ҚЫЗЫҚТЫ ЖАЗУШЫНЫҢ ӘЛЕМІ
21.05.2019
1016
0

Жазушы Молдахмет Қаназдың шығармашылығы хақында

«Біздің әдебиетке Молдахмет Қаназ халқының асыл қасиеттерін жырлау үшін келген секілді көрінеді. Несі бар, тамаша талап! Биік мұрат бұл! Біз Молдахмет творчествосынан оның тұрғыластарының көпшілігінде ұшыраса бермейтін кейіпкерлерді, ұлттық мінезді жиі көреміз.

Басқасын былай қойғанда, Қаназдың алғашқы әңгімелерінің бірі «Бұру жолдағы» бір ауыз сөз үшін соншама шаруаларынан қалып, ақиқат үшін айтыс-тартыспен түу жер түбіндегі төрелік берер ақсақалға барып жүгінетін Пірімбет пен Оқас; қартайған шағында туған жерінен қол үзуге мәжбүр боп, кіндік қаны тамған жерді өліп-өшіп аңсаумен өмірін өткізіп жатқан науқас шал – анау «Жусан иісті жүрдек пойыз» дейтін әңгімедегі Емберген қария – тап осындай тап-таза қазақы характерлер. Оларды ағылшынның да, француздың да, немістің де, орыстың да, ешбір елдің де шығармашылығымен шатастыра алмайсың. Нағыз ұлттық мінездер! Ол – ол ма, бір ғажабы, біздің Молдекеңнің адамдары түгілі, түу қияндағы ескі қыстауда туып-өскен Төрткөз итіне шейін, анау аңыз-ертегілеріндегі аң-құстарына шейін, тап-таза осы өлкенің төл перзенттері екенін жазбай танисың. Бұл не деген сөз? Бұл – жазушының өзі алып отырған объектісін өте жақсы білетіндігі және соны көзбен көріп, қолмен ұстатқандай етіп бере алатын шеберлігі деген сөз!».

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті сөз зергері, әйдік прозашы Қажығали Мұханбетқалиұлы ағамыздан осындай жоғары баға алған Молдахмет Қаназдың кітабы қолыма тиді. Даланы сағынып, қалаға сыймай жүрген ұлға ауылға барып келудің ең тура жолы дерсің, тегі! Даланың ұлы әуелі жусанның иісін, кейін аттың жалын сағынады. Кітапты ашып қалғанда алдымнан атып шыққаны да – осы екі бірдей қадірлі қасиет. Жаңа туған құлын. Құлынның танауын жарған дала иісі. Құлынның көзімен қарағандағы жаңа да бейтаныс әлем.
«Тосын иіс көкірек қапты, таныс бірдеңе тұла бойын тағы бір жыбырлата түсті, сол таныс дәуге еріксіз жақындай түсті: бүйірін тақап еді, жанға жайлы жылылықты сезінді, тұмсығымен түртінектеп еді, түу баяғыдан, баяғы болғанда әу болжап болмайтын заманнан, ет бауырын елжіретер етене жақын хош иіс тұла бойына жылылық рухын таратып, көкірегін шымыр-шымыр қуалай жөнелді».
Осы бір үзіндінің өзінде қаншама қою теңеу жатыр?! Жазушы шеберлігінің бір қыры – осы. Теңегенде де сол бір бағзы, сол бір таныс та бейтаныс, түсінікті де түсініксіз дүниелермен салыс­тыра, қанымыздағы (ген мағынасында) қасиеттерді қайта тірілтіп, бейсананың зындан түкпіріндегі жып-жылы естеліктерді көз алдыңа қайта алып келіп, жаңа түстегі, балалықтың тәтті табы сіңген әдемі түстегі қиялға оңай қондыра салады…

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
ҚР «Дарын» Мемлекеттік
жастар сыйлығының лауреаты

(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір