РУХЫ ҮНДЕС ҰЛАН ЖҰРТ
07.05.2019
951
0

Қырымбек Көшербаев,
Қызылорда облысының әкімі

Жуырда Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласындағы баспадан қазақ ақындарының қырғыз тілінде «Ұлы дала үні» атты өлеңдер кітабы жарық көрді. Әлем ақыны Олжас Сүлейменов, қазақ поэзиясының тарландары Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, М.Шаханов, Ұ.Есдәулетов, Е.Раушановтан бастап бүгінгі жастар шығармашылығын қамтыған жыр жинағы Қызылорда облысы әкімдігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша шығарылып отыр. Парасатты поэзия туындыларын қырғыз тіліне ақындар Бақтыгүл Чотурова, Қарбалас Бакиров тәржімалап, баспаға әзірледі.

Алатаудың алқымын күр­гей­леп қонған қос елдің тәмсіл-тарихы, тағдыр-таланы, ұлт болып қалыптасу дағдысы, қала берді, қайғы-қасіреті де тамырлас һәм тақылеттес. Тілі мен ділі болса да. Бір кездері сырт көз бауырлас-бәйкенің жекен-су, жаз­мыш болмысын бөліп-жар­май-ақ, «қырғыз-қайсақ» деп үйі­рімен үкілей салған. Біраз уа­­қыт тасқа да солай түс­кен. Әри­­не, ежелден бері ен­ші­лес ағайынды егіздей қосақтап, ғасырлар күймесіне қатар жегіп жатса, неге шүкіршілік етпеске, бабаларымыздың құшақ қа­уы­ш­тырып, анттасқан аманатына қылау түспегені ғой! Бүгін­гі жа­һандану кезеңінде ұлттар мен ұлыстардың дәстүрлік даму үдерістері деміл-деміл өзгеріп, рухани-мәдени құндылық­тар­дың қадір-қасиетін «басқаша» түсіндіру көзқарасы қылаң бергенде, қазақ-қырғыздың бұрын­ғы­дан да бекем бірігіп, тату-тәт­ті ғұмыр кешуі аса маңызды. Сол жолда ынтамызды салып, ықыласымызды танытып, құда-жекжаттың жөні бөлек, «тон­ның ішкі бауындай» жандасып жатырмыз. Бұл ретте аталары­мыз­дың жүріп өткен ізінде іркіл­­ген інжу-маржандар жарқ-жұрқ жанып, жүрегімізге жарық түсіреді.
Айналып келіп өткенге жү­гін­сек, мың жылдан астам тарихы бар, айыр қалпақ ағайынның маңдайын тигізіп, мінәжат ететін «Манас» жырын қазып зерттеп, алғаш рет Еуразия кеңіс­тігіне шығарған қазақтың ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов­тың ғылыми тұжырымы, «бүкіл Шығыс әлемінде ісімен де, сөзі­мен де патшаға, бай-манаптарға қарсы шыққан екі ақын бар, бірі – қазақтың Махамбеті, бірі – қырғыздың Тоқтағұлы» деп дәйектеген академик Қажым Жұмалиевтің қанатты сөзі, Сүйін­­бай, Жамбыл бастаған айтыс ақындарының қырғыз шайырларымен шарпысып-қарпысқан шынайы достығы, отызда орда бұзған атақты жазушы Шыңғыс Айтматовқа Ленин­дік сыйлық алып беруге жанын сала жүгірген Мұхтар Әуезовтің әкелік қамқорлығы, тағдырлас, замандас, қазақ-қырғыз әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов пен Аалы То­қом­баевтың риясыз қарым-қатынасы, кейін «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс пен Зейнолла Қабдоловтың, Қал­жан Нұрмахановтың, Тахауи Ахтановтың, Қалтай Мұха­мед­жановтың, Сейдахмет Берді­құловтың, Асқар Сүлей­меновтің, Шерхан Мұртазаның, Мұхтар Шахановтың, Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық байланысы ғана емес, жарасымды сыйластығы бауырлас жұрт­тың рухани тұтастығын ай­қындап тұрған жоқ па!
Біздің жерлестеріміз, Сыр бойының тума таланттары Қал­жан Нұрмаханов пен Қалтай Мұхамеджановтың Шыңғыс Айтматовқа деген құрметі бө­лек­ше болған. Қалекең мен Шықаңның бірлесіп туындат­қан «Көктөбедегі кездесу» драмалық шығармасы тұңғыш рет М.Әуезов атындағы Қазақ­тың академиялық драма театр­ында қойылып, алтын қорға қосылды. Жол-жөнекей айта кетейік, қаламгер дра­ма­тур­гиясының Монбланы – «Ана – Жер-Ана» спектаклі осы театрда жарты ғасырдан астам уақыт бойы үзбей көрсетіліп, талай рет халықаралық бәйгелерде маң­дайы жарқырап шықты. Ұлы жазушының өзі бұл пьесасының қазақша нұсқасына тең келер дүние жоқ деп есептеген…

(Толық нұсқасын газеттің №18 (3652) санынан оқи аласыздар)

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір