Түркологияның білгірі
22.05.2019
1170
0

Ескі аңыздар бойынша, «басында мүйізі бар екенін ел біліп қоймасын» деп, талай шаштаразды мерт қып отырған, жан баласын маңына жолатпаған Ескендір патша ұстаз алдында бас иген деседі. Оның: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге қажеттінің бәрін алдым», – деуі – аңыздан гөрі ақиқатқа жақын. Демек, ұстазға құрмет адамзатқа міндет.

Сонау 1985 жылы арман қала Алматыға бар ынта-жігерімізбен оқуға деген жастық құлшыныспен келгенімізде, алдымыздан әкеміз бен анамыздай боп, қарсы алған ұстаздар бейнесі «мен» тәлімді тәрбиесі, өнегесі көкіректе әлі сайрап тұр.
Сол кездегі С.М.Киров атындағы қара шаңырақ – Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, ұлттың мен деген тұлғалары, ұстаздарымыз З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Т.Сайранбаев, Х.Кәрімов, С.Мырзабеков, Б.Сағындықұлы, Ж.Дәдебаевтардан білім алғандығын кім айтып, мақтанбас? Әрине, сол кісілердің алдын көріп, қазір өзіміз де соларға ұқсап бағуға тырысып жүргенімізді Хақтың берген бұйрық-сыйындай көреміз.
Берікбай ағай Сағындықұлының алғаш сабақтарына қатысқан кезімізді еске алсам, балалығымыз ойыма келіп, еріксіз езу тартам. Ол кісі бізге «Лексикология» пәнінен дәріс оқыды. Ағайымыз аудиторияға кірген кезде шыбынның ызыңы ғана естілетіндей тыныштық орнайтын. Демімізді ішімізден алып, ұстаздың әр айтқан сөзін сілтідей тынып, тыңдайтынбыз. Бақсақ, ағай тек білім беруге келгенде ғана ұстанымы жоғары, талабы биік екен де, былайша өмірде балажан, ақкөңіл кісі болып шықты. Талай баланың шамшырағын жағып, қолымен білім мен ғылымның шыңына жетелеген ұстаз еңбегінің өтеуі ешқашан да ештеңемен өлшенбейтіндігін қазір сезініп, біліп-қанығып жүрміз.
Берікбай Сағындықұлының түркітану­дағы еңбегі ерекше екендігін күллі қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен тарихын жете білетін, зерттеп жүрген көзі қарақты ғалымдар ғана емес, былайша оқырман да жақсы біледі. Ағайдың ғылым саласындағы ең бірінші бағыты – түркология, екінші бағыты –  көне түркі, ескі түркі, орта түркі жазба ескерткіштерін халық игілігіне айналдыру болса, үшінші ғылыми бағыты – қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы, ал төртінші бағыты – теология. Осы сан қырлы саланы зерттеп, адами биік сана-сезіммен кейінгіге мұра етіп қалдырудан жалыққан емес. Тынығуды білмейтін не өз еңбегіне төлем сұрамайтын нағыз ғылым иесі екендігін дәлелдеп келеді.
«Түркітану» деп айдар тағылып, қан­шама жылдар бедерінде талай ғалымның бағын ашып, әйгілі еткен, оның есесіне талайдың жастық шағы мен көз майын тауысып, ұрлаған осы бір қиын ғылыми жолда өз шәкірттеріне тек адалдық, ғылымға деген өлермендік үлгісін көрсетіп келе жатқан Берікбай Сағындықұлының ерен еңбегі ештеңемен де өлшенбейді. Сол ғылымға шын берілген ұстаз Берікбай Сағындықұлының жетекшілігімен қаншама шәкірт ғылым жолындағы өз таңдауын жасап, «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» кредосын дәлелдеп жүр.
Көп шәкірттің қатарында маған да түркі дүниесінің көне жазба ескерткіштерінің тілін зерттеу бағытының бақыты бұйырды. Көне жазба ескерткіштердің ұлт руханияты үшін құндылығы мен баға жетпес рөлін анықтауға сәл де болса септігім тисе деген адамдық арман қанатында диплом жұмысын қорғап, содан соң кандидаттық жұмыс жазу бұйырғандығына өзімді бақыттылардың қатарынан санадым. Сол студенттік кезден бастап, біздің әрбіріміздің алған тақырыбымызға ерекше ынтамен жіті қарап, өз білгенін айтудан, үйретуден жалықпаған ағайымыздың еңбегінің қандай адал екендігін ойласам, жүрегім елжіреп кетеді. Шәкірттеріне жігер оты мен бойларына салмақты да сабырлы мінез ұялата отырып, ғылым жолының қаншалықты ауыр да қызықты, таптырмас мәңгілік қазына екендігін де ағайымыз үнемі көкейімізге құятын…

Г.Ж.Баялиева,
филология ғылымдарының
кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті

(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір