САЙЫПҚЫРАН САЛТ АТТЫ
14.05.2019
1709
0

Ахмет Тоқтабай,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

(атқа мінудің қазақы және Батысеуропалық үлгісі туралы баян)

Атқа міну

Күні кешеге дейін халқымыздың салт атқа міну дәстүрі еуропалықтардан мүлде өзгеше болған, себебі алаш баласы атты өзінің жан-жолдасындай қадірлеген. Сондықтан атқа отырудан бастап, ертұрманның конструкциясы да өзгеше болған. Біздің әңгіме осы жөнінде болмақ.
Ерттелген атқа мінудің де тәсілі көп. Алдымен тізгінді сол қолға алады. Сонан соң сол қолмен аттың шоқтығынан, не ердің қасынан тізгінмен бірге ұстап сол аяқты үзеңгіге салып, оң қолмен ердің артқы қасынан ұстайды да оң аяқты серпіп атқа мінеді. Еуропалықтар, орыстар оң аяғын үзеңгіге салып аттың оң жағынан мініп жатады. Мұны қазақ ерекше сөлекет санайды. Бүйтіп мінген жас балаларға, әсіресе қалалықтарға: «Өй, орыспысың?» – деп күліп жатады.
Еуропалықтар үзеңгі бауды ұзын тағады. Үзеңгі бауы ұзын болғанда атта отырған адам қозғалмай отырады, үзеңгі бауды теуіп көтерілу, қозғалу мұң болады [Урусов С.П. Книга о лошади. – Спб.: Деятель, 1911. – Т.І – 744 с.]. Үзеңгі бау қысқалау қалыпты болғанда ат үстіндегі адам үзеңгіге шіреніп, аттың жүрісіне қарай орнығып, ауық-ауық көтеріліп, қозғалып отырады. Үзеңгі баудың қысқалығының пайдалы, өміршең екенін уақыт дәлелдеп отыр. ХІХ ғ. орыс әскерлері қазақы аттарға мінген қазақ шабармандардың, пошта тасушылардың, жалпы кез келген қазақтың тәулігіне 200-250-300 шақырым жол жүріп келгенін таңдана жазған. Жазушылар мұндай ұзақ жолды қысқа уақытта бағындырған, қазақтың ерекше шыдамды жылқылары деп түсіндіреді. Олар қазақтардың өзіндік атқа отырысын, үзеңгісінің қысқалығын байқамаған. Қазақ жол бойы ауық-ауық көтеріліп, қозғалып отырғандықтан аты да, өзі де тыным алып, ұзақ жолда онша шаршамаған. Аттың белі де ауық-ауық демалған.
Атқа мінгенде түзу отыруға дағдылану керек. Жамбастап қисық отырған адамның салмағы, жылқының салмақ орталығына (центр тяжести) дәл түспейді де, тепе-теңдік бұзылады. Сол себепті ат қиналып, сүрініп жығылады, аяғын шауып алады, ақсайды, жауыр болады.

Ат ерттеу

Атты ерттеуге ерекше мән беріледі. Терлікті алып аттың арқа жүні тікірейіп қалмау үшін мойнынан артына қарай сырғытып салады. Ішкілік, тоқым, тебінгі ер реті бойынша салынады. Ерді сәл артқа жылжытып, құйысқан салып болған соң орнына тартып тоқыммен қосып оқпандайды. Осы кезде аттың шоқтығы мен ер оқпаны арасында жұдырық сыятындай қуыс қалуы тиіс. Бұдан соң өмілдірік салынып төс айыл, шап айылдары ретімен тартылады. Аттың бауырымен тартпаның арасынан бір саусақ өтетіндей болса айылдың дұрыс тартылғаны. Ал, айылдың арасынан екі саусақ өтсе, онда айыл тартпаның дұрыс тартылмағаны, айыл-тартпаны аса қатты тартып жібермеу керек. Жаугершілікте, атты дұрыс ерттеудің қаншалықты маңызы бар екенін Абылай хан әскерлерінің шешуші ұрыс алдындағы дайындықтарын жыршы былай жырлайды.
Түймелеп сауыттарын, шалбарланып,
Алыпты құйысқанын бір қысқартып,
Қайтадан ер-тоқымын оқпандатып,
Түзетіп екі айылын қайта тартып [Тарихи жырлар. Абылайхан. – Алматы: Білім, 1995. – 86 б.].
Аумастай ер-тұрманын мықтап тартып,
Құйрығын аттарының түйіп алды [Тарихи жырлар. Абылайхан. – Алматы: Білім, 1995. – 80 б.].
Айыл өте қатты тартылса, аттың бауырын қиып кетеді. Белгілі мерзімнен соң айыл босайды, сол кезде айылды қайта тартпаса, ертоқым ілгері-кейін жылжып, аттың арқасын қажап тастайды.

Атқа мінудің екі тәсілі

Мініс көлігі саналатын атқа отырудың қазіргі кезде екі тәсілі кең тараған. Осымен байланысты ат-әбзелдерінің өзіндік түрлері (типі) қалыптасты. Осы екі тәсілдің қалыптасуына байланысты мен оларды қазақи (шығыстық) және батысеуропалық тәсілдер деп атадым. Мініс көлігі ретінде жылқы жануарына байланысты қалыптасқан бұл екі тәсілдің айырмашылықтары да көп. Мәселен, батысеуропалық тәсілде ер-тоқымның арт жағы салмақты, ортасы (отыру нүктесі) шұңғылдау болып келеді. Ондай ертоқымға отырған кезде тақымды мықтап ұстау басты назарда болады. Салт атпен жүрудің батысеуропалық тәсілінде, адам ерге тереңдеп отырады да, адамның жамбасы, дәлірек айтқанда, құйымшағы тіреу (отыру) нүктесі рөлін атқарады, сөйтіп бүкіл салмақ ер-тоқымның арт жағына түседі. Ерге мығым отыру үшін тақымды мықты ұстайды, атты тақым қысу мен тебіну арқылы басқарады. Тақым бос ұсталып, тік қалпында салбырап тұрады. Шабандоздың астындағы ат денесін мүштүк арқылы, үнемі сығылған серіппедей жинақы ұстайды, себебі шабандоздың атының мүштүкі кәдімгі ауыздыққа қарағанда аттың езуін тіліп жіберетіндей әсер етеді. Демек ат басы кеудесіне қарай жақын, мойны иіліңкіреп келеді, аттың салмақ нүктесі артқы аяғына, сауырына қарай түседі. Сонымен қатар шабандоздың салмағы ер-тоқымның артқы жағына түсетіндіктен еуропалықтардың аттарының арқасы жаялы, жалпақ, сауырлы, шапты, артқы аяқтары жуан болып келеді. Батысеуропалық атқа отыру тәсілінде ер-тоқым жалпақтау, төмен болады. Адамның жамбасы аттың арқасымен бірдей болып көрінеді, шығыстықтар батыс еуропалықтарды алғаш рет көргенде ер-тоқымсыз отыр екен деп қалған. Ерде нық отыру үшін үнемі тақымды қысып отыру, әсіресе алыс жерге жүргенде мүмкін емес, сол себептен атты басқаруды мүндштүк ауыздықпен және тебіну арқылы жүзеге асырады [Урусов С.П. Книга о лошади. – Спб.: Деятель, 1911. – Т.І – 349 б]…

(Толық нұсқасын газеттің №19 (3653) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір