«Татьянаның қырдағы әні…» немесе Мұхтар Әуезовтің Сарыағашқа келуі
14.05.2019
1277
0

Бердуәлі ТҰРМАХАНБЕТОВ

1959 жылдың күзі. Ол кезде «Сарыағаш» аудандық газетінде жауапты хатшы болып істеуші едім. Жұмыс күні болатын. Түс қайта телефон шылдыр ете түсті.

– Бердуәлімісің? Бұл Ұлықбек ағаң ғой. Сәлемет пе? Қазір біздің үйге Мұхаң келіп отыр. Асығыс екен, шәй-пәй ішіп, жүріп кетпек. Сен «бір көрсем» деп жүруші ең, тез келе ғой, – деді де, телефон трубкасын орнына қойды.
Қуанышта шек жоқ. Телефон соққан кісі – сол кездегі аудандық халық судьясы Ұлықбек Мұхамеджанов (қазір зейнетте). Әйелі Мәкен апай – Абайдың ұлы Тұрағұлдың қызы. Мұхаңның бұл үйге келетін реті бар. Мұхаң содан оншақты күн бұрын аудан орталығына бір келіп, Оңтүстік аудандарға өтіп кеткенін айтқан да Ұлықбек ағай болатын. «Егер Мұхаң келе қалса, өзіңді шақырам» деген уәдесі де бар еді.
Асығыс жиналып, Абай көшесіндегі Лұхаңның үйіне келдім (Ұлықбек ағайды біз осылай атайтынбыз). Есік алдында жүрексініп, аз кідіріп тұрып, ақыры ешкім шыға қоймаған соң үйге кірдім. Шағындау ортадағы бөлме толы кісі. Шәй үстел үстіне жасалыпты. Дәл ортада қасқиып, маңдайы жарқырап Мұхаң отыр. Бұрын ол кісінің суретін газет-журналдардан, кітаптардан көріп жүргендіктен, бірден таныдым. Бөлмеге сәлем бере кірдім.
– Кел, кел, – деп, Ұлықбек ағай орнынан тұрып қарсы алды. Үй иесінің ілтипатына көңіл бөлген Мұхаң маған жайдары жүзбен қарады. Ол кісінің сол көзқарасынан-ақ алғаш қысылып, лүпілдеп тұрған жүрегім орнына түскендей болды.
– Бұл жігіт бір ініңіз, Мұха, осындағы газет қызметкері. Сізге сәлем бере келіп тұр, – деп Лұхаң мені таныстырды. Мұхаңның оң жағында Әділбай Омаров, сол жағында ақын Омарбай Малқаров, одан әрі сол кездегі Келес аудандық партия комитетінің екінші секретары Әбдіманап Көмекбаев, оның қатарында ретімен сол кездегі Абай атындағы совхоздың, қазіргі Сайрам ауданындағы «Қайнарбұлақ» совхозының директоры Тоян Көкенов, пединституттың оқытушысы Әбіш Байтанаев, онан беріректе Мұхаңның немере ағасы Ахмет Әуезов (бұл кісі сол кезде зейнетте болатын, үйі Сарыағашта. Жуырда қайтыс болды. Оған дейін «Бала Мұхтар» деген атаумен Мұхтардың жастық шағы туралы естелік жазған), оның қабатында жұбайы (ол да Тұрағұлдың қызы, аты есімде жоқ), одан кейін Мәкен апай және Ұлықбек ағай. Бәрі дөңгелек үстелді қоршай орналасыпты.
Мен Әдекең мен Ұлықбек ағайдың ортасын ала орналастым. Ұлықбек ағай мен Мәкен апай шәй құйып отыр.
Мұхаң мен келген соң үзілген әңгімесін жалғастырды. Әңгіме «Татьянаның қырдағы әні» жайлы екен, құлақ түре тыңдай қалдым. Мұхаң әр сөзін баппен, асықпай, ойлана айтады. Ол кісінің сөйлеп отырғандағы кейпінен көз тайдырудың өзі қиын. Бір кезде Мұхаң Мәкен апайға қарап:
– Мәкен-ау, кездеспегелі көп болды ғой, осы сен жас кезіңде Татьянаның әнін тәуір айтатын едің. Соны еске түсірсек қалай болады? – деді…

13.12.1967 жыл
Дайындаған
Зәкір АСАБАЕВ,
жазушы, «Құрмет» орденінің иегері

(Толық нұсқасын газеттің №19 (3653) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір