БАУКЕҢМЕН ӨТКЕН ЖЫЛДАР-АЙ
08.05.2019
1415
0

«Мен үш нәрседен қорқамын: бірінші – сәбиіне бесік жырын айтпаған анадан, екінші – немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшінші – бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан». Бұл – Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөзі. Ақшаны пір тұтып, ұлттық құндылықтарды жоғалта бастаған қазіргі заман жағдайын көрегенділікпен қалай дәл айтқан десеңізші.

«Қуанатыным – қарапайым халық жүзге бөлінбейді. Қорқатыным, бөлінетіндер – «оқыған надандар». Мұны да айтқан – ойшыл Баукең. Қан кешу шайқаста жаудан тайсалмаған Баукең сондай жандардан неге қорыққан? Ұлттың болашағы үшін.
Батырдың жанында 21 жыл жүріп, тәлім-тәр­биесін алған жазушы Мамытбек Қалдыбай­дың ол туралы айтары да, жазары да көп. Бүгінге дейін бес кітап болып жарыққа шықты. «Ұмы­тылмас кездесулер», «Атақ пен шатақ», «Мен халқымның Бауыржанымын», іле осы атпен та­ғы бір кітабы оқырмандар қолына тиді. Соңғысы «Мен қазақтың баласы» деп аталыпты. Барлығының жиынтығы 150 баспатабақты құраған. Тағдыры қарама-қайшылыққа толы ұлттық тұлға туралы әлі де жазылмай жатқандары қаншама. Бүгінгі әңгіме арқауы сексеннің сеңгіріндегі жазушы Мәкеңнің батыр Баукеңмен бірге болған сол жылдар сәттерінен алған әсерлері мен естеліктеріне арналмақ.

***

1960 жылдың мамыр айы. Шымкент пе­даго­гикалық институтының екінші курс студентімін. Жазғы сынақ емтиханға дайындық үстіндеміз. Бір жолы бас ғимараттың дәлізінде «Әдебиет теориясынан» дәріс оқитын ұстазым Әбіш Бай­танаевпен ұшырасып қалдым. Салған жерден: «Мамытбек шырағым, Бауыржан Момышұлы­ның кітаптарын оқып па едің?» – деді. Мен оқығанымды айттым. Ұстаз: «Ертең Сыпатаев атындағы орта мектепте Баукеңмен кездесу болады. Сен студенттер атынан сөйлеуге қалай қарайсың?» –деді сынай қарап. Мен іле жауап қаттым: «Сөйлеймін, аға». Біз мектепке жұрттың алды болып бардық. Түскі сағат бірде батырмен кездесу басталды. Үлкен зал лық толған. Қабырға жақ қапталдарда, ашық терезенің арғы жағындағы көше бетте түрегеп тұрғандар қаншама. Төрде әскери киім үлгісін­дегі Баукең отыр. Сол кезде жасы елудің үстінде еді. Жанына обком мен қалалық партия ко­митет­терінің идеология жөніндегі хатшылары жай­ғасқан. Кездесуді ұзын бойлы, қырықтың қырқасындағы мектеп директоры Жарқынбеков ашты. Ол Баукең туралы айта келіп: «Жазушы­ның жақында «За нами Москва» атты романы баспадан жарық көрді. Оны қазақшаласақ, «Артымызда Москва» болып шығады», – дегені сол еді, Баукең орнынан атып тұрып, оған сұқ саусағын кезеп: «Мен білсем, мына директор са­уатсыз», – деп, үлкен көздерін алартып, ай­қай­лап жіберді. Директор қатты сасқаны сон­ша­­лық, не айтарын білмей, дағдарып тұрып қалды. Баукең: «Жолдас, директор, «За нами Москва» қазақшаға «Артымызда Москва» деп емес, «Ар­қа­мызда Москва» немесе «Москва үшін шайқас» деп аударылады. Арқамыз мынау болады, –деп сырт айналып, көпшілікке арқа­сын көрсетті. – Артымыз одан төменгі жағы». Зал тым-тырыс. Қалалық комитеттің хатшысы орнынан тұрып: «Баукеңнің ескертпесі дұрыс. Бұдан былай бұл біздің қаперімізде болады», – деді.
Баукеңнің оқыс мінезінен мен де сескеніп қалдым. Жанымда отырған Байтанаевқа: «Әбіш аға, мен сөйлемей-ақ қояйыншы», – дедім, кежегем кейін тартып. Ұстазым: «Жоқ, Мамыт­бек, сен сөйлейсің. Тізімде сенің аты-жөнің бар. Баукеңнің мінезінен жасқанба. Қайтымы тез. Біле білсең, Баукеңнің алдында сөйлеу – үлкен құрмет», – деп жігерлендірді. Сонда да кезегім кел­генде жүрегім дүрсілдеп, тізем дірілдеп, мінберге жасқана шықтым. Қолымдағы қағазда төрт шумақ арнау өлеңім бар. «Баукеңе ұнамай, көпшіліктің алдында мені де балағаттап жіберсе, жұртқа қалай қараймын?». Өлеңді оқу оңай бол­ған жоқ. Бұдан гөрі күрекпен бір вагон көмірді терлеп-тепшіп түсіргенім әлдеқайда жеңіл еді. Дауысым жарықшақтанып, берекем қашып, мәнерлеп оқи алсамшы. Әзер дегенде оқып, «құтылдым-ау, әйтеуір» деп бар демімді бір-ақ ал­дым да, мінберден тез түсіп, орныма қарай жыл­дамдата басып бара жатыр едім, ту сыр­тымнан «Әй, тоқта!» деген Баукеңнің қатқыл үні тежеп қалды. Тұла бойым дір етіп, жалт қарадым. Баукең орнынан түрегеп, маған қарап тұр екен. Бірақ, үлкен көзінен әлгі ашудың найзағайдай ұшқындары байқалмайды. «Сен, бері кел». Үні құлағыма зілсіз естілді. Сонда да өрекпи соққан жүрегім алқымыма тығылып, кібіртіктей басып, қасына бардым. «Мына өлеңіңді маған қалдыр. Мен «Восход» қонақ­жайындамын. Ертең сағат тоғызда маған кел», –деді жайдары үнмен. Артынша қату қабақ танытып: «Егер бір минут кешіксең, қабылда­маймын». Зілді үнмен ескерту жасады. Мен ба­сымды изедім. Кездесу­ден соң жолда ұста­зыма: «Әбіш аға, ертең Бауыр­жан ағаға бармай­мын», – дедім. Ұстазым жалт қарап: «Неге?» –деді. Мен: «Өйткені, ол кісі­ге менің айтарым жоқ», – дедім. Ағай: «Ма­мыт­­бек, батыр ағаң мені емес, сені шақырды. Егер мені шақырғанда, қуана жүгіріп барар едім. Се­нің баруың керек», –деді әдеттегідей қоңыр­қай үнімен.
«Восход» біздің жатақханаға жақын. Жаяу­латып баруға болады. Ертеңіне мені бармай қала ма деп ойлаған-ау, сағат сегіз жарымда Әбіш ағам келді. Мені бөлмемнен алып шығып, жолға салды. Бауыржан аға қонақжайдың екінші қабатындағы оңаша жатын бөлмеде екен. Аяғым зіл тартып, баспалдақпен тау көтеріп келе жат­қандай әзер көтерілдім. Қысылып-қым­ты­рылып есігін қағып, рұқсатымен ішке ендім. Баукең кешегі әскери үлгідегі киімімен орындықта отыр. «Кел, айналайын», –деп жы­лы қабақ танытты. Оның сол бір сөзі жан-дү­нием­ді бірден баурап, күдік-қорқыныштан ада етті. Бауыржан аға: «Мамытбек, сенімен сөй­лесуге бір сағат уақытым бар. Сағат онда қор­ғасын зауытының жұмысшылары­мен кездесе­мін. Қазір саған ресто­раннан тамаққа тапсырыс берудің ыңғайы келе қоймас. Ана тарелка­дағы майға пісірілген шелпектер. Тәңірдің саған бұйырт­қаны шы­ғар. Жеп ал. Содан кейін сөйлесе­міз», – деп, бұрыштағы столды иегімен меңзеді. Шелпектерді көріп, қуанып қалдым. Ішіме ел қонған соң, Баукең қал-жағдайым­ды сұрады. Әкемнің майданда болғанын, анам екеуінен ерте айырылып қалғанымды айттым. Сөзімнің соңында: «Әкем «Басым жерге ти­генше оқытамын, балам» деуші еді. Сол сөзі маған аманаттай болған соң, осындағы пединс­титут­та оқып жүрмін», –дедім. Баукең сөзім­ді бөл­ген жоқ. Мұқият тыңдады. «Менің Алматы­дағы мекен-жайымды жазып ал. Сәті түскен күні сені Жазушылар одағының хат­шысы, ақын Ғали Ормановпен таныстырамын. Ол өзі де сенімен хабарласады». Ағаның қамқор сөзі жанымды елжіретті. Біздің алғашқы оңаша жүздесіп, сөйлесуіміз осылай басталды. Әуелі Ғали ағаның хатымен таныстым. Өлеңмен жа­зып­ты. Сол күнгі қуанышымда шек болмай, бей­не қанат біткендей көңілім көкке шарықтап шыға келді. Ақын ағадан бес хат алдым. Сол хаттар менде сақтаулы. Көп кешікпей ол «Қазақ әдебиеті» газетіне «Сәт сапар» айдарымен бір топ қанатқақты өлеңдерімді суретімен жария­латты.
Баукең басынан өткен жайларды ұмытпай­тын. Арада көп жылдар өткенде сөз реті келіп, Шымкенттегі жұртпен кездесуінің мәніне қайта оралды. «Мәселе тек директорда ғана емес еді», де­ді ол ойлы пішінмен. «Мен жұртқа дөре­кілеу көрінген сол ескертпемді залдағылар қалай қабылдайды деген оймен айттым. Өкінішке қарай, олардың арасынан бірі: Бауке, біз «артымызда» деп айта береміз. Бұл да санамызға сіңісті болып кеткен қазақтың сөзі ғой», – десе болар еді. Мен онда: «Сендердікі де дұрыс», –деп жөн сөзге тоқтар едім. Керек десең, өзімнің де жазбаларымда «артымызда» деген сөз бар. Шырағым, біздің қоғам сондай. Адамдар өз пікірін айтуға да жасқанады. Трибунадан айтыл­ған сөз олар үшін заңмен бірдей. Қоғамдық жүйе ойлау қабілеттерін тежеп тастаған. Ал, бұл адам­дардың рухани дамуына үлкен кесірін тигізеді».
1963 жылдың тамылжыған тамыз айы. Оң­түс­тіктің жанды шыжғырған қырық күн шілдесі қайт­қан. Уақыттан жылдам не бар? Әне-міне де­ген­ше бес жыл да өте шықты. Диплом жұм­ы­сымды ойдағыдай қорғап, жолдамамен Жамбыл облысының Қордай ауданына бармақ­шымын. Біраздан бері көрмей жүрген Әбіш ағам инс­титутта алдымнан шықты. Әдеттегідей қолында кітабы. Автобус аялдамасында да отырып оқи бе­реді. Ұстаз: «Әй, Мамытбек, Алматыда Жазу­шылар одағының кезекті пленумы болады екен. Бағдарламасына қарасам, жұмысы екі күнге созылатын көрінеді. Екеуміз барып қайта­йық. Жолкіреңді өзім төлеймін», – деді. Мен қуана келістім. Жолға жиналмақ болып, жатақханаға қарай кетіп бара жатыр едім, Қостөбедегі пошта бастығы Атабай Медетов қарсы ұшырасты. Қалаға тығыз шаруамен келгенін, мені кісідей көріп, көмектесуімді өтінді. Көкемнің шаруасы­мен жүріп, кешкі пойызға үлгере алмадым. Жол­дың сәті ертеңіне түсті…

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ,
ҚР Президенті сыйлығының иегері

(Толық нұсқасын газеттің №18 (3652) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір