АШТЫҚ: «ҰЛТТЫҚ ҚАСІРЕТ КҮНІ» ЖАРИЯЛАНУЫ КЕРЕК
07.06.2019
1939
0

1992 жылдың 22 желтоқсанында жарық көрген «Егеменді Қазақстан» газетінің №292 (20367) санында 1931-33 жылдары қазақ даласында болған ашаршылық себептерін зерттеген арнайы комиссияның қорытындысын жариялаған.
Онда: «Қазақстан бұрын-соңды болып көрмеген әлеуметтік тәжірибе жүргізетін алып политгонға айналдырылды» делінген.
Сол кездегі Жоғары Кеңес қорытындыға сүйене отырып, «қасақана қолдан ұйымдастырылған» аштықты «халыққа жасалған қастандық», яғни «геноцид» деп бағалау туралы шешім шығарған.

«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы редак­циялық «Алқа» клубының алғашқы отырысын өткізді. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршы­лық құрбандарын еске алу күніне байланысты өткен басқосуға ашаршылық пен саяси репрессияны, Алаш қозғалысы тарихын зерттеп жүрген белгілі тарихшылар: Талас Омарбеков, Мәмбет Қойгелді, Қайдар Алдажұманов, Сәбит Шілдебай қатысып, редакция журналистерінің сұрақтарына жауап берді.

Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін кешегі Кеңес Одағының құрамында болған өзге елдермен салыстырғанда Қазақстанды қатты күйзелтіп, қасіреттің қамауына қалдырып кетті. 1920-21, 1931-33 жыл­дар­дағы екі бірдей аштық қазақтың тең жартысынан көбін жалмады. «Егер сол зұлмат болмағанда, бүгінде қазақтың саны кем дегенде 45-50 миллионға жетіп қалар еді» дейді тарихшылар. Алайда біз осы қасіретті тарихымызды түбегейлі зерттеп, оған кінәлі кім, қазақ даласында ашаршылықтың аранын ашуына не себеп болғанын анықтай алдық па? Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған қырғынды бүгінгі ұрпақ қалай еске алуы керек? Аштықтан опат болғандардың аруағы алдында атқарар міндетіміз, өтер парызымыз не болмақ? Осы сұрақтар төңірегінде ой өрбіткен басқосуды газеттің Бас редакторы Дәурен Қуат бастап, тарихшылар нақты мысалдармен, өткір пікірлермен тұздықтады. «Алқада» айтылған ұсыныстар мен пікірлер ел билігіне аштық тақырыбын терең зерделеп, оның ұлттық генефондымызға, болмысымызға, тарихи жадымызға салған зардабын қайта саралап, тарихтан сабақ алудың жаңа жобасын жасауға қозғау салар деген ойдамыз.

Д.ҚУАТ: – Құрметті «Алқа» клубының қонақтары, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық тақырыбын қоса талқыласақ, әңгімеміз ұзаққа созылуы әрі жинақы шықпауы мүмкін. Сол үшін тарихымыздағы ең ірі зұлмат – ашаршылық туралы газет қызметкерлерінің сұрағына жауап берсеңіздер дейміз. «Егер ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы екі бірдей аштық, қуғын-сүргін, соғыс болмағанда, қазақ халқы Орталық Азиядағы, тіпті күллі түркі дүниесіндегі ең қуатты елге айналар еді», – дейді сарапшылар. Ұлттық қасіретімізді бүгінгі ұрпаққа қалай түсіндіреміз? Өткен тарихымыздан қандай сабақ алғанымыз жөн? Бұл сұрақтардың жауабын іздеу өте қажет деп ойлаймын. Бүгінгі басқосудың мақсаты да осы еді.

1992 жылы «Ашаршылық – геноцид» деп мойындалған еді

– Кезінде Украинада да ашаршылық болды. Олар Голодомор қасіретін – ұлттық қасірет деп ашық мәлімдеп, «Украина халқына қарсы геноцид» актісін қабылдады. БҰҰ да бұл зұлматты «геноцид» деп бағалап отыр. Ал біз неге қазақтың тең жартысын жалмаған зұлматты «қазаққа жасалған геноцид» деп ашық айтпаймыз? Қызылдар қырғынын әлем жұртшылығы неге білмейді?
Қ.АЛДАЖҰМАНОВ:
– Біз бұл ашаршылықты баяғыда «геноцид» деп бағалағанбыз. Тек соны бүгінгі билік ұмытып кетті ме деймін.
Академик Манаш Қо­­зы­баев 1988 жылы 18 қа­рашада «Қазақстан мен Орта Азиядағы ұжым­дас­тыру: тарихы мен тағылымы» атты бүкіл­одақтық конференция ұйымдастырды. Ол кезде Мәкең Тарих институтының директоры болатын. Конференцияға Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Новосібірден тарихшылар шақырылып, қазақ даласында болған ашаршылық мәселесі тұңғыш рет сонда талқыланды. Көп өтпей Қозыбаев бастаған тарихшы, ғалымдар Жоғары кеңеске Халық депутаты болып сайланды. 1991 жылы ғалымдардың мәселені жүйелі көтеруінің арқасында Жоғары кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдин қол қойған «1930 жылдардағы ашаршылық пен Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін себептерін айқындау және соған себепкер болған жағдайды саралау үшін» арнайы қаулы шығарылды. Құрамында Талас Омарбеков, Мәмбет Құлжабайұлы, мен және басқа тарихшылар жұмыс тобына еніп, зерттеу жұмыстарын бастадық. Мен Тәшкенге, Қырғызстанға барып, құпия құжаттар бөлімінде бір ай отырдым. Талас пен Мәмбеттер Мәскеуге барып, архивтерді ақтарды. Осы зерттеу негізінде Тарих және этнология институты арнайы қорытынды шығарды. Оның басы-қасында біз болдық. Сол құжатта Қазақстандағы ашаршылық қасіреті «геноцид» деп сипатталды. 1992 жыл­дың желтоқсанында сол кездегі Жоғары кеңес­тің төралқасы Серікболсын Әбділдиннің басқаруымен «Комиссияның қорытындысы бекітілсін» деген шешім шықты. Онда бұл зұлмат «геноцид» деп ашық жазылған әрі Жоға­ры кеңес мақұлдаған. Сол жылдың 21-22 жел­тоқсанында «Егеменді Қазақстан», «Казправда», «Халық кеңесі» сияқты баспасөздерге шешімнің толық нұсқасы жарияланған болатын.

Ашаршылыққа кінәлі – Совет өкіметі

– Кейін бұл процесс тоқтап қалды ма?
Т.ОМАРБЕКОВ:
– Мен осы сұраққа өз пікірімді қоса кетейін. Геноцид туралы Конвенцияны БҰҰ 1948 жылы қабылдаған. Онда «геноцид» деп атау үшін «белгілі бір билік белгілі бір тайпаны, руды, этносты қасақана, мақсатты түрде қырғынға ұшыратса, сол геноцид деп аталады» деген айқын белгілеме бар. Біздегі зиялы қауым: «Украина БҰҰ-ға, Америка Сенатына Украинада болған ашаршылықтың геноцид екенін мойындатты, ал, біздің билік олай істей алмай отыр», – дейді. Негізі, Қайрекең айтқандай, 1991 жылы билік тарапынан аштыққа нақты баға берілген. Мұны ұмытпауымыз керек.

(Толық нұсқасын газеттің №22 (3656) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір