– Ит емес шошқа, – деді екіншісі.
– Итің не, шошқаң не, қатын десеңші, – дейді үшіншісі. Ау, бауырым-ау, сонда иттен де, шошқадан да арам, азғын қатын болғаны ма? Соның бірі сенің қасыңда жатқан жоқ па? «Алып – анадан, ат – биеден» емес пе. Қазақ­тың басына түскен қай нәубеттен қағыс қалып еді қазақ әйелі? Және соны айтып тұрған көшенің бұзықтары емес, «ұлтым, елім» деп еңіреген желтоқсаншылар. «Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді» демекші, әңгіме дақпыртымен басыла салған әңгімелер де бар. «Кіреуке» әңгімесін алайық. Не оқиға, не сюжет, не идея, не сти­ль жоқ. Әлдебір момын адам көрінгеннің па­лауын басып жүреді де өле салады. Не айт­пақ болған автор? Уақиға жоқ, уақиға жоқ болған соң шиеленіс жоқ, шиеленіс болма­ған соң шешім (развязка) де жоқ. Тіпті «Кіреуке» деп неге аталып тұрғаны белгісіз. Қай мағынадағы кіреуке? 1-кіреуке – көңілге түскен қаяу. 2-кіреуке – батырлардың шынжыр сауыты. Тегінде осындай не айтқысы келгені белгісіз әңгімелер атағын атан тартпайтын жазушылардан да кездеседі екен. Мысалы, Сәбит Досановтың «Көк көйлекті қыз» шетелдік болғаны үшін ғана болмаса Валентин Распутиннің «Рудольфиосы», Фазыл Искандердің «Қораз», Чхве Инхоның «Бөг­де пәтері» астарын қойып, мазмұнын ұқпайсың.
Марат Мәжитовтың «Перінің қызы» әңгімесі сонау ауыл жаппай қалаға көшкен кезде көшпей қалған жігіт туралы айтады. Оқиға өмір шындығы. Оралхан Бөкейдің жұртта қалған жеті үйі бір атым насыбайға зар боп қалып еді-ау. Ал мұнда адам нанғы­сыз бір аста-төк дүние. «Шәке, қаймақ­қа қуырылған қуырдақ жейсің бе, әлде ет асайын ба? Шәке, айран ішесің бе, сүт ішесің бе? Шәке, балық қуыра қояйын». Ал Шәкесі даладан жүгіріп кіреді де әй жоқ, шәй жоқ: «әй, Сәлима, кел жат», – дейді. Сәлимасы жата қалады. Түн бе, күн бе – бәрібір. Автор еркекке берілген нағыз әйелдің бейнесін жасауды армандағаны сонша – отанасын күңге таятып жібереді. Жиырма бестегі соқталдай жігіт пен келіншектің тамақ жеу мен «жатудан» өзге уайымы жоқ. Осы ма бүгінгі күн кейіп­кері, осы ма тәрбие берер тұлғалар? Сонда олар өздері не үшін, кім үшін өмір сүріп жатыр? Ауылда қалғаны дұрыс-ақ. Енді не мыңғыртып мал өсіріп байлыққа ұмтылмай ма, не шұбыртып бала өсіріп бақытқа ұмтыл­май ма. Ылғи бір өрескел, сұрықсыз, бейәдеп іс-әрекеттердің ортасында жүріп, «күйлеген сиыр, жабысқан иттерді» әңгімелеп жүрген есердің аузына арысы Ибн Сина, Нұру Равиді, берісі Берқайыр Аманшинді салғанын қайтерсің. Ары қарай автор сюрреализмге кетеді. Жігітке су перісі көрінеді. Ақан серіге пері қызы (су перісі) көрінсе, ол жай мүлде бөлек. Көкшенің аққу жүзген айна көлі, тамыл­жыған орман, сиқырлы айлы түн, асқақтаған әсем ән… «Перінің жігітіндей іріктенген» Ақан. Пері қызы көрінсе де нанасыз. Ал негізі қай халықтың аңыз-ертегісіне қарамаңыз, су перісі судан шыға алмайды. Ол тек сықылықтап күліп, ғажап ән салып, адамзатты алыстан ғана арбайды. Осыған еліккен адамдар соған жетем деп суға кетеді. Бұл грек мифологиясында да, Андерсен ертегілерінде де бар. «Ақан серіге тоқал боп тиіп алды, жағаға келіп Шәлікпен сүйісті» деген не деген сандырақ. Сонан соң Көк­ше­нің көлінде жүрсе сенуге болар. Ал Шәліктің есік алдындағы бақаның балдыры басқан көлшіктен пері қызы не алады? Шынымен жабысқан ит пен күйлеген сиырға қарап отырған Шәлікке ғашық боп қалды ма? Әлемдік жауһарға жататын «Мың бір түнде» пері қыздары әдемі, әсем жерлерде, асқан сұлу ханзадаға, сері жігіттерге ғана ғашық болушы еді. Енді Шәліктің әйелінің сипатын берген түріне қараңыз. «Беті – моңғол, мойын бітімі – испан, аяғы – жапон» деп бір кетеді. «Шықшыты тығыз, желкесі таза, құлағы жұқа, жауырыны шағын, екі жамбасы көтеріңкі, белдеме сүйегі түзу, өкшесі сіңірлі емес, екі шынтағы бүйірін қыспайды, кіндік тұсы қабыңқы». Бұдан өткен масқара бетімен жайылғандық жоқ шығар. Әйел емес әлдебір хайуанды суреттеп отырған секілді.
Абайдың «Аттың сыны» өлеңі еске түседі.
Жуан тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.
Жер соғарлы, сіңірлі, аяғы тік,
Жауырыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.
Немесе;
Көтендігі шығыңқы, қалбағайлы
Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.
Абайдың қолына бір тимей ыза қылған жануардан аумай қалған неткен әйел ол? Әй дер әже, қой дер қожа болмағаны ма? Қазақ арақты орыстан үй­ренді, бірақ одан асып кетті, сауданы өз­бек­тен үйренді, бірақ одан асып кетті деуші еді. Енді постмодерн мен сюрреализмде ба­тыстың өзін жолда қалдыратын болдық-ау.
«Жұлдыздың» игілікті бір бөлімдері – «Мерей», «Қаламдастар», «Сырсандық», «Тұл­ға». «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» демекші, бір ақын бір ақынның, бір жазушы бір жазушының мәртебесін көтеріп жатса, одан игі не бар. Ниеті шын, тілі жатық Ұлық­бек Есдәулетовтың Қасым ағасын, Шәр­бану Құмарованың өз замандасы Асқар Сүлей­меновті сағына, күрсіне, мейірлене еске алуы қандай ғанибет. Еркін Жаппас­ұлы­ның «Ғаб­бас ғаламын» жарқырата ашып, сәт сайын езу тартқыза суреттейді. Бәрі солай болса екен-ау. Гүлбақыт Хасенова «Ілияс поэзиясы. Дәстүр. Жалғастық» әдеби-сарап­тамасында «Ілияс Ақсу туралы жазды» деп үзінді келтіреді. Ақсу туралы Ғалым жазды деп үзінді келтіреді. Ақсу жайлы Жанарбек Әшімжан да жазды деп тағы үзінді келтіреді. Сонда не айтпақ? Тым құрыса үш ақынның бір-бірінен стиль, көркемдік әдіс-тәсіл ерек­шелігін ашпай ма.
«Жұлдыздың» дерліктей тұтас нөміріне үздіксіз жарияланған еңбек – алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Алашым – ұра­ным» зерттеуі. Жарияланып жатқан ма­те­риалдар ел естімеген шындық дей ал­май­мыз. Бұған дейін де ел ішінде, әдебиет әлемінде әр жерде күбір-сыбырмен айтылып жүрген әңгімелер. Тұрсын Жұртбаевтың еңбегі – архивті аямай ақтарып, әлгі қауесеттерді дәлел-фактімен, құжат, мәжіліс хаттардан үзінді келтіре отырып, анықтап беруінде. Иә, анықтап берді, кім-кімді жамандады, кім-кімді сатты, кім-кімге опасыздық етті, кім екі жүзді, кім жағымпаз – бәрін айпарадай ашып берді. Бақсақ, біздің Тәңір деп табынып жүрген тұлғаларымыздың біреуі де періште болмай шықты. Әшейін жай пенде екен. Осы шындықты ашып берген автор не ұтты, не мақсатқа жетті? Қаралық:
Біріншіден, архив – өткен заман құпия­сы. Оны ақтарған адам игілік үшін ақтарса екен, әлдеқашан о дүниелік адамдардың күнә-сұмдығын, пендешілігін бір ғасырдан соң ұрпағының бетіне басу да – ғылыми еңбек пе. Ғалым – жаңалық ашсын, ғылымға қыз­мет етсін. Архив материалдарын көшіріп алып, баспаға беру де ғылыми еңбек пе? Ал оқыдық. Қандай ойға қалдық. «Ой, құдай-ай, іске татыр біреуі жоқ екен ғой. Шетінен екі-жүзді, сатқын, қызғаншақ, жағымпаз, қор­қақ болыпты ғой», – дедік. Көкірегімізде жет­піс жыл аялап келген арман тұлғалар құ­ла­ды, алтын шырақтар күрсініп өшті… Кімге табынып, кімді құрмет тұтамыз? Қа-сиетті бір нәрсе қалмағаны ма?
Екіншіден, өзіңіз арашалап алмақ болып отырған Әуезовтің өзінің де басқалармен амалсыз айтыс-тартысында әлсіз жақтары – кейде қорқақ, кейде жалтақ, кейде тіпті көпе-көрнеу жағымсу сипаттары да көрініп жатыр.
Үшіншіден, сұрқия заман сергелдеңге салған сол адамдар әрекеті – бассауғадан туып отыр ғой. Кешірімді ғой. Сол адамдардың әрқайсысы – жеке тұлға. Жеке адам. Жеке адамның құпиясын ашып, құжатын ақтаруға хұқымыз бар ма? Сол адамның ұрпағы жа-
уап сұрамай ма? Мысалы, Бекежанның ұр­пақтары «Төлегенді өлтірген біздің атамыз емес» деп газетке көлдей мақала жазды. Ақ­тоқтының немере-шөбересі «әжеміздің Ақан серіге ғашық болғаны да, алып қашқаны да өтірік» деп дәлелді мақала жазды. Мысалы, сол адамдар (сіздің мақалаңыздағы) тірі болса, осы мақала жарияланар ма еді? Рас – шындық. Бірақ сол шындығыңыз қаншама қадірменді, талантты, сүйікті ақын-жазу­шы­лар­ды бүгінгі ұрпақтың жек көріп кетуіне соқса не болады? Онсыз да ақын-жазу­шының, кітаптың қадірі қашқан заманда.
Төртіншіден, Сіз «Абай жолын» кей жерін түзеп (жаңа сөйлемдер енгізіп) қайта бас­тыр­­дыңыз. Себебі – кезінде солақай сынның кесірінен Әуезов кіргізе алмай қалған де­діңіз. Солақай сынның болғаны рас. Бірақ сын­дарлы сын да болған. Мысалы, Ғабит Мү­сірепов айтқан үш түрлі сынды Мұхтар Әуезов өзі де дұрыс айтылған сын екен деп еш ренжімей қабылдаған еді. Олар: 1. Құнан­байдай әкеден жаралып, Ұлжандай анадан тәрбие алып, Абайдай ағамен туысып отыр­ған Оспан игі-жақсылар отырған жиында әкесінің бетіне жел шығарып кетуі. 2. Ай­дың-күннің аманында екі жігіттің емшек­тегі баласын шырылдатып әйелдерін айырбастауы. «Бұл – тағылық» деген Ғабит. 3. Соншама ғашықтық зарын шегіп, ғасырдан-ғасырға кеткен махаббат әндері мен өлеңін тудыруға себепші болған Тоғжан мен Әйге­рім­нен кейін Абайдың оп-оңай Қуандық қыз­бен айқаса кетуі Абай басын арзандатып тұр. Міне, осыны Ғабит айтқан, Мұхтар құп көр­ген. Алғашқы екеуін алып тастаған. Осыны қайта кіргізгеннен романның құны да, көркемдігі де артқан жоқ. Және бірнеше жерге шұбалаңқы, көріксіздеу сөйлемдер енген. Әуезов өзі кіргізбесе, бір білгені бол­ға­ны да. Ал бүгін келіп Әуезов шеберхана­сын­дағы «қалдықтарды» кіргізіп баса беру дұрыс па? Бұған қандай қажеттік бар? Ха­лық, қалың оқырман осыны қабылдай ма?
Ең соңғы мәселе – жасы бар, жасамысы бар, атақты-атақсызы бар жазушы атаулыға ортақ ауру – мақал-мәтелдерді өзгерту. Түсініңіздер, мақал-мәтелдер, идиомалық-фразеологиялық тіркестер – ауыз әдебиеті. Ғасырдан-ғасырға келіп жеткен халықтың саф алтындай тіл байлығы. Оның авторы, жасаушысы – халық. Ол – халық мүлкі. Сон­дықтан да оны әркім өз қалауынша өзгерте бере алмайды, оған хақы жоқ. Және өзгерт­се, оның мағынасы өзгереді, ұйқасы бұзыла­ды. Мысалы, «қас пен көздің арасында» дегенді «ауыз бен мұрынның арасында» дей алмаймыз. Ал Тұрсын Жұртбай «Қасапшыға – мал қайғы, қара ешкіге – жан қайғы» де­ген­ді «Қасапшыға ет қайғы» деп өзгертсе, Жа­нат Елшібек «Ғалымның хаты өлмейді» де­генді «Жазушының хаты өлмейді» деп өзгерте қояды. Серік Байхон «алты аласы, бес бересіні» алты аласы, жеті бересі деп, «Біреу қыз алып қашады, қызығын біреу көреді» дегенді «Біреу қыз алып қашады, біреу қызығына қашады» деп өзгертеді.
«Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қа­зан…» «елу жылда – ел, жүз жылда – қазан» деп өз­гертеді. Адам орта есеппен 20 жаста бала сүйеді десек, сол бала 20-ға келгенде үйле­неді. Яғни жаңа отау көтеріліп, отбасы жаңа­рады, дүние-мүлік жаңарады, 40 жыл болатыны сол. Шериаздан Елеукен «Жаясын жесең, ұшаңды сайла» дейді. Дұрысы – «Мү­шең­ді жесең, ұшаңды сайла». Яғни біреу са­ған мүше (сыбаға) тартса, сен құрып кеткенде ұшамен сыйла. Ұша – төстің айыр ұшы.
Екінші бір әркімге түзей беруге хұқық бе­ріл­меген нәрсе – Абай өлеңін түзету. Абай өлеңін түзету үшін үлкен дәлел керек. «Ана ғалым былай деген» деген дәлел емес. Тіпті, Абай тілінің текстологиясын өмірбақи зерттеп өткен Қайым Мұхамедхановтың өзінің көп түзетулері дәлелсіз гипотеза болғандық­тан қабылданбаған ғой. Ол кісі: «Абай сөзін танудың жалғыз жолы – Абай стилін тану. Ешкімге ұқсамайтын Абай стилін», – дейтін. Енді түзетулерге келсек:
Бексұлтан Нұржеке:
Мен көрдім дүние деген иттің көтін
Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін, – дегенді «жеген көп біреуінің біреуі етін» деп алады.
Исраил Сапарбай, тағы біреулер
«Махаббатсыз – дүние бос» – дегенді Махаббатсыз –дүние дос – деп алды. Махаббатсыз күллі дүние қаңырап бос қалғандай болады, өмір сүруіңнің өзі құр бекер деген Абай сөзі терең бе, әлде махаббаты жоқтар дүниеқоңыз болады деген Исраил сөзі терең бе? Әрі Абай махаббатсыз адамды айуанға қосады. Ал дүниеқоңыздың айуанға қатысы қанша?
Махаббатсыз дүние бос
Айуанға оны қосыңдар, –
дейді Абай жалпы махаббатсыз жұптасуды айуанға теңеген. Оған:
«Арасында бұлардың махаббат жоқ.
Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен, –
деген сөзі де дәлел. Тағы да Исраил:
– Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, – дейді. Дұрысы – Өлді деуге сия ма, ой­лаң­даршы. Себебі, Абай сөзін өзін тыңдап отырған біраз адамға емес, болашаққа арнап отыр. Ол ешкіммен жауаптасып сөйлесіп отырған жоқ. Бұл жерде нақтылық емес, абстрактылық басым. Әбділдабек Салықбай «Өзіңде бармен көзге ұрып» дегенді «Өзіңде бармен төске ұрып» деп өзгертеді.
Дұрысы:
– «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден».
Өзгеден ерекшеленіп көзге түсе берме, онымен елдің қызғанышын оятып, жау тауып аласың деп тұрған жоқ па. Қазірдің өзінде бір қымбат машина мініп шықшы, жарты досың амандаспай өтеді. Көзге ұру – мақтану, төске ұру – менмендік, өзімшілдік. Абайда «төске ұру» деген тіркес жоқ, «төске өрлеу» бар. «Өзім де басқа шауып, төске өрледім» демей ме.
Әлдебір автор тіпті:

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» дегенді «Махаббат тілі – тілсіз тіл» деп өзгертіпті. Абай­дың бір сөзін өзгерту – алтын сарайдың бір кірпішін суырып алғанмен бірдей. Абай түгіл жай автордың сөзін өзгертуге, не пайда­ла­нуға рұхсат керек. Абайды түзету үшін Абайдан «өте туған» болу керек қой. «Мына сөз бы­лай емес, былай шығар» деген дәлел емес.

Әмина Құрманғалиқызы.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір