ЗАМАН
14.05.2019
5430
3

Омар Жәлелұлы

Адам мен заман. Әлмисақтан бері келе жатқан проблема. Адам заманды билей ме, заман адамды билей ме? Бұл сұраққа жауап беретін кез келді. Қазақ әлеуметтік ойында бұл проблема қалай шешілген? Енді соған құлақ түрелік.

Жасыратыны жоқ, қазіргі адамдар өз басындағы, қоғамдағы көптеген проблемаларды заманнан көреді: «Заман азды», – дейді олар. Мұрат Мөңкеұлы бұ хақында былай депті:
Бәйіт еттім бұл сөзді
Қайғы шегіп заманнан.
Заман азып не қылсын:
Ай орнынан туады,
Күн орнынан шығады,
Бұның бәрі адамнан.
Заман. Менің өмірге келуім мен өмірден кетуімнің арасындағы уақыт. Бұл менің заманым. Маған ешкім басқа жақтан жақсы заман әкеп бермейді. Бұны ғылымда иллюзия дейді. Қазақша – аңғалдық. Балаңдық. Қоғамдық ойдың дамымағаны. Мұрат Мөңкеұлының заманында, біз «зар заман» деп ат қойып, жоқтау мен зардан басқа дәнеме жоқ деп есептейтін заманда бұл проблеманың шешімін тапқанын көреміз. Заманның еш кінәсі жоқ, бәрі адамнан, яғни, сенің өзіңе байланысты деген сөз. Біз қанша жерден «мықтымыз», «білімдіміз» деп күшенсек те, Мұрат Мөңкеұлы өмір сүрген ХІХ ғасырдағы әлеуметтік ойдың биігіне жете алмай жатырмыз.
Қазіргі қазақ қоғамын кезек күттірмейтін сапалы өзгерістер күтіп тұр. Постсоветтік инфантилизмнен арыла қоймаған қазақ қоғамы үшін қазақ әлеуметтік ойының қайнарынан қанып ішу керек-ақ. Сонымен, мәселені төтесінен қояр болсақ, біз заманды өзгерте аламыз ба? Әлде әліптің артын күтіп, осы бейжай, ұйқылы-ояу марғау күйімізде қала береміз бе?
Сөз жоқ, қазақ әлеуметтік ойының көшбасшысы – Абай. «Абай бұл проблеманы қалай қойған? Қалай шешкен?» деген сұрақтар сұранып, ентелеп шыға келеді.
Абай бұл мәселені өзінің әйгілі «Тоты құс түсті көбелек» атты өлеңінде қояды:
Тоты құс түсті көбелек
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек, сиремек.
Бір қарағанда, әлеуметтік ойды ашу үшін көбелектің не қатысы бар, бәйшешектің не қатысы бар деп ойлауымыз мүмкін. Бұл жерде бір күндік ғұмыр кешетін көбелек пен шығуынан солуы тез болатын бәйшешек өмірдің өткіншілігін, баянсыздығын бейнелейтін метафора. Жалған дүниені танымаған, дүниеге бой алдырған адам ешқашан өзі өмір сүрген қоғамды, өз заманын өзгерте алмайды; ондай адамға дүниенің сыры еш ашылмақ емес. Ал Абайға ашылған, сондықтан хакім: «Мен көрдім дүние деген иттің көтін», – дейді. Дүниенің сыры ашылған адам енді бұл дүниеден «өзінің керегін» іздейді:
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Қарекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Адам «жылап туғанмен» мына дүниенің қызығына алданып, алғашқыда оны «сүйеді», кейін өткінші екенін «сезеді», орындалмаған арман, жетпеген мақсат, өмірдің қысқалығы оны «кейітеді». Бірақ осы «білім» адамды қарекетке бастайды, адам тыным таппай «жүгіріп», дүниеден «өз керегін» алып қалуға тырысады және ол осының бәріне «ақылмен жетеді».
Бірақ тіршілік иесі өз заманының ықпалынан құтыла алмайды, заман оны бұғалық салған шу асаудай дүрілдетіп сүйретеді. Шынында да қазір көп адам заманның сойылын соғып жүр, заманның «керек» дегенін тауып беріп, заманның қамында жүр. Олар, Абайдың ойынша, «заманға күйлеушілер», заманның ығына жығылып, адамдық ар-намыс, адамшылық атаулыдан жұрдай болғандар. Бұл саяси жезөкшелік емес, дүниетанымдық жезөкшелік.
Ал шынтуайтында нағыз адам қандай болмақ? Абайдың ойынша, нағыз адам –жақсылар заманға күйлемейді, керісінше заманға жөн сілтейді, заманның бағыт-бағдарын айқындайды.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.
Осындай заманның илеуіне түсіп, мыж-тыж болған Жамандар қазір жетіп артылады. Қазақ қоғамы, өзгерістер алдындағы қазақ қоғамы, заманға күйлемейтін Жақсыларға толғату үстінде. Не дейміз, толғағы жеңіл болсын, қазақ социуымын өгіздей өрге сүйрейтін Жақсылар заманы тезірек келсін деп тілейік, ағайын!

ПІКІРЛЕР3
Аноним 05.10.2021 | 15:58

Күшті рахмет көп заман туралы көп білдім

Аноним 11.10.2021 | 19:03

Пр

Аноним 11.10.2021 | 19:03

Рахымет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір