МЕНІҢ ӨЛКЕМ – КЕҢ ЖАЗИРА ГҮЛІСТАН
08.05.2019
145
0

Ақын, Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, журналист Рза Қунақова да көп айтылмай, ұмытылып бара жатқан есімнің бірі. 1993 жылы 30 сәуірде 55 жасында қайтыс болған қаламгердің өлеңдерін және қызы Ғалияның шағын естелігін арнайы ұсынып отырмыз.

Мәңгілік мекендегі қимастарым

Ата-анамның бақиға аттан­ғанына да жиырма жылдан асыпты. Бұл күнде өздері жанымда болмаса да, мейірімді жүздері көз алдыма сағым болып оралып, еркелеткен жылы сөз­дері кұлағымнан кетпей, жадымда сақталып қалды. Шіркін, қыстың қысқа күніндей жалған дүние-ай!..
Әлі есімде, институттың соңғы курсында дипломдық жұмыс жазып жүрген кезім. Сонда маған қажетті бар әде­биетті марқұм Рза анам Рес­публикалық техникалық кітап­ханадан тауып, үйіме әкеліп беруші еді. Бұл орайда, басқа шаңыраққа келін болып түскен менің қамым, «кітапханаға барып, сарылып отырмай, өзінің ошағының басында, үйінде дайындалсын» деген ойы. Ал дайын болған қолжазбамды әкем Жақан машинкаға басып берген (ол кезде компьютер болмаған). Осылай, Құдай оңдап, ата-анам­ның қамқорлығының ар­қа­­сында жоғары оқу орнын бітіріп шықтым. Бүгінгі жетіс­тіктерім – біріншіден, Алланың нығметі болса, содан кейін ата-анамның қолдауы.
Негізі, мен – әкемнің жеке меншік баласымын да, ағам Нұрлан – анамның сүйіктісі болатын. Бала күнімнен әкеме ерекше жақын болдым, ол кісі барда анамды іздемейтінмін де.
Анамның қоғамдық жұмыс­қа белсене араласып, кәсіби журналист, танымал ақын болып қалыптасуына әкемнің қолдауы мен ықпалы зор еді. Әкем анамның бойына Алла берген ақындық қасиетінің дамуы­на, шығармашылығының жетілуіне жағдай жасап, түсіністікпен қарап, алақанына салып, аялай білді. Анам жазған өлеңдердің де алғашқы оқырманы әкем болатын. Олай дейтінім, әкем анамның қолжазбаларын машинкамен басып шығарып, баспаға дайындауына атсалысатын. Ал анам іссапарларға кеткен кездері әкем бізбен қалып, мемлекеттік қызметпен қатар тұрмыстағы шаруаларды да атқарып жүрді. Әкем – анамның бағын жандырып, шығармашылығына дем беріп, оны бағалай білген асыл жан болды. Әйел бақыты деген осы болар.
Отыз үш жылдан аса тынбай, үздіксіз қызмет етіп, еңбектерінің жемісін жейтін, бала-шаға мен немерелерінің қызығын көрер шақта сұм ажалдың торына шырмалып, жарық дүниемен қоштасып, әкем екеуі қайтпас сапарға аттанып кетті. Бір күн болса да құрметті демалысқа шығып, соның рахатын және ұрпақтарының қуаныштарын көруге Алла жазбаған екен…
Туған күндері де қатар болып, бір жылдың бір күнінде екеуі бірге зейнеткерлікке шығулары керек еді. Алайда, Алладан бұйрық жетіп, небәрі он айдың ішінде бірінен соң бірі мәңгілік мекендеріне барып жайғасты. Өмірге келулері де, бұл жалғаннан кетулері де қатар болды. Алла Тағаланың құдіретінде шек жоқ қой…
Ата-анамның қазасында:
Жапырағы жайқалған
Орман болсын ұрпағың.
Өміріңнің жалғасы –
Аман болсын Нұрланың! – деп жоқтау айтқан едім…
Өкінішке қарай, әкем мен анамның қысқа ғұмырларын ұзартар деген жалғыз ағам Нұрлан 2015 жылдың 11 тамызында 54 жасында ауыр науқастан бақилық болды.

Ғалия Жақанқызы Құсайынова


Рза Қунақова

Теңіз лебі

Таң көрінді көкжиекпен арайлы,
Күлгін сәуле тереземнен тарайды.
«Бүгін ұйықтап қалыппыз», –
деп бұртиып,
Қолсағатқа қызым селсоқ қарайды.

Шағаладай аппақ аспан төбемде,
Құстар жолы – тізбектелген төменде.
Ойға батып ғасырлармен сырласқан,
Оянғандай қаракөк қарт емен де.

Терезеден теңіз лебі еседі,
Сергіп көңіл мұндай сәтте өседі.
Ұшқыр көңіл көк теңізге жетелеп,
Ауырғаным ұмыт болды кешегі.

Көз алдымда өршіл теңіз ғажабы,
Жүрегімен жыр жолдарын жазады.
Теңіздейін жаны дархан жазира
Келеді ғой біздің қырдың қазағы.

Гүлдер

Гүлдер нәзік, гүлдер әсем менің бала
шағымдай,
Гүлдер қызық, гүлдер ғажап менің
жарқын жанымдай.
Аппақ гүлдер менің-дағы ақ көңілім
сияқты,
Қызыл гүлдер инабатты,
қызға ұқсайды ұятты.

Сары гүлдер белгісіндей
сағыныштың аңсаған,
Гүл арқылы бұл өмірде танысты екен
қанша адам.
Жасыл гүлдер – жастық шағың
сағынсаң да келмейтін,
Ал көк гүлдер – өскен өмір,
ешқашан да өлмейтін.

Сұлулығы әрбір гүлдің бөлек-бөлек
бірақ та,
Осы гүлдер көз тартады тұрса да өсіп
жырақта.
Дала сәнсіз болар еді, осы гүлдер
болмаса,
Айхай, шіркін, лала гүлдер ешқашан да
солмаса!

***

Бұлтты жарып іркес-тіркес ығысқан,
Таң арайлап, күн көрінді шығыстан.
Маңғаздана жатыр дархан Жер-ана,
Менің өлкем – кең жазира гүлістан!

Асау өзен тасып жатыр гүрілдеп,
Көлдің беті тербеледі дірілдеп.
Шағалалар көктем тойын тойлап жүр,
Көктегі күн қол бұлғайды күлімдеп.

Қиқуласып құстар басты әніне,
Дала ару гүл ұсынды бәріне.
Көктем – күлкі, көктем – өмір,
көктем – жыр,
Көктем шаттық әкелді жас, кәріге…

(Толық нұсқасын газеттің №18 (3652) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!