Екі дүние есігі

0
74 қаралды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең алғашқы сапарын Түркістаннан бастағаны мәлім. Мағжан ақын «Екі дүниенің есігі» деп жырлаған киелі шаһар облыс орталығы болғалы бері қаланы дамыту, туристік орталыққа айналдыру, «Ұлы даланың жеті қыры» аясында Әзірет Сұлтан кесенесін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Біз күллі түркі дүниесінің рухани орталығы саналатын қала туралы оқырманның ой-танымдық мақаласын ұсынып отырмыз.

Әулиенің құты қонған Ясы

Түркістан қаласы орта ғасырларда Ясы деп аталатын қалашық болған. Ал қаланың ірі шаһарға, түркі әлемінің рухани астанасына айналуы әйгілі ғұлама Қожа Ахмет Яссауидың есімімен байланысты. Ежелгі Сайрам деген қалада өмірге келген Ахмет Яссауи сол кездегі ғылым мен ағартудың орталығы ретінде белгілі болған Отырар қаласында білім алып, кейіннен Бұхардағы Юсуп Хамадани басқарған сопылар қауымына кіріп, дәруіштік мектептен өтеді. 1140 жылы Юсуп Хамадани, кейіннен оның екі мүритті дүние салған соң, қауымды Ахмет Яссауи басқарады. Бірақ көп ұзамай-ақ мәртебелі қызметін тастап, өзінің туған өлкесіне біржола қайтып оралады. Софизм идеяларын уағыздап, өзі де оны берік ұстана отырып, тақуалықта өмір сүреді. Елін иман мен хақ жолына шақырып, жолын қуған мыңдаған шәкірт тәрбиелейді. Осындай ерен еңбегі мен хақ жолына деген адалдығы үшін оны жергілікті халық Әзірет Сұлтан деп атаған. 1166 жылы ғұлама қайтыс болғаннан кейін де зиратына тәуап етушілер толастамай, оның мазары қасиетті орын ретінде қастерленеді. Ясы шаһары да күн өткен сайын көркейіп, көптеген сауда орындары ашылып, көпестердің соқпай өтпейтін бекеті болады. Қаланың экономикасы ғана дамып қоймай, Отырар, Бұхар, Самарқан секілді мәдени ошақтың бірі болып шыға келеді. Білімге құштар талай жан осында тәлім-тәрбие алып, рухани кемелденуге ұмтылады. Осылайша кешегі кішкентай ғана қалашық бір ғана ғұламаның шарапатымен бар түркі әлемі үшін стратегиялық орталыққа айналады.
Шараф әд-Дин Әли Йездид деген ғалымның дерегінше, Қожа Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан кейін екі ғасыр өткеннен соң, яғни 1388 жылы Ясы қаласын Алтын Орда билеушісі Тоқтамыс басып алып, сол кезде қаламен бірге мазар да тоналады. Ал 1395 жылы Әмір Темір Тоқтамысты біржола жеңіп, 1397 жылы күзде Тоқтамысты жеңгенде түскен олжаның бір бөлігіне қирауға жақындаған мазардың басына теңдесі жоқ үлкен кесене тұрғызуға әмір түсіреді. Бұл ескерткіштің салынуының да саяси астары бар еді. Яғни бүкіл түркінің рухани көсеміне айналып, шексіз құрметіне ие болған әулиенің басына кесене орнату арқылы Әмір Темір де халықтың жүрегінен жол табуға тырысты. Ал бұл әрекеті дұшпанына бас имейтін жауынгер әрі территориясы аса үлкен өлкені басқаруды жеңілдетуге тиіс болатын. Сонымен бірге, ислам дінінің даңқын асырып, оның кең таралуына жол ашуы керек еді. Әмір Темірдің бұл сұңғыла саясаты өз жемісін беріп, өзінің ғана емес, бүкіл ислам дінінің де мерейін үстем етіп, даңқын асырды. Кесене салумен бірге әміршінің «Қолхаты» (грамота) жазылған. «Қолхатта» Әмір Темір ғимарат туралы «ешқашан да, қандай болған жағдайда да сатуға, жекеменшік секілді ұрпақтан-ұрпаққа уақытша немесе түбегейлі біреуге беруге болмайтыны» туралы қатаң ескертіп, одан әрі ғимараттың кіреберіс есігінің ішкі маңдайшасына: «Бұл әулие мекен Алла тағаланың рахымы жауған падиша Әмір-Темір Көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды… Алла тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!» – деп жаздырған.
Бір қызығы, алғашында қаланған қабырғалары құлап тоқтамай, ең бірінші ғұламаның ұстазы Арыстын бабтың басына кесене тұрғызғаннан кейін ғана құлауы тоқтапты деген аңыз бар. Сондықтан зиярат етушілер алдымен Арыстан бапқа түнеп, содан кейін ғана Қожа Ахметтен тілейтін дәстүр қалыптасқан.
Бұл ескерткіш өзінің ұзақ тарихында не түрлі жағдайды бастан кешкен. Әмір Темірдің кезінде бас порталдың тек нұсқасы ғана болып, оның құрылысын 1583-1598 жылдары Бұхарды билеген Абдолла хан аяқтаған. Абдолла хан заманындағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер бүгінге дейін сақталып қалған. XIX ғасырда Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен порталға қарабайыр қорғану орындары салынып, қам кесекпен қоршалып, кесене қамалға айналдырылған. Онымен қоймай, 1846 жылғы Түркістан әкімінің Қоқанға қарсы әрекетін басу үшін қоқандықтар кесенені суға бөктіреді.
Ал 1864 жылы орыс әскерлері Түркіс­танды қоршауға алғанда ғимаратқа 11 рет зеңбірек оғы тиіп, күмбездері мен қабыр­ғаларына үлкен зақым келген. Егерде кесе­не шырақшысының қарша бораған оққа қарамай мұнара басына көтеріліп, ақ жалау көтермегенінде ескерткіштің бүгінге жетуі неғайбыл еді. Танымал шығыстанушы Александр Кунның «Түркістан» атты фотоальбомын құрастыруына байланысты бүкіл әлем бұл ескерткішке көңіл аударып, соның әсерімен Ресей патшалығы он бес мың сом қаржы бөліп, ескерткішті жөндеуден өткізген. Жергілікті қожалар да елден ақша жинап, ескерткішті жөндетпек болады. Бірақ ол ақшаның көбі құлқын мен қалтаның түбіне кетіп, жөндеу жұмыстары аяқсыз қалып отырған. Кезінде Алаш қай­раткері Міржақып Дулатов та кесенеге арнайы атбасын бұрып, кесене туралы «Қазақ» газетіне мақала жариялаған болатын.
1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Яссауи республикалық мұражайы, 1989 жылы 28 тамызда Қазақстан Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы» ретінде құрылып, тек 2003 жылы 23 маусымда ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында кесене дүниежүзіндегі «Мәдени мұра» тізіміне енгізілді…

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

(Толық нұсқасын газеттің №19 (3653) санынан оқи аласыздар)

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.