ҰЛТЫН СҮЙГЕН БАЛУАН ШОЛАҚТЫ КӨРСЕТКІМ КЕЛДІ
03.06.2019
1272
0

Нұргелді САДЫҒҰЛОВ, режиссер:

Әр ұлттың өзін-өзі тануы жолында тарихи тұлғалар өмірінен сыр шертер ұлттық киноның атқарар рөлі зор. Таяуда сондай тағылымды дүниелердің бірі – «Балуан Шолақ» фильмі көрерменге жол тартты. Халық композиторы, балуан Нұрмағамбет Баймырзаұлының қазақ киносындағы тұңғыш экрандық бейнесін жасаған режиссер Нұргелді Садығұлов: «Балуан Шолақ туралы фильм түсіру арманым болатын», – дейді.

ТАРИХТАН АУЫТҚЫМАУҒА ТЫРЫСТЫҚ

Менің алғашқы мамандығым – деректі фильмдер режиссері. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітіргеннен кейін төрт жылдай Ұлттық арнада жұмыс істеп, біраз деректі фильм түсірдім. Сосын «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мәскеу қаласындағы С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында көркем фильм режиссурасын оқыдым. Сол жақта бірнеше көркем фильм түсіріп, байқауларға қатысып, жүлделерге ие болғанмын.
«Балуан Шолақ» фильміне келер болсам, академияда оқып жүргенімде өзіміздің жас балуандар жайында «Кілем» атты деректі фильм түсіргенмін. Сол кезде қызығушылығым оянып, Балуан Шолақ атамыздың өмірбаянымен таныса бастадым. Өзім де студент кезімде еркін күреспен айналысқанмын.
Мәскеуден келген соң, М.Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынан Дулат Исабеков ағамыз­­дың Балуан Шолақ атамызға арнал­ған «Жаужүрек» пьесасын көріп, қызығушылығым тіптен арта түсті. Ал, «Қазақфильм» Балуан Шолақ туралы фильм түсірейін деп жатқанын ести сала бірден Дулат ағаға барып: «Балуан Шолақ жайлы фильм түсіру арманым еді. Рұқсат етсеңіз, осы істі қолыма алсам. Менің көздегенім – шетелдерге шығып, фестивальдерге қатысып, атымды шығару емес, халыққа неше жыл оқыған оқуымның жемісін көрсету. Алға қойған мақсатым – ұлттық кино жасау», – дедім. Содан Дулат ағаның келісімін алып, фильмнің сценарийін дайындауға кірісіп кеттік.
Театр тілі диалогқа, ал, кино іс-әрекетке құрылатыны белгілі. Соған орай, Дулат аға екеуміз ақылдасып отырып, «Жаужүректегі» диалогтарды іс-әрекетке ауыстырдық. Ағаның рұқсатымен біршама өзгерістер де енгіздім. Арасында ол кісінің: Сен қандай фильм түсіретініңді түсінбей жүрген шығарсың», – деп қатты сөйлеген кездері де болды. Мен де пьесада жазылғанды түгел қамти алмайтынымызды, кинода театрда жоқ дүниені көрсеткім келетінін айттым. Сценарийді аяқтаған бойда, 2016 жылдың аяғында түсірілімді бастап кеттік. 2018 жылы соңғы нүктесін қойдық.
Көркем фильм болғасын кей тұстарын ойдан қостық, бірақ, тарихтан ауытқымауға тырыстық. Сценарий жазу барысында Сәбит Мұқановтың шығармасына, Балуан Шолақтың өзінің әндеріне сүйендік. Ақылдастар да болды. Мәселен, Мәмбет Қойгелді ағамыздан көптеген тарихи деректер алсам, Ерлан Төлеутай ағамызбен әндеріне қатысты кеңестім. Диалогтарға байланысты Бақыт Беделханның көп көмегі тиді. Балуандығы бойынша Бейбіт Ыстыбаев секілді жігіттер білгенін аяп қалмады.
Атамыздың ұрпақтары – Қайролла, Шайдолла Шолақовтармен де кездесіп, әңгімелерін тыңдадық. Олардың айтуынша, балуан өте кеңпейіл, қолында қалған соңғы дүниесін таратып беретін жомарт, мәрт һәм қайсар мінезді және сері адам болған. Жауына қатты, балаға жұмсақ болыпты. Айналасындағыларға көп жақсылық жасаған. Қолынан келгенше кім-кімге де көмек беруге тырысқан. Атын шығаруды көздемеген. Табиғатты, сұлулықты, өнерді сүйген.
Жалпы, «Балуан Шолақ» – жүздеген адамның еңбегінің жемісі. Сосын фильмнің басы-қасында тек қана қазақтың қыз-жігіттері жүрді.

МЕН ЕРКЕБҰЛАННАН ЖҮРЕК СӨЗІН ЕСТІДІМ

Бас кейіпкердің рөліне үміткерлер өте көп болды. Кастинг ұзақ уақыт жүрді. Біз кастингті бүкіл Қазақстан бойынша жарияладық. Сафуан Шаймерденов дейтін бауырым облыс, қала театрларын аралап, актер жігіттердің суреттерін, бейнежұмыстарын жіберіп отырды. Араларынан ұнағандарын шақыртып, іріктеуден өткіздік. Бәрінің ішінен Еркебұлан Дайыровты таңдаған себебіміз, мәтінді оқуға бергенімізде, оқығандары жүректен, іштен шығып жатты. Бір жағынан, театрда Балуан Шолақ болып ойнаған тәжірибесі де бар. Дегенмен, театр мен киноның ойыны бөлек қой. Мен оның сөзінен театр мәнерін көрмедім. Іштен шыққан шынайы дүниені сезіндім.
Кастингке бойлары 2 метр, салмақтары 150-160 келі спортшы жігіттер де қатысты. Алайда актерлік шеберліктері жетіспеді. Спортшылардан дайындық арқылы актер шығаруға болар еді, оған уақыт тығыздық етті. Бізге актерден спортшы шығару оңайырақ болды. Оңай деген – жай айтыла салған сөз. Шындығында, бәрі – тынымсыз, қажырлы еңбектің нәтижесі. Еркебұлан біздің талабымыз бойынша дәрігерлердің, жаттықтырушылардың қадағалауымен бір айдың ішінде 15 келі салмақ қосты.
Портреттік ұқсастығына келсек, негізінен, Әбілхан Қастеевтің «Балуан Шолақ» картинасына жүгіндік. Өйткені бүгінгі күнге атамыздың фотосуреті жетпеген. Өзім түр жағынан ұқсастықты да Еркебұланнан көрдім. Ал, саусағының шолақтығын графикамен, т.б. жолдармен келтірдік.
Жалпы, мен фильм арқылы Балуан Шолақтың ұлтшылдығын, еліне, жеріне деген махаббатын көрсеткім келді. Балуандығын, Ғалиямен ара-қатынасын бірді-екілі көрініс­терге сыйғызуға тырыстық.
Кино мемлекет қаржысына түсірілді. Осы орайда қолдау білдірген ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғысым шексіз. Қанша екенін айта алмаймын, дегенмен, тұлғалар туралы фильмдерге мұнша сома өте аз деп ойлаймын. Алайда, «қаржы көбірек болғанда, бүйтер едім…» дегендей өкініш жоқ. Сол уақыттағы шеберлік деңгейіме, көзқарастарыма, режиссерлік шешімдеріме сай шыққан дүние болды. Бар күш-жігерімді салдым. Рас, өз-өзіме сын көзбен қарай білетін адам ретінде кемшіліктер кеткенін де байқадым. Ол қателіктерім алдағы жұмыстарыма сабақ болмақ.
«Балуан Шолақ» жақында Францияға, Канн фестиваліне байқаудан тыс, шетелге прокатқа шығу мәселесі бойынша «жөнеп кетті». Алдағы уақытта өзге де шет елдерге жіберілетін болады…

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

(Толық нұсқасын газеттің №21 (3655) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір