Бетпе-бет
14.05.2019
1060
0

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі, «Отан сақшысы – Часовой Родины» газетінің тілшісі

(Өмірдің өзінен)

Біз таудың ішінде өз алдына бұйығы тір­шілік кешіп жатқан заставаға кештетіп жеттік. Тауда таң кеш атып, күн ұясына ерте батады. Бірақ, бұған қарап жатқан бір шекарашыны көрмейсің. Мұнда бейнебір уақыт екеш уақыттың өзі де патшалық құра алмайтын секілді…
Шекараны күзету міндеті – диірменнің тоқтаусыз айналған дөңгелегі секілді, күн-түн дегенді білмейді. Бір шекарашы қыз­мет­тен оралып келе жатса, қару асынып, ит жетек­теген екіншісі қақпадан шығып бара жатады.
Қаланың у-шуынан қажып, тыныштық тілеген көңілім, керісінше, заставаның бұйығы өміріне көндіге алмай жатқандай, көпке дейін елегізумен болды. Ақыры түн ортасын аударып барып, көзім ілініп кеткен екен, есіктің тықылынан тез оянып кеттім.
Застава басшысы мені оятуға жіберген кезекші сарбаз екен. Сағатыма қарасам, таңғы алты. Орнымнан атып тұрып, тез киіндім де, сыртқа шықтым. Бүгін застава басшысымен келісіміміз бойынша екеуміз тау ішін аралап қайтамыз.
Офицер кеше менімен әңгімелесіп оты­рып, сөздің арасында биыл тауда түз тағы­ларының көбейіп кеткенін айтып қалған.
Өздері таудың ішімен келе жатқан ше­ка­рашыларға шабуыл жасамақ түгілі алыс­тан айналып қашады дейді. Назымбектің айтуынша, түз тағысы қарудың иісін екі шақырым жерден сезіп қоятын көрінеді.
… Маған әзірлеген шекарашы аттың ла­қап есімі Герой екен. Мен еріксіз мырс еттім. Шекара қызметіне мініс аттарын дайындайтын эскадронда қызмет ететіндер әзіл десе ішкен астарын жерге қоятындар болса керек… Әйтпесе, жылқы малына осындай да есім беретін бе еді?
Заставадан алыстағанымыз сол екен, Ге­ройдың да кібіртіктеп басталған жүрісі түзеліп сала берді.
Жоңғар Алатауының іші алабөтен құл­пы­рып тұр. Шекарашылардың меншігіндегі таудың ішінде орманшылардан өзге жан баласы жүрмейді. Уақыты жетіп немесе көктем шыға арыны күшейетін өзендердің долы күшіне шыдас бермей, тамырымен опырылып түсетін қарағайлар мен мәңгі жасыл шыршалардың түбіртектері ғана осы сұлулықты сәл бұзып тұрғандай…
Бір кезде астымдағы аттың әлдебір қауіпті сезгендей тым-тырыс бола қалғанын байқадым. Осы сәт офицердің аты кісінеп-кісінеп жіберіп, қосаяқтай шапшыды да, бір сәтке тіп-тік боп, қаздиып тұра қалды. Бұл көз тартарлық әдемі көрініс еді… Застава басшысы ат құлағында ойнап өскен ауыл баласы болуы керек, астындағы аты­ның аяқ астынан көрсеткен мінезіне қыңқ деген жоқ, жалынан қатып ұстап, жабысты да қалды. Тек ат алдыңғы екі аяғын жерге дік еткізгенде, ол да жерге қарғып түсті. Менің атым үйірлесі секілді аспанға шапшымаса да, денесінің әр түгі жыбырлап, долылығы ұстауға дайын екені ап-анық еді. Біреу бұй­рық бергендей, аяғымды үзеңгіден тез суырып алдым да, жерге секіріп түстім. Дәл қазір мен үшін ең дұрысы осы еді…
Офицер атының шылбырын қолынан босатпаған күйі айналаға зер сала қарады. Сосын иығына асынып алған автоматын түзеп қойды да, маған қарап «тыныш» дегендей саусағын ерніне апарды. Мен ше­карашының да бір қауіпті сезгенін түсіндім…

(Толық нұсқасын газеттің №19 (3653) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір