Егор СамОйлович
22.05.2019
1958
0

Насыр ФАЗЫЛОВ

(Сәбит ағадан естіп)

Қазақстан Жазушылар одағының кіреберісіндегі кең фойе. Үш-төрт жас жазушы залдың оң жақ қабырғасындағы Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақ жазушыларына орнатылған ескерткіш маңында әлденелер жайында қызу пікірлесуде еді. Мәрмәр тасқа қашап жазылғандардың аты-жөні алтын әріптермен оюланған. Сәбит аға жоғарыдан түсіп, әлгі жастарға қарай беттеді. Олардың ақсақалға жапатармағай берген сәлемін қабыл алған соң өзі де мәрмәр тасқа көз салды. Майданда опат болған қаламдастарына іштей дұға жасағандай болды да, есік жаққа беттеді. Шығуға таянғанда көңілінде бір нәрсе тұрғандай болғанымен, оған аса мән бермеді. Үйіне жетіп, диванға жамбастағанда манағы белгісіз ой қайта айналып соқты. Диван жанында тұрған телефонға қол созды.

– Алло, әй, Әбділда бар ма? Жалғай салшы, қарағым…
Сәбит ағаның телефондаған Әбділдасы – белгілі ақын Тәжі­баев еді. Ол сол кездері Жазушылар одағының бірінші хатшысы болатын.
– Әй, Әбділда, мен ғой…
Телефонмен біруақ сөйлескен Сәбит аға одақтың фойесіне қойылған мәрмәр тасты, ондағы әріптес-қаламдастардың есімін есте қалдыру үшін жасалғанын, оның сауап іс екенін айта келе, тастағы жазуды қандай ұстаның қашағаны туралы да сұрады. Ар жақтан бір әзіл сөз айтылған болу керек, Сәбит аға диванда жатқан бойы бүкіл денесімен селкілдеп күліп алды да:
– Қайтесің, кейін өзіңе айта­мын, – деді, күлкісін әрең тыйып. Аржақтағы бірнәрсе деді білем, бір сәт үнсіз қалып, сөзін жалғастырды:
– Болады, сол айтқан адамың­ды ертең жібер. Демалыс қой, ұста үйінде болар. Мені сонда алып барсын!
Ертеңіне қара «ЗИМ» көкба­зар жанындағы аласа ғана қара­па­йым үйдің алдына келіп тоқтады.
Әбділда жіберген бала ылдым-жылдым екен, машинадан лып етіп түскен бойда, үйдің қақ­пасының қоңырауын баспай-ақ аулаға еніп кетті. Сәбит аға да көліктен түсіп, жан-жағына барлап қарай бастады. Ойына орталықтағы салынып жатқан биік, жаңа ғимараттар оралды. Мына ағаштан салынған фин үйлері қайта-қайта сырлана бергендіктен, ауырлай түскендей шөге бастапты. «Жақында ға­на сияқты еді, Қазақстан мемлекет­тік баспасы да осы арада болатын». «Ол жерде де қызмет істеп едім-ау» деген ойлар қаумалап алды. Манағы бала іштен орыс кісіні ертіп шықты. Бүкшиген, бетін әжім басқан, темекіні көп шеккендіктен саусақтарының ұшы мен тырнақтары сарғыш тартқан, жұпыны кісі. Сол сәт «сыйқы мынадай болса, ісі қан­дай болды екен?» деген ой сап ете қалды. Көңілі толмағанын байқатып, енжар сәлемдесті.
– Здрәсти!
– Здравствуйте!
– Как величать вас!
– Егор Самойлович.
– Значит по казахский Жагор Самойлович, – деп күлді Сәбит аға.
– Солай, ақсақал, – деді, қазақ­шалап Егор Самойлович.
– Ойбай, қазақша білгенің жақсы болды ғой. Құлақ сал, Егор, знашит…
Сәбит аға ұстаға тауға шығу ке­ректігін, онда үлкен тасқа үш-төрт ауыз сөзді қашап жазу қажеттігін айтты. Ұста оның сөзіне мән бермегендей, «Беламорын» үсті-үстіне құшырланып тартып, естімегендей тұра берді. Аға ойындағысын түгел айтып болдым дегендей:
– Бола ма?
– Болады-ы, – деді ұста, «ы» сөзін созыңқырап, – жүз сом!
– Төрт ауыз сөзге ме? – де­ді Сәбит аға оның төбеден түс­кен­дей дүңк еткен жауабына қанағаттанбағандай, – жетпіс бес алсайшы…
Ұста үйіне үндемей кіріп кетті. «Не болды? Білдірген наразылығы ма? Жетпіс бес сомға көңілі толмады ма? Неге бір сөзге келмей кетіп қалды?» – деп ой тереңіне бойлап кеткен Сәбит аға, кенет сырты әбден жылтырап, тозығы жеткен брезент дорбаны арқалап келе жатқан ұстаны көріп, көңілі жайланды.
Машинаға отырды. Бүгін демалыс күні болғандықтан ағаның үлкен ұлы Арыстан рульде еді. Оның жанында отырған Сәбит аға ұстаны әңгімеге тартты.
Айтуына қарағанда ұста жергілікті тұрғын. Соғыс басталмай тұрып осындағы политехникумда оқыпты. Майданда Мәскеу маңын қорғапты. Қазір қалалық коммуналдық шаруашылықта істейтін көрінеді: түрлі ғимарат­тарға карниздер жасайды, тастан жасалған бұйымдарға әртүрлі нақыштар, өрнектер салады, бір сөзбен айтқанда, декоратор болып істейді.
Көлік Медеу шатқалына көте­рілді, сарқырап ағып жатқан сай бойына тоқтады. Сәбит аға ұстаға ортада домалап жатқан тасты көрсетті.
Табиғаттың тамылжыған сұ­лу­лығы ұстаға да әсер етті білем, тасты айнала бере:
– Д-а-а-а ! – деп дауыстап жіберді.
– Мына жеріне, – деді Сәбит аға күнгей беткейдегі жалтырап тұрған жерін аса таяғымен түртіп.
– Саты керек, ақсақал! – деді ұста.
Арыстан: «Қазір», – деді де төмен қарай көлігімен зуылдай жөнелді. Аз уақыт өтпей жи­налмалы саты тауып келді. Оны әлгі тасқа сүйеп қойды. Сатының аяғы суда, ас­тындағы мөлдір судан әртүрлі уақ тастар моншақтай шашылып жатты. Ұста тасқа ыңғайлап сатыны сүйеді де, берірек келіп тіктеліп қарады. Қолындағы попиросын басып-басып тартып алды да, тұқылын лақтырып жіберіп, іске кірісті.
– Текст қайда, ақсақал?
Сәбит алдын-ала жанқалта­сындағы блокнотқа жазып қойған мәтінді ұсынды. Онда:
«Бұл жұмыр тасты бауырым Мұса Айбекке сыйға тартамын»…

Сәбит Мұқанұлы
03.VI.1962 жыл

(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір