Қарсақ жортпас қара адыр қарамай қайда шабасың?»
12.06.2019
1348
0

Өзіміз есі дұрыс байлам айтсақ, ұшынып кететіндей, Абай бабамызды алдыға салып алып, тиісті нысананы ұнамды болса, құйрық маймен шылқылдатып майлауға да, жанымызға жақпаса, алмас кездікпен тілгілеуге де әбден етіміз үйреніп алған. «Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың», – деп еді ғой атамыз. Кез келген қоғамдық немесе топтық мәселеге қозғау салынса, оның жақсы немесе жаман екенінің байыбына бармастан, ебелеңдеп, соны орындауға ұша жөнелетініміз неге екен?!

Арыға бармай-ақ, қазан жаңарар уақыт әлегіне үңіліп көрейікші. 1916 жылғы әскерге азамат алу кезінде бұйрықпен жасалған тізімге сол ауылдағы белсенділеріміз басараздығы бар жасы жетпеген немесе әскерге алу жасынан асып кеткен жақын-жуықтарын қосып жібергенін кәрі тарих айғақтап жатыр. «Халық жауын» іздеп, ел ішін империя қандықолдарының итаршылары итше тіміскілеген тұстарда да жазаға ұшырағандардың көпшілігін қазыққа байлап берген ауыл ішіндегі ішмерездер екенін айтып, тарих тағы да бетке түкіреді.
Екінші дүниежүзілік соғыс барысында да алдыға түсіп алып, сол қантөгіске өзі сұранып аттанған қазақстандықтар аз болған жоқ. Ал, өзбек акалар балаларыңды «Отан қорғауға» бер десе де бермеді, өрімталдары бар десе де бармады.
Тәуелсіздігімізді алдық деп баскиімімізді аспанға атқаннан кейінгі жылдары маңдай тер, табан етпен миллиондап жиған малымызды шашып жібердік. Көрші өзбек, қырғыз туысқандар өздеріне қарай камаздап, вагондап тасыды. Қарқ боламыз деп, нарықтың да алдына түсіп шаба жөнелдік. Жекешелендірудің үш кезеңінде алдымыздағы елдерден үлгі, тәжірибе алмас­тан апай-топай жасағанымызда, желкеміз қиыла жаздады. Сол жылдары Республика Ауылшаруашылығы министрі болған Балташ Тұрсынбаев елімізде енді құрылған қожалықтардың қожалары бас қосқан үлкен жиында:
– Оңтүстік өңірдің сыпыра жазық даласын бөліп-бөліп, жекеше­лендіріп беруге болар. Шығыс аймақ­тағы сулы, нулы жерлерді біреу­лерге берсек, тау мен тасын кім­дерге иелендіреміз? Осыны ойласа шешкен жөн болар, – дегені үшін астындағы жұмсақ орындығынан аударып тастадық. Сол жекешелендіру кезеңінде шашылған малды, талан-таражға түскен техникаларды әлі қалпына келтіре алмай жүрміз.
Жұртты жалықтырмай, бүгін­гімізге көз салайықшы. Білім­сіз өмір жоқ, оқусыз білім жоқ дейміз. Білім негізі – әліппе еді, оның басына су құйдық. Латын әліпбиін қабылдаймыз дедік. Оның бір бөлігі бұрыннан келе жатқан, күні бүгінгі ауыздарынан ақ май аққан шенеуніктерді «адам еткен» кирилл әріптері, бір бөлігі әлемді жауламақ, айналып кетейін ағылшын қаріптері. Соның өзі әлі сараланып бекітілген жоқ. Өйткені, Республикамыздың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әліпбиді асықпай, абдырамай, талдап-талғап, 2027 жылға дейін қабылдайық деді. Соған қарамастан белді-белді деген газет-журналдар «бас киімдерін» – басылым «бастарын» өзгертіп үлгерді. Әлде солардан үлгі алды ма, әлде беделге белшесінен батқысы келген біреулер түртпектеді ме, көшедегі дүкендер, мейрамханалар, тіпті қайсыбір дәрігерлік орталықтар, әралуан салондар маңдайшалық жарнамаларын латын қаріпіне өзгертіп жіберді. Теледидаршылар айдарларын мақтана-мақтана латын әліпбиімен сойғақтатып жүр. Автобус маңдайшалары мен бүйірлеріндегі, мейманхана, қайсыбір мекеме, ұйым қабырғаларындағы электронды жүгіртпе жолдарды (жарнама, хабарларды) латын әріптерімен байытыпты. Көпшілігі әріптік тұрғыдан қателіктерге ұрынған. Бірақ бастамашыл билік басындағыларға жағынудың даңғыл жолын бұзбаған. Бастауыш сынып оқушылары кирилл, ағылшын әріптерінен, өңшең «танулардан» («Табиғаттану», «Жаратылыстану», «Өлкетану», «Өзін-өзі тану», т.б.) бастары қатып жүр-ау, латынды уақыты жетпей тықпаламай-ақ қоя тұрайық деп сәл де болса аяушылық жасау ол жағымпаздарда болмайтын сияқты.
Алдыға түсіп, шаба жөнелудің әлемдік – әлемдегі асқан үлгісінің бірін тағы да қазақ көрсетуде. Асықпа, қазақ! «Қарсақ жортпас қара адыр, қарамай қайда шабасың?» – деп ескертіп еді ғой хакім атамыз.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір