«ҚОРҚЫТТЫҢ КӨРІ» – МАЖАРСТАНДА
22.05.2019
1837
0

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры гастрольдік сапармен екі бірдей шетелге барып қайтты. Жүлдесіз емес. Назарларыңызға әкем театрдың директоры Сәбит Әбдіхалықовпен сұхбатты ұсынамыз.

– Әуезов театры шетелдегі гастрольдерден олжалы оралды деген ақжолтай қуаныш құтты болсын!
– Рахмет. Театр ұжымы екі бірдей шетелдік гастрольге қатысып қайтты. 22-29 сәуір аралығында Дағыстан астанасы Махачкалада өткен театр фестиваліне «Сүйікті менің ағатайым» («Дядя Ваня») спектаклімен қатысып, он сегіз ұлттық театрдың ішінен бас жүлде алды. Режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Үздік әйел бейнесі де біздің актрисамыз Жанель Мақажанға бұйырды.
Мажарстанда жыл сайын өтетін театр фестиваліне де қатыстық. Мадиярлар аттай қалап шақырған – Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» туындысының Ионас Вайткус сахналаған нұсқасы. Өте үлкен табыспен өтті.
– Бұл кәсіби шараға алғаш рет қатысуларыңыз ба?
– Иә, Дағыстандағы «Каспий жағалауын­дағы мемлекеттердің ұлттық театрлары» фестивалі тұңғыш рет өтті. Ал, алтыншы рет өткен Будапешттегі халықаралық театр кездесуіне труппаны өзім басқарып бардым. Сондықтан осы туралы айтқаным орынды болар. Бір айға созылатын «Будапешт көктемі» атты дәстүрлі фестиваль жыл сайын өткізіледі. Ол Торун, Мәскеу Театр Олимпиадасы, Пассаж фестивалі, Александрия фестивалі, Наурыз, ГогольФест кәсіби шаралары сияқты өте ауқымды болмаса да өзінше ерекше шара. МИТЕМ (Madach International Theatre Meeting) Мадач Имре театр жүздесуі ұлттық өнердің аса көрнекті тұлғасы, драматург Мадач Имренің (1823-1864) құрметіне арналған. Мадияр ханзадаларының тұқымынан тарайтын санаткер, әрі саясаткер тұлға Мадачтың өлеңмен жырлаған пәлсафалық «Адам трагедиясы» туындысы әлем театрлары репертуарынан мықтап орын алған.
– Бұл фестивальға қатысу туралы ұсыныс қайдан түсті?
– Әлем театрларын жинап, бір-бірімен тәжірибе алмасып, шығармашылық тандемде болуына ықпал жасаған фестиваль ұйымдастырушысы – Мажар Ұлттық Театры. Ұсынысты еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі қолдады. Осы орайда, министр Арыстанбек Мұхамедиұлының академиялық театрдың халықаралық аренада қазақ өнерін насихаттауына толық қолдау жасап отырғанына рахмет айтамыз. Еліміздегі қарт театрдың ұжымына жылына кемінде екі рет шетелге гастрольге шығып, шеберліктерін шыңдауына, ұлт өнерінің өресін әлемге паш етуіне мүмкіндік жасап отыр. Франциядағы «Қорқыт» қазақ мәдениет орталығының қызметкерлері Матаева мен Ерсайыноваларға да мың алғыс.
– Енді шараның қалай өткені туралы айтсаңыз?
– Әріптесім, идея иесі Виднянский Аттиланың айтуына қарағанда, қазірге дейін бұл шараға 32 елдің 90 театры қатысыпты. Биыл алтыншы рет өтіп отырған театр жүздесуіне Еуропа елдері мен ТМД аумағынан 11 елдің ұжымы қатысқан. Ұсынған тақырыптары да әралуан: дегенмен театр өнеріндегі классикалық туындыларға айрықша орын берілген. Атап айтсақ, Прага театры «Гамлетті», Украина Ұлттық театры Шекспирдің «Кориалан трагедиясын», Словакиядан Комаром мадияр театры Достоевскийдің «Нақұрысын» әкеліпті. Ал, Чеховтың туындыларынан «Ивановты» Серб Ұлттық театры, «Шие бағын» Мадияр Ұлттық театры, «Ваня ағайды» Мәскеудегі Вахтангов театры қойды. Сонымен қатар, Галиаскар Камал атындағы Татар Мемлекеттік театры, Берлинер Енсембле театры, Лиссабон театры, Швед императорлық театры, Литвадан Клайпеда Драма театры заманауи тақырыптарды толғаған пьесаларымен келіпті. Мәселен, даниялық Один театрының соғыс құрбандары тақырыбын толғаған «Күнәсіздер трилогиясына» үш күн берілген.
Фестивальдағы бір ерекшелік – әр театр өзінің ана тілінде ойнайды, ал мадияр және ағылшын тіліндегі аудармалары экраннан жүгіртпе жолдармен берілген. Кейбір пьесалар екі тілде берілді. Мысалы, француздардың вьетнам соғысы тақырыбына арнаған «Сайгон» туындысы француз және вьетнам тілінде берілді. Ал, Клайпеда театрының ойыны дан, испан, ағылшын, румын, чех, баск тілдерінде аудармасыз берілді. Жалпы, литвалық режиссерлердің Еуропадағы танымалдығы өте жоғары екенін байқадық. Біздің «Қорқыттың көрі» туындысын сахналаған да литвалық шебер Вайткус.
– Ол жақта тағы қандай шараларға қатыса алдыңыздар?
– Қойылымнан бөлек, біздің ұжыммен арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Себебі, Қорқыт оларға да жат емес. Көне заманның бет-бейнесін театр сахнасында көруге ынта-ықыласы зор болатындығы осыдан. Мажарстанда оғыз заманының жазба мұралары «Көроғлы» мен «Қорқыт Ата кітабының» үзінділері бірнеше мәрте жарық көріпті. Оның бір нұсқасын жасаған ұзақ уақыт бойы Мажарстан Сыртқы Істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған, көрнекті саясаткер Келемен Андраш мырза барлық шараға қатысты, пікірін білдірді…

Әңгімелескен
Бабақұмар Хинаят

(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір