Болашақ президентке бес аманат
12.06.2019
734
0

Осы аптада елімізде Президенттік сайлау өтеді. Еліміздің болашақ Президентіне зиялы қауым өкілдері қандай аманат жүктейді? Осы ой арнасын қаузап, бұған дейін газетімізге қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің пікірлерін бергенбіз. Ел мен жер мүддесін ойлайтын азаматтардың тағы бір шоғырының ұсыныстарын жинақ беріп отырмыз.


Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Халық артисі

Мәдениетке көп көңіл бөлу керек

1. Мемлекеттің басты құндылығы – адам, оның хал­қы. Сол себепті, ең алдымен, ха­лық­тың әл-ауқатын көтеруге күш салу керек. Қазір елімізде тұрмыс жағдайы төмен отбасылар көбейіп кетті. Көпбалалы отбасылар баспанасыз кө­шіп-қонып жүр. Қазақтың қаншама от­басылы азаматы екі қолға бір жұмыс таба алмай, бала-шағасын әрең асырап отыр. Қазақ­тың қаншама орда бұзар жас­қа жеткен жігіті басында үйі болма­ған­дықтан, жеке отау құра алмай жүр. Осы­ның салдарынан қазақтың саны кө­­­­бей­­­мей тұр. Жалпы, елімізде бас­па­на­сыз­дық және жұ­мыс­сыздық мәселесі болмауы тиіс. Көп­­ба­лалы аналарға бе­рі­ле­тін жәр­демақы мен зейнетақыны кө­бей­ту керек. Мемлекет ана мен балаға жа­ғдай жасауды басты назарда ұстауы қажет. Ана мен балаға тегін дәрігерлік қыз­мет көрсе­тіл­сін. Халықтың әл-ауқа­ты жақсаруы үшін қай салада да айлық жалақыны көбейту керек.
2. Медицина және білім беру саласы ма­мандарына жағдай жасалсын. Қай ел­дің де болашағы – дені сау және білімді ұрпақ. Тәніміз ауырса, дәрігерге жүгіре­міз. Ал, бүкіл өміріңе азық болар білімді мұғалімнен аламыз. Алайда бүгінде, әсіресе мұғалімдердің мәртебесі төмен­деп кетті. Қағазбастылық екі саланың да адымына тұсау болып тұр. Сондықтан дә­рігерлер мен мұғалімдердің айлық жа­ла­қыларын көбейтіп, артық-ауыс жұ­мыстан босату керек. Олар тек өз істері­мен айналыссын. Сонда ғана жас ұрпақ мектептен сапалы білім алып шығады. Сонда ғана елімізде өлім-жітім, ауру-сырқау деңгейі төмендейді.
3. Мәдениет және өнер саласының деңгейін көтеруге күш салсын. Жасыратыны жоқ, бүгінде театрларда еңбек етіп жүрген артистер қауымының ақшасы мәз емес. Содан да олар отбасын асырау үшін амалсыздан тойда асабалық етеді, бір көре сала ұмытылып қалатын, тіпті, көруге тұрмайтын жеңіл-желпі кинолар­ға түсуге мәжбүр болады. Сол себепті артис­­терге жағдай жасап, айлық жала­қыларын көбейтіп, баспанамен қамтама­сыз етуге назар аудару керек. Сосын қазір экранды сайқымазақтар мен ән­шілер жаулап алды. Қаптаған әзіл-сықақ бағдарламалар мен таусылмайтын концерттер. Көрерменнің талғамын өсіру үшін рухани, ойлы, терең дүниелерді көбейту керек. Болмашыға күле беретін, селкілдеп билегенді ғана білетін ұрпақ­тан ел қамын ойлайтын, парасат-пайымы жоғары, ойлы азаматтар шықпайды.
4. Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ре­тін­де мәртебесін көтеру керек. Қазақ пен қа­зақ бір-бірімен қазақша сөйлессін. Қа­зақ қазаққа сөзін қазақша айтсын. Бұған, ең алдымен, үкімет басында отырған­дар­дың өздері үлгі болуы керек. Қазақтың білімі де, ғылымы да, мәдениеті де, өнері де қазақ тілінде болуы керек. Сонда ғана бүгінгі жас ұрпақтан кімге де болсын «мен – қазақпын» деп мақтанатын, ұлтын сүйген азаматтар өсіп шығады. Ал, елін, жерін, ұлтын сүйетін азамат үшін халқына қызмет ету бірінші орында тұрмақ.
5. Қазақтың жері қазағына ғана бұйыр­сын. Болашақ президент қазақтың жерін ке­лер ұрпаққа шашау шығармай, сол қал­пында түгел жеткізуді өзіне азаматтық парыз һәм ар ісі санасын.

Сәбит ОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның Халық артисі

Жас ұрпақ үшін бәрін жасау керек

1. Қай халық­тың да жаны – ті­лін­де. Ана тілінде. Тіл жо­йыл­са, ұлт та жо­йы­лады. Сон­дық­тан, ең алдымен, Қазақ мем­лекетінде Мемлекеттік тілі –Қазақ тілі үстемдік етуіне баса мән беру керек. Біз тіл арқылы ғана ұлтымыздың болмысын, мінезін, ерекшеліктерін, тінін, ділін сақтап қала аламыз. Мәдениетіміз бен өнеріміз де, әдебиетіміз де – тілімізде. Жас ұрпақ мектепте, ең алдымен, ана тілінің қайнар бұлағынан сусындасын, мейірін қандыр­сын. Ана тілінде ұлттық құнды­лықтарын танысын, көкейіне тоқысын, бағыт-бағдар алсын. Өйткені уызға жарымаған бала ертең ішіндегі бос орынды толтыру үшін әрнеге бір еліктейтін болады. Өз ұлтына мұрын шүйіре қарау­шы­лық осыдан келіп шығады. Ал, өз ұл­тын менсінбейтін адам өз елін, жерін қай­дан сүйсін?! Бабалар аманатына адал­дық дегеніміз де өзіңді сүюден келіп шы­ғады. Өзіңді сүю деген – өсіп-өнген то­пыра­ғыңды, ана сүтімен бойыңа дарыған тіліңді сүю. Өзін сүйген елдің еңсесі биік, мәртебесі асқақ, мерейі үстем болмақ.
2. Қай елдің де болашағы – жас ұрпақ. Өсіп келе жатқан жас жеткіншектер. Баласы бақытты ел – қуатты ел, келешегі ке­мел ел. Алайда бүгінде балаларымыз ба­­қыт­ты ма? Неге балалар үлкендер тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырауда? Неге балалар арасында өз-өзіне қол жұм­сау жиілеп барады? Неге балалар кешкі, түнгі уақыттарда әке-шешесіне еркелеп, үйінде отырудың орнына тойда өнер көрсетіп, ақша табуға мәжбүр? Неге ата-анасы балалардың түнгі ұйқысын күзетіп үйінде отырмайды? Неге түнде де жұмыс істейді? Жалпы, балаларға қатысты осындай жайттар менің жанымды ауыртады. Сол себепті, балаларға бақытты балалық шақ сыйлап, жарқын болашақтарына жол ашуға бар жағдайды жасауымыз қажет…

(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір