«Жүрегімнің түбіне терең бойла…»
12.06.2019
93
0

Келер жылы хакім Абайдың 175 жылдығы кеңінен аталып өтпек. Заңғар тұлғаның 175 жылдығына алдымен мән берген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жәмиғатқа жағымды Жарлыққа қол қойды. Жарлықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия 2019 жылғы 1 шілдеге дейін құрылсын. Осы Жарлықтың орын­далуын бақылау ҚР Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін. Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» делінген.
ҚР Президентінің Жарлығына зиялы қауым бірден үн қосты.


Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
профессор, абайтанушы

АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫНА ЖАҢА ТАНЫМ ҚАЖЕТ

Абайдың толық адам ілімінің болмысын жан-жақты тереңдете зерттеп меңгеріп алуға, онда қол жеткен жетістікті қоғам игілігіне айнал­дыруға бар күш-қуатымызды жұмсау – қоғамның қажеттілігіне айна­лып отырғанын түсінетін уақыт жетті.
Абай мұрасын танытудағы қуатты құралдың бірі – «Абай» энциклопедиясы ойшыл, хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрді. Бірақ шынын айтсақ, бұл энциклопедия асығыс, жылдам, тез даярланумен бірге ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан өз деңгейінде таныта алмады, себебі кеңестік тоталитарлық идеология оның өрісін тарылтты. Әдебиет пен өнерге, ғылымға таптық, партиялық принципті орынсыз тықпалап, қақпайлай берудің қажет еместігін Қытай компартия жетекшілері өз тәжірибесінен көріп, сезінуі себепті Дын Шау Пин: «Әдебиет пен көркем өнер саясатқа тәуелді» деген сөз бұдан былай айтылмауы керек. Өйткені бұл ұран әдебиет пен көркем өнерге қисынсыз килігудің оп-оңай теориялық негізі болып шыға келді. Бұл тектес ұрандардың әдебиет пен өнерге пайдасынан зияны көп екенін өмірдің өзі көрсетіп берген жоқ па?» – деп өте сындарлы пікір білдіруі – өмір ағысынан туындап отырған шындық екенін көріп сезінудеміз…


Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер
институтының директоры

Мәселе – Абайды қалың қазақтың жүрегіне орнықтыру

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семей өңіріне сапары кезінде айтқан сөзін Жарлықпен бекітті. Бұл – шынында да халықтың көптен күтіп жүрген құжаты болатын.
Ал, бұлардың сыртында бүкіл ел болып атқаратын істерді «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарға» енгізіп, бекітуді тапсырған. Міне, осы ортақ іске ой қосып, ұсыныстар айту – әрбір алаш азаматының парызы болса керек. Соған орай, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты көтеріп отырған біраз мәселені ортаға салуды жөн санадық:
Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дайындауымен, 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 7000 данамен жарық көрген. Қазір бұл басылым библиографиялық сирек кітаптар қатарына қосылды. Қалай болғанда да, ұлы ақын шығармаларының арғы-бергі басылымдары мен қолжазбаларын толық қамтып, кеңінен салыстырулар жасап, терең түсініктер берген толымды еңбек – осы екі томдық. Жинақты дайындауға абайтану ғылымының білгірлері З.Ахметов, С.Қирабаев, Қ.Мұхаметханов, М.Мырзахметов, Ж.Ысмағұловтар қатысқан. Сондықтан осы басылымды негізге ала отырып, Абай шығармаларының толық академиялық жинағының ғылыми басылымын бір сүзгіден өткізіп, толықтырып, мол таралыммен, цифрлық нұсқасымен қайта басып шығару керек…


Ерлан-Бек Мейрамхатұлы,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық
қорық-музейінің директоры

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ АТЫН «АБАЙ» ДЕП ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ!

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлыққа қол қоюын қолдай отырып, өзіміздің шынайы құрметімізді білдіреміз. Біз өз тарапымыздан 175 жылдық мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жос­парда болуы мүмкін басқа да маңызды шаралармен бірге, мынадай іргелі мәселелердің қамтылуын сұраймыз:
Семей қаласындағы шарада ұлы ақын ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталып, Абай музейінде арнайы дайындалған көрменің ашылуына жалғасып, Семейдегі Абай атындағы театр­да қала жұртшылығының қатысуымен салтанатты жиын ұйымдастырылса. Ал, келесі екі күнде Абай ауданының Жидебай қорығындағы «Абай-Шәкәрім» кесене кешенінің амфитеатрында ҚР Білім және ғылым министрлігі дәстүрлі түрде ұйымдастыратын «Абай оқулары» халықаралық деңгейде өткізілсе;..

Дайындаған
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!