Сөнбеген сезім
22.05.2019
2531
0

Әділ ДОСАНОВ

(әңгіме)

– Махаббат адамның тұла бойында өмір бойы сақталуы мүмкін бе?!
– Мүмкін емес, мен сенбеймін.
– Ал, мен ширек ғасыр ұмытылмаған сөнбеген сезімнің кездейсоқ куәсі болғаным бар.
– Уақыт бар ғой, бізде, айтыңыз ендеше!
– Әрине…

Ол кезде мен облыс орталығындағы қызметімнен қала маңындағы ауданға, мекеме басшысының орынбасары қызметіне тағайындалып, лауазымды орынтақтың буына пісіп жүрген кезім. Жасым 25-ке жаңа толған шақ. Бастығым бұрын жоғары қызметте болған, өзімнің туған ағам іспетті қамқоршы, өз ісінің маманы, сауатты, іскер азамат. Менің қолға алған ісімнің бәріне қолдау көрсетіп арқаландырып отырады. Қажет кезінде ақыл-кеңесін айтып, жөн-жоба көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, «Жақсы басшы – жарты бақыт» деген мәтелдің растығына көзім жеткендей. Ұжымымыз да ұйымшыл, мені сырттан келген жас маман деп жатсынған емес. Соның әсері болар көпшілікпен қоян-қолтық жақын араласып, тез үйренісіп кеттім.
Мамыр айының мейрамдарынан соң кеңсеге келіп, орныма жайғаса бергенім сол еді, алдымдағы телефон шыр ете қалды. «Маған шұғыл келіңіз!» – деген бастығымның қатқылдау даусынан тығыз шаруа барын сезіп, қатар орналасқан қарама-қарсы кабинетке бас сұқтым.
– Кел бері, Әлібек, жақынырақ отыр.
– Мынау бүгінгі атқарылатын жұмыстар­дың іс-жоспары, кешендік бағдарлама бойынша ақпарат кешке дайын болады.
Бастығым үлкен қоңыр көздерімен маған тесіле қарап:
– Ағымдағы жұмыстардың реті бола жатар. Екеумізге аудан басшысынан ерекше тапсырма түсті. Біздің ауданға Орталық комитеттің жауапты қызметкері келіпті. Аудан басшыларының үстінен жазылған арызға байланысты облыстағы басшыларға ескертілмей шұғыл Алматыдан келген. Арыз Орталық комитет хатшысының қатаң бақылауында! Сондықтан, 2-3 күн мерзімде шұғыл тексеру жүргізіледі. Бірінші хатшы тексерушіні жақсы қарсы алып, жағдайын жасауды маған тапсырды.
– Жақсы, бәрі дұрыс болады, Қадыр Әлімұлы!
– Онда жөнел, ол кісіні ауданда өзім қарсы алып, шаруа реттелген соң, тауға өзім алып келермін, басқа тығыз шаруа шықпаса, түскі ас уақытында сол жерде боламыз. Сен бізді сонда қарсы аларсың.
Сыртқа шыққан соң, есеп бөліміндегі дайын отырған екі келіншекті алып, машинаға отырып, орталық дүкеннен алдын-ала дайындалған азық-түлікті тиеп, таудағы демалыс үйіне тарттық. Біз келгенде, мұндағы дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде екен. Қонақжай меңгерушісі Борис ағайдың іскерлігі ғой, осындағы күтуші адамдар өзіне тиісті шаруаларын ың-шыңсыз атқаруда. Айнала тап-таза, мал сойылып, еті қазанға салынып та қойылған. Салқын ауа, самал жел, алқызыл қызғалдақтар табиғатқа ерекше шырай беріп тұрғандай. Борис ағаймен бірге қонақ күтудің жайын пысықтап, керек заттарды түгендеп шыққанша мұндағы шаруаның бәрі дайын болды.
Белгіленген уақыттан сәл ертерек бастықтың қара түсті «Волга» машинасы есік алдына келіп тоқтады. Алдымен артқы есік ашылып, сол жағынан бастығымыз Қадыр Әлімұлы, оң жақ есіктен бейтаныс, жасы қырықтар шамасындағы, аққұба жүзді, ортадан сәл жоғары бойында ешқандай артық еті жоқ, қой көзді, қазақы бет-пішінді жігіт жеңіл ырғып түсті. Үстінде ақшыл көк түсті костюм-шалбар, ақ көйлегіне байланған қоңырлау галстугі керемет жарасып тұр. Аяғында қоңыр түсті былғары туфли. Тұла бойы үйлесімді-ақ, маңғаз тұрысы осы өңірге ерекше көрік беріп тұрғандай.
– Ал, Әлібек, қонақтарды жақсылап қарсы алыңдар, бұл кісі ауданға арнайы іс-сапармен келген Орталық комитеттің жауапты қызметкері Оралжан Махметұлы ағаң. Орекеңмен біз партия мектебінде қатар оқығанбыз. Сондықтан менің шақыруымды қабыл алып, осында келді. Ореке, жақсылап кешке дейін осында дем алыңыз, бұл жердің ауасы тәнге шипа, денге қуат, атқа мініп, тауға шығайық, анау өзеннен тау балығын аулаймыз. Сіздің қалауыңызға орай барлық жағдай жасалады.
– Рақмет, Қадыр Әлімұлы! Менің басты шаруам демалыс емес, тапсырылған шаруаны тезірек бітіруім керек, сіз соны қадағалап, қажетті ақпараттың дұрыс күйінде, сапалы, толық жиналуын қамтамасыз етсеңіз дұрыс болар еді?!
– Жарайды, Ореке, онда сізден рұқсат болса, мен ауданға барып, шаруаны бітіре берейін. Маған сеніңіз, бәрі ойдағыдай болады. Менің орынбасарым сізбен қалады, жақсы көңіл күйде әдемі демалыңыз, – деп орталыққа жүріп кетті.
Орекең үйге кіріп, көмекшісі алып кірген чемоданнан киімін ауыстырып судай жаңа спорт костюмімен, ақ-қызыл түсті кроссовкамен қайта шыққанда, басқа адамға айналып кеткендей болды. Сымбатты түр-тұлғасына қыз-келіншектер былай тұрсын, жігітке менің өзім таңқалғандаймын. Сөз сөйлеу мәнері де өзгеше, бірде қатқыл, әмірлі болса, бірде баяу қоңыр дауыспен ақырын сөйлейді. Тұла бойынан туа біткен бекзат болмыс, тәлімді тәрбие, терең білімі байқалып тұр. Ұсынылған қымыздан екі ұрттап, кейін қайырып, наннан сәл ауыз тиегені болмаса, сықиған дастарханнан ештеңе жеген жоқ…

(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір