Айтыстың аласармас Алатауы!
24.10.2015
1397
0

61359_676081190_IMG_20150923_154309(Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы алдында
Сүйінбай Аронұлының ескерткіші бой көтерді)

Құтты орынға қонды ұстаз енді міне,
Көз алдында Алты Алаш – кең дүние!
Халықаралық айтыста Ел қорғаған –
Белгісіндей болды бұл Ерлігіне!

Сүйінбайдан бата алған бала Жамбыл,
Төл шәкірті атанған дара даңғыл.
Сал-серілік салтанат сабақтасқан –
Өмір бақи өтпеген арадан қыл!

Шәкіртіне мәңгілік бақ тілеген,
Төгілдіріп тілегін тәттілеген.
Қабыл болды ақ бата, осы емес пе,
Белшесінен бақытқа батты деген!

«Шәкірт озған ұстаздан» деген осы,
Кеңи түсті өлеңнің кенересі.
Жер жүзіне Жамбылды жария еткен,
Дүр Сүйінбай өсиет-өнегесі!

Қолдап жүрді қашан да жыр пырағы,
Жолбарысы қорғаштап жұлқынады!
Сүйінбай мен Жамбылдан асып түсер,
Айтыскерді шіркін-ай кім туады?!

Ұрпағына рух беріп тұрсын пірі,
Қамшыласын найзағай тылсым тілі.
Ұстаз-шәкірт екеуі егіз ұғым –
Өрелеген өнердің қыл-шылбыры!

Қарашаңырақ қазақтың ақ отауы,
Кәдімгі филармония дәл атауы!
Қасына Сүйінбай сал қоңсы қонды –
Айтыстың аласармас Алатауы!

Есімі шәкіртінің атындағы,
Қордалы кең Сарайға жақындады.
Әлемнің бар өнерін байқап тұрсын,
Қазақтың қабырғалы ақындары!
Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ,
Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлық иегері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір