Асанәлі ӘШІМОВ: Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық
31.05.2019
2534
0

Дүйсенбіде Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінде «Рахманқұл Бердібаев атындағы Халық университеті» сабақтарының кезекті кездесуі өтті. Өткен ғасырдың 60 жылдарынан бастап кілең марғасқалар дәріс оқыған тарихи залға бұл жолы адам көп жиналды. Кешті жүргізуші М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, белгілі ғалым Кенжехан Матыжанов араға біраз жылдар салып, қайта жалғасқан сабақтардың мән-маңызын айта келе: «Бүгінгі дәріс иегері – Алаштың Асанәлісі, қазақ сахнасының ақтаңгері», – деп қысқа ғана таныстырды. Асекең сөз арасында алдыңғы толқын ағалардың дәрісін осы залдан тыңдағанын тілге тиек ете кетті. Әңгіме арқауы Әшімовтің тұтас ғұмырбаянының сүйініші мен күйініші аралас сәттеріне құрылды десек те болады. Балалық шақ, өскен орта, студенттік жылдар, кино мен театр әлемі, қазақ сахна өнерінің корифейлері туралы сағынышқа толы естеліктер, бүгінгі заман тынысы – бәрі-бәрі қамтылды. Жиылған жұрт бірде қуанып қол соқса, енді бірде өткен күндердің қамырықты әуеніне сүңгіді. Біз сонда айтылған ойларды жинақтап, хронологиялық тәртіппен ұсынып отырмыз.

Иттің оқуын болса да оқы!

Асанәлі Әшімов дегенде, есімізге ең алдымен оралатыны – оның даңққа толы өмір өткелдері. Ал соғыс қасіретін тартқан балалық шағы туралы көбіміз ойлана бермейміз… Бүгінгі зейнет – кешегі бейнеттің өтеуі сынды…
– Мен әкемнен 3 жасымда қалдым. Ол соғысқа кеткен күйі оралмады. Әкемнің түр-тұлғасы есімде жоқ. Шешемнің Құдай қосқан қосағын «келіп қалар» деп күтумен күндері өтті. Өзгенің етегінен ұстаған жоқ. 22-23 жаста жесір қалған шешемнің бар арманы – мені оқыту болды… Сарысуда колхозда жұмыс істейтін. Кей жылдары сонау Новосібірге қарағай кесуге бір жылға алып кететін. Содан әбден жалыққан шешем Кентау жақтағы туыстарын пана тұтып, сол жаққа кетті. Артынан мені алдырды. Оқуды Кентауда бітірдім. Шешем наубайханада істеді. Күніге нан, яки бірер шыны ақ ұн әкелетін. Ақ ұн табу қиын еді. Бір жыл бойы жинағаны бір қалта ұн болды. Ұнды Райымбек Сейітметов екеуміз базарға сатуға апардық. Ел танып қоймасын деп, бетімізге ұн жағып алғанбыз. Сауда жасау, базарға апарып зат сату ұят саналатын. Қырсыққанда қара желдің тұрмасы бар ма? Ұнды кеселеп сатамыз. Жартысын жел ұшырып, бұйырғанын саттық. Сол ақшамен Алматыға оқуға аттандым…
Шешем кетерімде: «Балам, бос қайтпа. Иттің оқуына болса да түсіп кел», – деді. Мақсатым – агрофак еді. Асқар Тоқпановтың ықпалымен консерваторияға актерлік мамандыққа түстім. Оны талай айттым ғой, ұзақ хикая…
Біздің ауыл актерларды ұнатпайтын. Актерлар елге баратын да, ішіп, төбелесіп қайтатын. Мен де жақтырмайтынмын. Әкемнің немере інісі болды. Совхоз директоры. Актер десе, төбе шашы тік тұратын. «Қандай оқуға түстің?» – деді қайтып барғанымда. Агрофакқа түскенімді айттым. «Дұрыс!» – деп басын изеді. Шешеме барып, шынымды айттым. «Бір ит оқуға түсіп келдім», – дедім. «Бопты, оқи бер», – деді шешем. Бұл 1956 жыл еді.
Оқу бітірген соң Майрамен шаңырақ көтердім. Тойымызға Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов бастаған кілең ұлылар келді. Сол сәттен бір фото жоқ. Фотоға түсу үшін тек салонға баруың керек. Марғасқалармен түскен суретімнің жоқтығына өкінемін.

ОҚУДАН ШЫҒЫП ҚАЛДЫМ

Асанәлі Әшімов дегенде, қазақ театрының еңсе көтеріп, ұлт рухын түлеткен жылдары еске түседі. ол сахнада кебек, қодар, керім, юлий цезарь, дон жуан, клаузен қатарлы ондаған кейіпкерлер болып өмір сүрді…
– Мен І курста оқып жүріп киноға түсе бастадым. 17-18 жастағы кезім. Университет бітіргенше 3-4 киноға түсіп үлгердім. «Ботагөзден» басталған жолым оңды болды. Жастай қонған атақты көтере алатындар бар, көтере алмай жынданып кететіндер де көп. Сергей Герасимовтің «Молодая гвардия» фильмінде негізгі рөлдерді сомдаған Владимир Иванов пен Сергей Гурзолар жиырма жасқа жетпей КСРО Халық артисі атағын алды. Гурзо небары 18 жаста еді. 21 жасында екінші мәрте алды. Ол ішіп кетпегенде қайтсін?! Иванов жынданып кетті. Бізде де сондай таланттар болды. Басына қонған бақты көтере алмады. Ол – тек кино мен театрда емес, өнер мен ғылымның барлық саласында болатын жайт. Шәкен Айманов: «Артыңда қорғасын болу керек», – дейтін. Сол сөз – шын сөз.
Мен съемкада жүрем деп оқудан шығып қалдым. Кейін қайта қабылданып, курстастарымнан екі жыл кейін бітірдім. 1961 жылы оқу бітіре сала, «Қазақфильмге» штатқа іліктім. Бірақ актерлікті шыңдау үшін орта, алдыңғы буынның тәжірибесі керек екенін түсіндім. 1964 жылы Әуезов театрына қабылдандым. Бұл – Мәдениет министрлігіне Ләйла Ғалымжанова келіп, қазақ руханиятын дамытуға бар күшін салып, іске кіріскен шағы. Театрға директор етіп Әзірбайжан Мәмбетовті әкелді. Одан бұрын театрды еврейлер басқарған. Қызық сол кезде басталды. Еврейлердің басқаруына үйреніп қалған Халық артистері Әзекеңді қабылдамай, алды жұмыстан кетіп те қалды… Өз басым кинодан гөрі театрды жақсы көремін. Таза, шынайы өнер. Біз сол жылдары Әзірбайжанмен бірлесе отырып, қазақ театрын бірге көтердік. Әзірбайжан бізді, біз Әзірбайжанды аспандаттық. Талантты актерсіз режиссер – қанатсыз құс. Театр үштағаннан тұрады: драматург, актер, режиссер. Біреуі пәс болса, екіншісі ақсайды.
Маған бұйырған алғашқы рөл – Ә.Мәмбетов алғаш сахналаған «Абайдағы» Айдар болды. Спектакльде Абай Айдарға: «Еңлік-Кебекті» жаз», – дейтіні бар. Айдар сонда Нысанбай жыраудың өлеңін оқиды.
Алданар жоқ, арман көп,
Кәрім қайтіп күн көрер?!
Жарастық жоқ, жалын жоқ,
Жарым қайтіп күн көрер?!
Барары жоқ, байлау жоқ,
Ерім қайтіп күн көрер?!
Бәріңнің де нәрің жоқ,
Елім қайтып күн көрер?!
Осы шумақ қатты ұнайтын. Алғаш тақпақ құсатып тақылдатып жаттап жүрсем, үлкендер: «Әй, мына өлең не айтып тұр?! Ойлансаңшы…» – деп ескерту жасады. Содан бастап тереңіне бойладым. Айдар рөлін 15 жылдай сомдадым. Мені театрға әкелген, тұсауымды кескен сол Айдар – әлі де ыстық.
Әзірбайжан Мәмбетов қазақ театрының бағына туған адам еді. Әзекеңді де кейбір көре алмайтын дүмшелер қуғындап, театрдан шығарып тастады. Қатты күйзелгенін көрдік. Өнердегі күншілдік талай таланттың түбіне жетті. 30 жыл басқарған театрынан қудалану кімге оңай соқсын?!
«Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық». Бұл афоризмді өзім шығардым.

«Қыз жібек» фильмі

Асанәлі Әшімов туралы әңгіме болса, Бекежан образы көз алдымызға келеді: қазақ киносының алғашқы шедеврі «Қыз Жібек» бірегей образдарымен аңызға айналды…
– Бұл фильмді Айтматовтың ықпалымен «Қырғызфильм» алған еді. Қазақтар атқа қонып, Димекеңе кіріп жүріп, қырғыздардан тартып алдық. 1968-1970 жылдары екі жыл бойы түсірілді. Алғашқы тәжірибелік нұсқасының өзі 1,5 сағат. Көп ақша кетті. Екі жыл бойы тынбай еңбек еттік. Ең соңында «киноны аяқтамасаңдар, тоқтатыңдар» деген нұсқау келіпті. Әзер үлгердік.
Бұл киноны түсіру барысында небір қызықтар болды. Алғашқы тәжірибелік нұсқасын (проба) елге белгілі тұлғаларды шақырып көрсетпей ме? Әлкей Марғұлан ағамыз киноның соңғы нұсқасын көріп отырмыз деп ойласа керек: «Әке-ау, «Қыз Жібек» жырында көш болушы еді. Соны көре алмадым ғой», – депті…
Фильмге актерларды іріктеу кезеңі өте қатаң болды. Қыз Жібек рөліне 500 қыз үміткер болған дейді. Мүмкін. Суреттерін жіберген болса керек. Ал Бекежанға Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Кәукен Кенжетаев және мен бесеуіміз сынақтан өттік. Театрдан өзіме лайықты киімді киіп алдым да, өзіме берілген шағын үзіндіні барымды салып ойнап шықтым. Сол эпизодты көріп отырған Ғабит Мүсірепов: «Бекежан мынау ғой», – депті. Ғабиттің сөзі – шешім. Қыз Жібекке мектепті жаңа бітірген Меруерт таңдалды. Ол қаланың қызы ғой, атқа мінуді білмейді. Үш ай бойы Алматыдағы ипподромда дайындық жұмыстары жүрді. Меруерт Өтекешова үш айда ат үстінде тізгінді бос қоя беріп, шабатын деңгейге жетті.
«Бекежанды қалай алып шығамыз?» деген ой бәрімізді мазалады. Фильм режиссері Сұлтан Қожықов: «Ол заманда жағымсыз адам болмаған. Театрдағы, ел арасындағы жағымсыз Бекежанды емес, батыр, аңғал Бекежанды алып шығайық», – деп шешті. Елді жаудан қорғаса, қызды жанымен сүйсе, ол қалай жағымсыз кейіпкер болмақ?
Сұлтан Қожықов өте адал, қызық жан еді. Әнуар, Құман үшеуіміз бір киіз үйде жаттық. Қасымызда бізді күзетіп Қожықов жатады. Түсірілім алаңы. Жаспыз. Қыз-қырқын, ойын-сауық мол. Сыртқа шыққымыз келеді. Қожықов бізді аттап бастырмайды. «Ертеңгі съемка өте маңызды. Бармайсыңдар», – дейді. Бір күні түн жарымында оянып кеттім. Қожықов бір нүктеге қадалған күйі темекі шегіп, терең ойға шомып кетіпті. Ертеңгі съемканың жоспарын құрып отырғанына шүбә жоқ. Мұндай адал, өз ісіне шексіз берілген адамға қалай риза болмайсың!..
Фильмде қысқарған тұстар мол. Барлық фильмде солай болады. Төлеген рөлін жақсарту үшін біздің керемет ойнаған сценаларымызды алып тастаған жері де бар. Фильм соңы қалмақтармен шешуші соғыспен аяқталатын, ол да қиылды. Кей эпизодтарды 20-30 рет түсірді. Ұжымның қажырлы еңбегі арқылы осындай шедевр дүниеге келді. Бұл – алғашқы лиро-эпостық қазақ фильмі.
Екі жыл бойы небір қызықты, мағыналы сәттерді бастан кештік. Бес жұп аққу жүрді. Соларды кадрға алу қиын болды. Жағаға жақындамай, алыстап, адамдардан оңаша кетеді. Ақыры Нұрғиса Тілендиев «Аққу» күйін шертті. Күймен дала жаңғырды. Аққулар бірінің мойнын бірі орап, шапақтап, әсерленіп, жағаға жақындады ғой.
Фильм елге тез тарады. Кентауда бір ай бойы, пленка тозып, үзіліп қалғанша жүріпті. Елдің ықыласы ерекше болды. Бірақ, мені ұнатпай, қарғап-сілегендер де кезікті. «Ұлың киноға түсіпті. Сол киноны көрсетеді екен», – деп, шешемді кинозалға ертіп келмей ме. Біздің ауылда Кіші жүздің жағалбайлылары көп болатын. Жағалбайлы кемпірлер Бекежанды қарғап, «қыршынынан қиылғыр» деп қоймаса керек. Шешем марқұм ақырын: «Қарғыстарың өздеріңе көрінсін», – дейтін көрінеді. Соңына шыдамай, бірімен-бірі айғайласып, ұрсысып, кино біткенше шу-шұрқан болыпты. Менің Асқарәлі деген немере ағам бар еді. Жағалбайлының жігіттері сыртқа ерте шығып, әзіл-шыны аралас: «Жекпе-жек! Жекпе-жек!» – деп ұрандатыпты.
Тағы бірде Алматыда бір досым үйіне шақырып, барсам, тоқсандағы шешесі бар екен. Менің бетіме бажырайып ұзақ қарап: «Әй, мына оңбағанды неге ертіп келдің?!» – демесі бар ма. Біз күліп жатырмыз. Аздан соң көзі үйренген апамыз: «Өзің бір красиви бала екенсің», – деп қояды. Ол да бір қызық дәурен екен ғой…
Баяғы ағам, әкемнің інісі менің қанша киноға түсіп, атағым шыққанына қарамастан: «Бұл жолды қой, жібі түзу оқу оқы», – дегеннен қайтпады. ІІІ курста жүргенде ҚазГУ-ге сырттай оқуға тапсырып: «Міне, басқа мамандықта оқып жатырмын», – деп көрсеттім. «Мұның дұрыс болыпты», – деді. Кейін менің кино саласында жүргенімді естіп, «адам болмайсың» дегендей сыңай танытты. 1980 жылы КСРО Халық артисі атағын алғанымда өзі звондап: «Мына алғаның баяғыда – Серке Қожамқұлов пен Бибігүл Төлегенова алған атақ па?» – деп сұрады. «Иә». «Онда ауылға дос-жараныңның бәрін шақыр. Жуып берем». Ауылға жүз шақты адам бардық. Сонда ғана: «Бәрібір осы жолдан қайтпайтын түрің бар. Өнердің биігіне шық!» – деп батасын әзер беріп еді.

Мен өлмей – Шадияров өлмейді

Әшімов десе, Шадияров, Шадияров десе, Әшімов ойға оралады. Бірінен-бірін ажырату мүмкін емес. Құдды, қазақ киносының эпопеясы сынды. Асекеңнің өзі: «Мен өлмей – Шадияров өлмейді» дейді. жоқ, Асанәлі-Шадияров қазақ өнері барда мәңгі жасамақ…
– «Атаманның ақырындағы» Шадияров – өмірде болған адам. Кейбіреулер шалақазақ дейді. Енді біреулер татар дейді. Нақты ешкім білмейді. Мұны кино қылып түсіруді тапсырған Димекең екен. «Известияға» Шадияров туралы мақала шығып, соны оқыған соң: «Мынау киноға сұранып тұрған тақырып қой», – депті. Айманов көп өтпей жұмысқа кірісіп кетті. Мәскеуден сценаристерге заказ беріп, шығармашылық топты іріктеп, өмірінің жұмбағы мол чекист туралы кино түсіруді қолға алды. Шадияров байдың баласы екен. «Бай баласы» деген қалпақтан құтылу үшін Дутовты өлтіріп, басын әкелуге өзі сұраныпты. Тапсырманы ойдағыдай орындайды. Бірақ аз уақыт өткен соң, оған сенімсіздік тағы басталады. «Бұл – байдың баласы. Сенуге болмайды» деген сөз тарай бастайды. Бұлай жүрсе, өмірінің тыныш өтпейтінін сезген Шадияров Қырғызстанды басып, ары кетіпті дейді. Қайда бет алғаны, өлі ме, тірі ме, белгісіз. Бұл маған жақсы болды. Ары қарай жалғасын түсірдік. «Транссібір экспресі», «Сіз кімсіз, Ка Мырза?» фильмдері Шадияров өмірінің жалғасын өрнектейді.
«Транссібір экспресін» Мәскеуден оқыған талантты кинорежиссер Эльдар Оразбаев екеуміз Шәкенге ескерткіш ретінде түсірдік. Оразбаев Шәкеннің өкіл баласы секілді еді. Айманов дүниеден өткен соң, ол кісі бастаған істі жалғастырғымыз келді. Шадияровқа вагонда кезіккен қыз: «Сіз кімсіз?» – деген сұрақ қоятын жері бар. Оған атын айтуға мүлдем болмайды. Оразбаев осы тұстың қиюын келтіре алмай: «Қазақша бір шумақ өлең болса», – деді. Өзі орыстілді, қазақ әдебиетін білмейтін.
Райымбек Сейітметов үнемі:
Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?!
Мен – қазақтың баласы! – деген өлеңді оқып жүретін. Соны айтып ем, қуанып кетті. Ал «Сіз кімсіз, Ка мырзаға» 40 жыл жырақта жүрген қазақ тыңшысын Тәуелсіздік тұсында елге алып келу операциясы өзек болған. Білмейтін тілі жоқ, дүниежүзіндегі оқиғалардың бәрінен хабардар әлемдік адамның туған жеріне оралуы.
Шадияров өмірін арқау еткен үш фильмді жалғап тұрған жіп – Айманов орындайтын «Жиырма бес» әні. Бұл ән – осы фильмдердің өзегі.
Меніңше, бұл фильм әлі де аяқталған жоқ. Мен өлмей – Шадияров өлмейді! Соңғы нүктесін қойсам деген арманым бар…

Түйін:
Аңызға айналған Әшімов өзінің алдындағы абыздар шоғырын жиі есіне алатынын айтады. Олар: елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Шәкен Айманов, Қалибек Қуанышбаев, Қали Байжанов, Кәукен Кенжетаев… Корифейлер. Кездесуде халық артистері Нүкетай Мышбаева мен Есмұхан Обаев салиқалы, сағынышқа толы әңгіме өрбітті. Әшімов әлемінен мол ақпар берді. Әшімов айтқан «ағалар әзілінен» оқырманға тәбәрік ретінде бірнешеуін мақала арасында ұсынып отырмыз.


Қаллеки мен Аймановтың әзілі өте жарасымды екен. Қаллеки өмірінің соңында қатты сырқаттанып жатқанда, Шәкен съемкада болып, уақытылы көңіл сұрап келе алмапты. Екі-үш ай өткен соң әзер жеткен бойда Қаллекидің үйіне кіріп келсе, Қалекең теріс қарап жатып алыпты.
– Ей, шал, тұр! Саған не болды? Карта ойнаймыз ба? Ақшаң бар ма?! – депті Айманов.
Аймановқа әзер бұрылған Қалекең балаң үйрек пен ортан теректің арасынан бас бармағын көрсетіпті. Содан бес минут өтпей, бұл өмірмен қоштасыпты. Өліп бара жатып та әзілдеп кеткен ғой…


Күйші Әбікен Хасенов пен Қалекең (Қалибек Қуанышбаев) әзілі жарасқан дос болыпты. Екеуі бір кезіккенде Қалекең Мәскеуге жиналысқа барып келгенін айтыпты. «Не көрдің? Жиналыста не айтылды?» – десе, жөнді жауап айтпай, Мәскеу буфеттерінің айрандарының дәмді екенін әңгіме қылады екен. Орыс тіліне шорқақтау ғой. Жиналысты толық түсінбесе керек…
Ертесі Хасенов Қуанышбаевтың үйіне қонаққа барса, алдынан қанден иті жүгіріп шығып, балағына оралыпты.
– Мына итім осы тұрған бетінде төрт тіл біледі. Қызыммен немісше, ұлыммен орысша, әйеліммен қазақша еркін сөйлеседі. Ал өзінің ана тілі – ит тілін қосқанда, төрт тілге жетік, – деп, Хасенов не дер екен деп қыжыртыпты.
– Әй, Қаллеки, сен өзің ғой, бірде-бір шет тілін білмейсің. Ендеше, текке сандалмай, орныңа осы полиглот итіңді жібере салмайсың ба? – депті Хасенов.


Театрда слесарь болып жұмыс істейтін бір орыс отбасы бар еді. Театр подвалында тұратын. Солардың отағасы қайтыс болыпты. Шәкен Айманов ағамыз актер Мәнтай Сыздықовты қасына ертіп алыпты.
Жол-жөнекей:
– Сен Мәскеуде оқыдың ғой. Көңіл айт, – деп ескертіпті. Әдейі ғой. Өйткені, Мәкең Мәскеуде оқығанымен, орысшасы өте нашар екен.
Барған соң Айманов Сыздықовқа қарап иек қағыпты.
– Вася сегодня умер, да?– депті Мәкең.
– Да, да, – дейді үй иесі.
– Сегодня Вася умер. Завтра ты умираешь. Послезавтра все твой дети умираеть. До свидания, – деп шығып жүре беріпті, жарықтық. Орыс не дерін білмей, түкке түсінбей: «Что ты говоришь?» – деген күйі қала беріпті. Сондағы айтпақшысы: «Өмір деген осындай жалған. Өткінші. Бәріміз өлеміз. Мәңгілік ешкім жоқ», – деген ойды жеткізгені ғой…


Жазып алған

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Суретті түсірген
Самат ҚҰСАЙЫНОВ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір