ШЕКАРАДА БАР ҚЫЗЫҒЫМ, БАР МҰҢЫМ
14.05.2019
1539
0

Отан қорғаудың ең ізгі борышы – шекараны кірпік қақпай күзету. Отан үшін ең қасиетті, киелі, қастерлі ұғым – бейбітшілік пен тыныштық. Сіз бен біздің тыныш ұйқымыз үшін шекара сарбаздары жауапты. Ал олар қандай мадаққа да лайық. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне сай «Қазақ әдебиеті» газеті шекара сапында қалтқысыз қызмет етіп жүрген бірнеше әскери қызметкерлердің шығармаларын арнайы ұсынып отыр.


Манарбек ҚАРЕКЕНОВ

Тірлікте жұмақ – Отаның…

«Қазақстан мен Өзбекстан шекарасының қырағы күзетінде жүріп, апат болған шекарашы сардарлардың рухын ұлықтап, осы туындымды арнаймын».

Автор

Отаным — Анам, әу бастан…
Үйретті анам деп жастан.
Өзіңнен шабыт жамылып,
Өлеңді жазғам жыр-дастан.
Мәрттікті сенен үйренгем,
Жақыным сенсің сырласқан.

Өзіңнен көңіл күй алған,
Бойыма қуат жия алғам.
Жазалы болсам кей кезде,
Бір сенен ғана ұялғам.
Парызым бітпес тірлікте,
Өзің деп өлу – бір арман.

Өзбек пен қазақ арасы,
Шекара – шептің саласы.
Қаза болды күзетіп,
Он қазақтың баласы.
Халқы үшін өлді он боздақ,
Біреудің ұлы, ағасы.

Тарихта талай сан қилы,
Батырлар жаумен қан құйды.
Көрші елден түскен ақпармен,
Ерлерім тауды аңдиды.
Кірмесін деумен бұзғыншы,
Тыныштық үшін жан қиды.

Шекара аты ардақты,
Халықтың мұңын барлапты.
Енбесін деумен елге жау,
Тау менен тасты шарлапты.
Тұрғынының Отанның,
Әр талы үшін жауапты.

Бел шешпей жерін күзеткен,
Жел менен боран, сыз өткен.
Шекарашы рухы сөйлейді,
Қар-жастық, көрпе-мұз еткен.
Шекара шөбі қозғалса,
Жүректің түбі дыз еткен.

Күн нұрын төккен жарығын,
Отанды, елді сағындым.
Алладан кейін жаратқан,
Отаным сен деп таныдым.
Денемнен тұрақ ұшсам да,
Қазағым, сенің жаныңмын.

Бар күшін сақтап антымның,
Өзіңді ойлап жатырмын.
Бұрыннан сен деп көгергем,
Болашақ ұрпақ, ақылдым.
Еңбекті елге аямай,
Жігерді бойға шақырғың.

Ғылымның шоғын үрлеткің,
Қаланы, дала гүл еткің.
Тірлікте жұмақ – Отаның,
Жолында жүргің білмектің.
Қазақтың шекарасын сен,
Ауқымы деп біл жүректің.

Басыңда ұста ел қамын,
Өзіңе сондай серт алғың.
Отаның сонда ұмытпас,
Қолында уақыт ұстаның.
Көркейту болсын жадыңда,
Өз жерің – Қазақстаның!
Сезінбе босқа қалғанын,
Тіршілік- күйбең салмағын,
Отан мен Алла пара-пар,
Осыны еске ал, жаным,
Еліңе бақыт сыйласаң,
Өлгенде болмас арманың!..


Рауан ҚАБДОЛДАНОВ,
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің капитаны

ШЕКАРА – АСАУ ТАҒДЫРЫМ

Ерте келді үлкен өмір мектебі,
Ерте есейіп, еркелікті шектедім.
Тәртіп пенен қайсарлықты шыңдаған
Шекарадан басталды ұлы мектебім.

Бой үйренді, ауырға да, жеңілге,
Бояу жұқпас «майдандағы» көңілге.
Татымайды бар қызығы әлемнің
Шекарада өткен тылсым өмірге.

Ел шетінде болды талай қатты күн,
Өтті талай қызықты да, сәтті күн.
Сәбилердің күлкісіндей ғажайып,
Шекарада шайқалмаған шаттығым.

Таңсәрі де шомыламын таң нұрға,
Аяз, боран, төтеп берем жаңбырға.
Шекарада тұрақтаймын мәңгілік,
Бабалардың асқақ рухы бар мұнда.

Тербетеді сезім гүлін тағы түн,
Жұлдыздар тұр, сілтеп өмір бағытын.
Шекарада туған жыршы жүрегім,
Шекарада сарқылмайтын шабытым.

Шекарада бар қызығым, бар мұңым,
Саф алтынға алмастырман барлығын.
Бірде өрлеу, бірде төмен құлдырау,
Шекара, ол – менің асау тағдырым…


Наурызхан ҒАЗИЗҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Шекара қызметінің офицері

ҚАРА ӨЛЕҢ

…Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.
Мұқағали

Мәрмәрдан, қыштан ойылған
сұлу мүсінді,
Ілуде біреу болмаса, ешкім ұқпайды.
Жай тасқа түскен бедері анық пішімді,
Қаймана жұрттың санасы
бірақ, құптайды.
Арса-арса болып тұрмайтын ба еді кейде өрен,
Оқысаң сонау Құлагердегі бейнені.
Тігісі жатық жазылған жақсы, –
дейді, – өлең,
Кигізіп қойса сыртынан еурожейдені.

Айылын жимас заманда мынау өткелең,
Өлең де мода қуатын шығар деп пе едің?!
Алмастыр егер
адымың жетсе өкшелеп,
Мұқағалидың кигізіп кеткен шекпенін.

Жалаңаш заман, адам да,
ар да жалаңаш,
Етегін түрген сайқал өмірден жерідім.
Жаныма сая жалғанда
жалғыз тал ағаш –
Қара өлең ғана сүйенер менің серігім.

***

Өмірдің зәулім қаласындамын,
Өрлігім қалған басылып.
Ай тұяқ мінбей адасудамын,
Бағдаршамдарға бас ұрып.

Жортуылдардан ұлитын келіп,
Бөрілік қалған шыңдарда…
Ит болып қана үресің жеріп,
Ит тірлік бірақ, тыңдар ма?

Сананың барлық сандырақтарын
Шимайлай беру міндет пе?
Қайтейін, жүрек қанжылап бәрін
Түсіре берсе күнде еске…

Өмірдің зәулім қалаларында,
Тау мінез біткен басылып.
Аялдамалар араларында
Армандар қалды шашылып!

Өмірдің зәулім қаласындамын…

(Толық нұсқаларын газеттің №19 (3653) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір