«ОЯНУ: ЕРТҰҒРЫЛ»
07.06.2019
2278
0

Гүлзат Шойбекова

Өткен аптада әлемнің алпысқа жуық елінде көрсетіліп, дініне, ті­ліне қарамай, халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бөленіп, ре­кордтық көрсеткішке жеткен «Ояну: Ертұғрыл» телехи­кая­сы­ның түсірілімі бітті. Телехикая 5 кезеңнен, әрқайсысы екі са­ғат­­тан, 150-бөлімнен тұрады. Бұл ту­ралы тұрақты көрсетіліп келген Түркияның ТРТ-1 телеарнасынан 147-бөлім эфирден өткен күннің ертеңіне телехикаяның сценаристер бөлімінің басшысы Меһмет Боздағ фейсбук желі­сін­де мәлімдеме жасап, 150-бө­лім­мен «Ояну: Ертұғрыл» те­лехикаясының нүктесін қой­ға­нын хабарлап, халықтан риза­шы­лық сұрады.

Сонымен бірге көрермендермен байланыс үзіліп қалмас үшін алдағы уақытта телехикаяда пайдаланылған Қайы бойына және Ертұғрылға тиесілі біраз заттардан сұрақ-жауап барысында көрермендерге сыйлықтар тағайындайтындарын ескертті. Сол-ақ екен, Ертұғрыл телехикаясының аяқталуын қаламаған көпшіліктің нөпір пікірінің астында қалды. Тіпті, келесі «Ояну: Осман» те­ле­­хикаясында да Осман рөлін Ертұғрыл бейнесін сомдаушы актер Енгин Алтан Дүзиатанның ойнауын өтініп сұраған көрермендерде де есеп жоқ.
Түркия халқымен қатар әлемнің жүрегін жаулап, қызығушылығын оятқан телехикая қайда, қалай тү­сірілді? Көрермендерді «Шын мә­нінде Ертұғрыл кім? Тарихта бол­ған ба?» деген сұрақтар мазалауы мүмкін. Сондықтан телехи­каядан бұрын аз-кем тарихқа көз жү­гіртелік. Біздің түрік халқы тари­хында аты белгілі, елеулі үш Тұғ­рыл өткен. Біріншісі – Тұғрыл бей. Ертеде біздің Талас бойы, Тараз жерінен кетіп, Түркіменстан, Иран елдерінен өтіп, Анадолы же­ріне жетіп, Селчук империясын құрған. Өз заманында «Ислам дінінің діңгегі» деген атақ алған Тұғрыл бей – бүгін сөз етіп отырған Ертұғрылдың арғы аталары болып келеді. Екіншісі – Тұғрыл хан. Қытай деректерінде «Оң хан» деп аталады. Өз заманындағы ең мықты түрік хандарының бірі. Қытайдың Қыпшақ даласына кіруіне бөгет жасаған Керей тайпасының ханы. Үшіншісі – осы Ертұғрыл. Осман империясының негізін қалаушы Осман бейдің әкесі. Ертұғрыл Селчук мемлекетінің құрамында Оғыз елінің биі болған.
Шамамен Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басында Арал маңында Оғыз-Қыпшақ бірлестігі болған. Бұл бірлестік алпыс жылдай өмір сүрген соң, ыдырап, Қыпшақтардан бөлініп шыққан Селчук бей Тараз өңіріне келіп орналасады. Ол жерде де ұзақ тұрақтамай, Түркіменстан маңына көшеді. Сол жерде Селчук мемлекетінің іргетасын қалап, бір­те-бірте қанатын кеңге жайып, бір тармағы Иранға, бір тармағы Ауғанстанға, енді бір тармағы Ирак, Сирия жеріне орналасқан. 1040 жылдары Сүлеймен Шаһтың арғы аталары Шағры мен Тұғрыл бейлер Данданахан соғысында Газнелі Ма­хмутты жеңіп, Ауғанстанды өзіне қаратады. Ал 1071 жылдары Византия империясын жеңіп, қазіргі Түркия жеріне кіреді. 1200 жылдары Селчук империясы ыдырай бастаған тұста Сұлтан Аладдин Кейқуат Қайы бойы тайпасына Селчук империясы мен Византия империясы шекарасындағы Сөгіт маңына еге болу үшін билік береді. «Тіріліс: Ертұғрыл» сериалының негізге алған бейнелі көріністері де дәл осы аласапыран өліара шақ. Яғни, Селчук империясының ыдырауы мен Осман империясының негізгі іргетасының қалануы. Сыртқы жаулары шоқынушылар, моңғолдармен қатар, ішкі залым Түркімен билерінің сатқындығынан бірте-бірте күні батып бара жатқан Селчук мемлекетінің, сонымен бірге кең далада бытырай көшіп жүрген түрік тайпаларының жаңа­дан қайта тірілу кезеңі. Сондықтан да фильмнің атауы – «Dirilis: Ertug­rul». Яғни, қайта тірілу, «Ояну: Ертұғрыл» деп қойған. Ертұғрыл Осман империясының негізін қа­лаушы Осман бейдің әкесі. Қа­бырғасы сөгіліп бара жатқан Селчук мемлекетін қалай да аман алып қа­лу жолында жан аямай, бейберекет бытырап, жеке-жеке билік құ­рып жүрген түрік тайпаларын бір тудың астына жанқиярлықпен жинап, сыртқы жаулармен қаһар­ман­дықпен күресіп өткен және Селчук империясының заңды мұрагері Осман империясының іргетасын қалаушы тарихи тұлға.
«Адам баласының тарихы түріктің тасқа қашалған таң­ба­сы­нан басталады. Түріксіз тарих жоқ…» – деп келетін көне Батыс тарихшыларының пікірін ес­керсек, «Ояну: Ертұғрыл» теле­хи­каясының әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болуы, біріншіден, әлемнің әлі күнге түрік тарихына деген қызығушылығы, түрік хал­қы­ның тарихымен қатар мәде­ние­­тіне деген құрметі. Екіншіден, телехикаяның мұсылмандыққа баса ықпал бере отырып, түрік хал­қының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін барынша дәріптеп, оны сапалы түсіріп, жарқырата көрсете білгендігінде. Әрине, сценарийлік, режиссерлік, актерлік шеберліктер бұл ұстанымдардың шыңында тұрары да ақиқат.
Стамбул қаласының Бейқоз, Рива аудандары мен Кондура Фаб­рикасында түсірілген бұл телехикая – Түркия кино тарихындағы ең үлкен, ауқымды жоба саналады. Бас­ты рөлдерде Енгин Алтан Дүзиатан (Ертұғрыл), Эсра Билгич (Халиме Сұлтан), Сердар Гөкхан (Сүлеймен Шаһ), Хүлиа Дарджан (Хайме Ана) және т.б. актерлер шебер ойнап шыққан телехикая 5 жыл түсірілді. Түсірілім үшін 10 ай дайындық жасалды. Бес ай бойы ғалымдар мен тарихшылар сценаристермен бірге сценарий талқылады. Актерлер алты ай қылыштасу мен атқа еркін отыруды үйренді. Халықаралық сарапшылар, ең үздік хореограф­тар, композиторлар, атбегі, құс­бе­гілерге дейін шақырылды. Моң­ғолия мен Қырғызстаннан 25 ат, бірнеше түйе әкелінсе, киіз үй мен оның жабдықтары Қырғызстан мен Қазақстаннан, әйел әшекей бұйымдары Түркіменстаннан, кей­бірі Қазақстаннан жеткізілді. Үй ішіне тұтыну заттары, кілемхана бұйымдары Түркияның тарапынан жиналды. Халеп, Сұлтан сарайы, шоқынушылар қамалы, керуенсарайлар, зындан, базарлар, т.б декорацияларды айтпағанда, 40 мың шаршы метрлік Қайы бо­йы жұрты жасалып, 600 метрлік Сү­лей­мен Шаһ отауы құрылды. Мыңнан аса актерлер рөл алып, отыздан аса Ана рөлі қамтылған телехикая ою-өрнекті киіз үйлер көріністері мен көнеден жеткен (Батыс әлеміне әлі күнге жат) домбыра үнімен жымдаса қабысып, алғашқы бө­лімінен-ақ көрермендерді жалт қаратып, еріксіз ғасырлар қой­науы­на апарды. Оның үстіне актерлердің әбден шыңдалып, ә дегеннен өз рөлдеріндегі бейнелерді жан-тәнімен беріле, шынайы, табиғи сомдап шығуы – соңғы 150 бөлімге дейін көрермендерді тәнті етумен болды. Мың жыл бұрынғы тарихты тірілтіп, Анадолы жеріне кел­ген алғашқы көштің бірі – «Қайы бойы жұртын», түсірілім алаңын көзімен көруге қарапайым халықтан лауазымды тұлғаларға дейін ағылып барып жатты. 2015 жылы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған да ат басын бұрып, актерлер шеберлігіне тәнті екенін және бүкіл түрік әлемі үшін өте маңызды телехикая түсіріліп жат­қанына ризашылығын білдіріп қайтқан еді. Эсра Билгич (Халиме Сұлтан) тұрмысқа шыққанда тойына да қатысып, батасын берді…

(Толық нұсқасын газеттің №22 (3656) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір