«АШЫҚҚАН ДАЛА»
21.05.2019
2345
0

Смағүл ЕЛУБАЙ

Америкалық тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, Мэриленд университетінің оқытушысы Сара Камеронның «The Hungry Steppe» яғни «Ашыққан дала» атты Қазақстандағы ашаршылық туралы тың деректерге толы кітабы жарық көрді. Ол осы зерттеуге 10 жыл өмірін арнаған. Бұл – қазақ қасіреті туралы Америка құрылығын­да жарық көрген тұңғыш кітап.

Өткен жылдың аяғында АҚШ-та америкалық тарихшы Сара Камерон­ның «The Hungry Steppe» яғни «Ашыққан дала» атты Қазақстандағы ашаршылық туралы кітабы жарық көрді. Осы ақпарат тарасымен біз кітап авторын интернет арқылы тауып алып байланысқа шықтық.
Орысшасы кәдімгідей. Қазақшасы да бар көрінеді. Біз одан кітабын жіберуді сұрадық. Жаңа жыл өтісімен кітап біздің қолымызға тиді. Жас тарихшы Қазақстанда отызыншы жылдарда болған ашаршылықты зерттеуге 10 жыл өмірін арнапты. Соның екі жылын Ресей мен Қазақстанда өткізіп, осы екі елдегі 15 мемлекеттік архив материалдарын ақтарыпты.
Нәтижесінде Қазақстандағы алапат ашар­шылықтың шығу себептерін, сал­дар­ларын жан-жақты көрсеткен 277 бет­тік кө­лемді монография жазған. Біз амери­кандық тарихшының мәтініне қиянат жасамау үшін қазақшасымен қатар ағыл­шынша түп­нұсқасын да қоса беріп отыруды жөн көрдік. Монография көшпенділер тұрмысына шағын шолудан кейін, Голощекиннің Қазақстан­ға бірінші хатшы болып келуінен және оның Сталин­мен келісе отырып республикада «Кіші Октябрь» өткізуге кірісуінен басталады. Бұл науқан яғни «Бірінші бесжылдық» 1928 жылы 700 ірі байды кәмпескелеп жер аударумен басталып, бес жыл ішінде көш­пелі қазақты түгел колхоздастырып, отырықшылыққа өткізумен аяқталуға тиіс еді.
Сөйтіп, Сталиннің жеке нұсқауы бойынша со­циализм құруға кедергі «бай-құлақтар тап ретінде жойылып», «ішкі жаулардан» құлан-таза айыққан Қа­зақстан коммунизм құруға құлшына кірісуге тиіс еді. Бірақ, А.Байтұрсынұлы бас­таған алаш азаматтары мыңдаған жылдық дәстүрі бар көшпелі тұрмысты табан астында оты­рық­шыландыруға атойлап қар­сы шықты. Қазақтың шөл және шөлейт даласын игерудің жалғыз жолы көшпелі мал шауа­шылығы екенін Швецов пен Рыбников тәрізді ғалымдар да дәлелдеп бақты. Қыршын жас Оқу-ағарту комиссары Смағұл Садуақасов республикалық бас газетте Голощекинге бас сал­ды. Асығыстық апатқа алып ба­рарын болжап, көшпелілерді оты­рықшыландыруға біртіндеп кірісу керек деді. Голощекин өз орынбасары екінші хатшы Сұлтанбек Қожановты қызметтен алды. Оның орнына Мәскеуден Н.Ежовты әкеліп отырғызды. Н.Ежовтың кім екені белгілі. Голощекин қазақтың төбе шашын тік тұрғызған «кәмпеске» мәселесін 1927 жылы қарашада Қызылордада өткен Қазақстан компартиясының 6 съезіне салды. Өзі 7 сағат сөй­леді. Одан кейін сөз алған 27 жастағы Смағұл Садуақасов: «Мен жолдас Голощекиннің пікірімен келіспеймін!» – деп бастады сө­зін. Осы съездің ізін суытпай С.Са­дуақасов «Большевик» журна­лында Голощекиннің ұр да жық ұлт саясатын тас-талқан етіп сынады. Голощекин оны дереу Оқу-ағарту комиссары қызметінен түсірді. Сөйтіп, Голощекин пар­тия қатарын ұлт кадрларынан тазартты. Байтұрсынұлы бастаған топты түрмеге тықты. Смағұл Садуақасовты Мәскеуге оқуға «жіберді». Жап-жас Смағұл Садуа­қасов Мәскеу ауруханасында 1933 жылы 33 жасында жұмбақ жағдайда көз жұмды. Қысқа ғұмыры аққан жұлдыздай болған осынау тұлға туралы Камерон тебірене жазады. 1928 жыл. Сонымен Голощекин Қазақстанда «Кіші Октябрьді» бастады.
«The assault on nomadic life began against Kazakh elites in 1928».
Автор кітабының «Қоршауда қалған көшпенділер» атты тара­уында «1928 жылы көшпен­ділерге шабуыл қазақ элитасына қарсы шабуылдан басталды», – дейді.
Голощекин науқанын «шаш ал десе, бас алатын» жергілікті бел­сенділер асыра сілтеп, асқындырып жіберді деген естеліктер келтіреді. «Қолына мандат тиген шолақ белсенділер төсек тартып жат­қан кәрі әжемнің астындағы көр­пешесі мен басына ораған шәлісіне дейін тартып алды. Содан әжем араға екі күн салып жан тапсырды», – дейді сол заман куәгері Мұхаммед Шаяхметов. Өкімет ауқатты көшпенділердің алдындағы малына, дастархандағы дәміне, үстіндегі киіміне қол сала­ды. Қазақстан бойынша халық наразылығы бұрқ ете түседі. Сталин мен Голощекинге керегі де сол еді. «Тап жаулары бетін ашты» деп мылтығын оқтап ОГПУ атқа қонады. Қантөгіс басталады. Яғни, Голощекин қолдан жаса­ған «революция» басталады. Көшпенділер қызыл әскермен қақтығыса жүріп, Қазақстанды тастап қаша бастайды. Жазалаушы жасақтар оларды шекарада то­сып алып, ата бастайды. Қазақ Қазақстанды тастап Қытайға, Ресейге, Иранға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Түркменстанға көшті. Бұл «откочевкіні» тоқ­тат­паса, Қазақстанға қазақсыз қалу қаупі туды. Голощекин шекараны қатайтты. Көшпенділер қоршауда қалды. Архив дерегі бойынша, 1930 жылдың бірінші жартысында Қазақстан бойынша өкіметке қарсы көтеріліске 8 мың адам қатысқан. Халықтың малы мен астығына шабуыл үдей түседі. Оның басты себебі – Орталықтан келіп жатқан бұйрықтарда еді. Қазақстанның «мойынына ілулі» Ресейдің екі үлкен шаһары Мәскеу мен Ленинград азық-түліксіз қалды деп Орталық Комитет стол тоқпақтап жатты.
«The secretary of the Central Committee Pavel Postyshev warned that the supply of meat to Moskow had nearly collapsed. He ordered that the pressure on Kazakhstan and other regions that supplied the city with meat be intensified. Kazakhstan soon became major meat supplier to both Moscow and Leningrad».
Орталық Комитет хатшысы Павел Постышев: «Мәскеуді етпен қамтамасыз ету ісі тоқтауға жақын, қаланы етпен қамтамасыз етіп отырған Қазақстан мен өзге де аймақтарға қысымды күшейту керек!» – деп пәрмен берді. «Қазақ­стан, көп ұзамай, Мәскеу мен Ленинградты негізгі етпен жабдықтаушыға айналды», – дейді автор.
Нәтижесінде 1931 жылы Қа­зақстандағы мал басы 30 пайызға қысқарады. Соның салдарынан 1931 жыл басында Қазақстанда аштық басталады. Соған қара­мастан 1931 жыл шілдеде Сталин Голощекинге: «64 000 тонна астық тауып Орталыққа жөнелт!» – деп қа­һар­лы телеграмма түсіреді. «Бұдан біз Орталық Комитеттің ашыққан қазақтарды құтқаруға бас ауыртпай, индустриалды қалаларды азық-түлікпен жабдық­тауға басым­дық бергенін көреміз», – дейді американдық тарихшы. Бұндай жағдайда көш­пенділер жәй қы­рылғанша «жас­тығын ала өлуге» бел буады. Автор кітабында Созақ, Адай көтерілістеріне көбірек көңіл бөлген. Маңғыстауда көте­рі­ліс­шілердің қарулы 15 тобы болғаны айтылады. 1931 жылдың қыркүйегі. Қазақ, түрікпен көте­рілісшілерінен құралған бас­пашылардың Қара­құмда шоғыр­ланған ең үлкен тобын қызыл әскер айрпландары аспаннан оқ жаудырып жояды. Орта Азия­дағы советтерге қарсы ха­лық көтерілісінің соңы осымен бітеді. Ал, ашаршылық 1931-32 жылдардың қысында асқынып, Қа­зақстанды жаппай жайлап алады. Осы жылы ОГПУ 261 000 орыс «кулактарын» Қазақстанға көшіреді. 1931 жылы ашылған КАРЛАГ тұтқындары 1932 жылы 10 мыңнан асады. ОГПУ, сөйтіп, өзі ашыққан өлке жағдайын одан бетер ушықтыра түседі. Осы жерде сұрақ туындайды. «Қазақстанды жайлаған ашар­шылыққа қатысты Мәскеу сая­саты қандай болды?» Архив құжат­тарына сүйене оты­рып американдық тарихшы ол саясатты былай түсіндіреді:
«Moscow introduced a range of brutal tactics in response to this social cataclysm: the closure of borders so that the starving could not flee. The expulsion of famine-stricken people as ‘undesirable elements’ from the cities, a severe penalty that included a total ban on trade and deliveries of food»…

(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір