Қоғамға Тағанның көзімен қарағым келеді
22.05.2019
1436
0

Бақыт ТУШАЕВ, актер:

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының актері, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Бақыт Тушаев сомдаған образдар қатарында әртүрлі кейіпкерлер бар. Ол балалар қойылымында біраз спектакльдарда негізгі рөлдерді сомдады. Ересектерге арналған драмалық, траги-комедиялық жанрдағы талай қойылымда басты рөлдерді сәтті алып шықты. Өнер иесімен болған өзекті ойларын ұсынып отырмыз.

Балалық шағым туралы

Ақын-жазушылар шығарма­ларында қызықты да бақытты балалық шағын жиі айтады. Тіпті телеарналарда балалық шағының қызықтарын айтып, ауыздарының суы құрып отырады. Шыны керек, мен балалық шағымды сағынған емеспін. Сол күндер қайтып келмесе екен деймін. Менің бала шағымда Алматы облысы Шелек өңірі түгелдей темекі егетін. Жаз бойы темекі еккен атыз басында уақытымыз өтетін. Жазғы демалыс болмаса екен деуші едік. Темекі атызын көргіміз келмейтін… 1990-2000 жылдары қалай қиын болғанын, ауылдың қалай тоқырап, жұмыссыздықтың екі бүйірден қысқанын ұмыта қоймаспыз. Ондай балалықты қалай сағынасың?!
Өнер академиясына түсуім ұзаққа созылды. Мектеп бітірген жылы қалаға келіп, оқуға тапсыруға отбасылық жағдайымыз мүмкіндік бермеді. Қаржы болмады. Екінші жылы бойың толмайды деп қабылдамады. Үшінші жылы қатты ауырып, өнер түгіл жан қайғы болды. Әзер аман қалдым. Тек төртінші жылы алғашқы ұстазымыз Жанат Ысқақовтың тобына қабылдандым. Бізді Жанат Ысқақов пен Лидия Кәденова екеуі таңдап алды. Лидия апайымызды бір көру арманымыз еді ғой… Жанат ағамыз өмірден ерте өтті де, екінші курстан бастап Құдайберген Сұлтанбаев ағамыз қарамағына алды.

Тазша баладан басталған жол

Ғ.Мүсірепов театрының бір артықшылығы – балалар және жасөспірімдер театры болғандық­тан, рөл алу, театрға тез бейімделу жағынан мүмкіндік мол. Күндіз балаларға арналған қойылымда ойнасақ, кешке ересектерге ар­нал­ған спектакльдарда өнер көрсе­теміз. Басқа театрлар 10 жылдап күтетін рөлдерді біз бірер жылда сомдауымыз мүмкін. Ең алғаш театрға келе салып, көп өтпей «Тазша бала» қойылымындағы Тазша бала образын маған берді. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік еді. Жанымды салып ойнадым. Көрермен де, театр актерлері де жылы пікірін жиі айтатын. Кейін Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» қойылымындағы Бекболаттың рөлі бұйырды. Бұл театрға жаңа келген жастардың бәріне бұйырмайтын бақ еді.
Осы күнге дейін қаншама рөлдерді сомдадым. Театрда үлкен-кіші рөл жоқ. Шағын эпизодтағы кейіпкердің кейде бас кейіпкерден артық әсері болса, ол актердің шеберлігі. Мен қай рөлді алсам да, жеріне жеткізе ойнауға тырысамын. Десе де, «Тазша бала» мен «Күшік күйеудің» Бекболаты ыстық. Осы күні Бекболатты жас актерлер сомдайды. Солардың ойынына қарап отырып, үш-төрт ай дайындық кезіндегі осы спектакльдің барлық қалтарыс-бұлтарысын еске аламын. Ондағы әр қимыл, әр өзгеріс маған таныс. Жастар буыны біз көрсеткен жол бойынша келе жатыр. Олардың Бекболаты –біздікінен көп өзгешелігі жоқ Бекболат.

Жантық – қазақтың Ягосы

Гамлет рөлі бұйырмады деп қаншама актерлер өмірден баз кешкені тарихи деректерде өте көп. Абай бола алмағаны үшін қайғы шегіп, ішіп кеткен актерлер де бар… Мен өз өмірін белгілі бір образдар үшін өксітетіндер сапынан емеспін. Театрда өзіңе қандай рөл бұйырса да барыңды салып ойнау міндетің. Саған бұйырған әр рөл – сенің бақытың. Оны бағалай білуің керек.
Мен белгілі режиссер Жанат Хаджиев сахналаған қойылым­дардың 70-80 пайызында негізгі рөлдерді ойнадым. «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Жантық рөлі әлі күнге өзіне тартып тұрады. Бұл образ өзіме етене жақын. Негізі, мен екі құрамда да болған жоқпын. Бірақ репитициядан қалмай, көрермен болып отырдым. Екі құрамның да ойынын көріп, Жантықтың орнына өзімді қойып, Жантық боп өмір сүрдім. Ақыры, режиссер мені үшінші Жантық етіп бекітті. Екі құрамдағы актерлер жоқ бола қалса, мен шығамын. Сөйтіп жүріп Жантықпен бірге өзім де бір биікке көтерілдім. Жантық – Яго. Бұл – өте күрделі образ. Жантық – ерте заманның емес, бүгіннің де кейіпкері.
Егер маған: «Өзің ойнасам» деп армандайтын рөлің бар ма?» – десе, онда «Атаукередегі» Тағанның рөлін сомдар едім. Таған – біздің болмысымыз. Ол – қатал қоғамның кесірінен жолы болмаған, дәрменсіздік дертінен жапа шеккен, өзінің білетінін іске жаратуға мүмкіндік таппаған, бөгде мінезді жат ұрпақтың тепкісіне ұшыраған қаншама тағдырдың, керек болса, түркітілдес талай халықтардың мүшкіл халін айшықтайтын образ. Мұндай күрделі бейнені ашу үшін мықты режиссермен қатар, Тағанды жанымен түсінетін актер керек. Өз басым Оралхан Бөкеевті қазақ әдебиетінің теңдессіз классигі деп білемін. Алдағы уақытта өзім қаржысын тапсам да, «Атаукере» қойылымын қайта сахналатып, осы рөлді сомда­ғым келеді. Қазір жасым да «Атаукередегі» Тағанмен қарайлас. Уақыт күтпейді. Бар арманым – Тағанның көзімен қоғамға, қоғамның көзімен Тағанға қарау.
Одан бөлек психологиялық образдарды сомдағым келіп жүр. Өз жан-дүниемізді ашатын, адам болмысын тереңнен түсіндіретін бейнелердің әлеміне үңілгім келеді…

Жазып алған
Т.ӨСКЕНБАЙ

(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір