Ауыл бар, ауылда да өмір бар
07.05.2019
2821
1

Әдепхан Жақыбаев

Кәзіргі ауыл біз өскен ауылға ұқсамайды. Алайда бұрын да, кәзір де қазақтың қарапайымдары әлі сол ауылда тұрады. Олардың қарапайым аталатын себебі: ешкімнен қызмет те, атақ та сұрамайды және соған таласпайды, тек екі қолға – бір күрек жұмыс сұрайды. Ол сұраған жұмыс табылмайды. Табылса да бәріне жетпейді. Жетпесе де ауылдан кетпейді. Өйткені, ата-бабасының жерінде жүр, жердің өзі оларға қуат. «Әуелі құдай, содан соң ата-бабаның аруағы қолдасын», – дейді де, бәріне көне береді. Ондай көнбіс халықты қарапайым демегенде, не дейсің?! Сол ауылдағы қарапайым қазақтың қарапайым пәлсәпәсі бар: «Бәрің бірдей сөз бақсаң, сұм боларсың, бәрің бірдей мал бақсаң, құл боларсың».

Апырмай, қалай қатты айтады. Өзгеге емес, өзіне айтып отыр ғой әлгі сөзді. Өзін айамаған өзгенің бетін жосадай қылмай ма. Әрбір сөздің әділін айту, ақиқатын білу, соған тоқталу деген осы сөздерден аңғарылады. Ауылдың анық қасиеті де сонда: ақиқатқа ұмтылып өмір сүру. Бірақ бүкіл ауыл қарапайым болса, ол ақиқатты кім олардың есіне салады. Сондықтан құдай ауылдан да мықты, өзгеден озық біреулерді жаратады. Не шешен, не әңгімешіл, не әнші, не ақын, не балуан, не кітапты көп оқитын біреу қайтсе де туады. Ауылдың сөз ұстары сол болады. Ауылдың абыройын сол арқалайды. Ауылдың надандығымен де сол күреседі.
Біздің Орбұлақ өңірінде (Алматы облысы, Панфилов ауданы. -ред) сондай адамның бірі – Әдепхан Жақыбаев. Сексенге аттап басқан замандас адам. Ақын! Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Біздің ауданда отыз жеті ауыл болса, сол ауылдың бәрі оны біледі, Қорғастан Алтынемелге дейінгілер оны мақтан тұтады. Неге?
Оның ең басты қасиеті – туған жерін туған әке-шешесіндей жақсы көруі. Ол үшін әуелі перзенттік сезім керек, сонан соң ақ пен қараны ажырататын ақыл керек, қала бере туған жердің арғы-бергі тарихынан бірдеме білуің керек. Осының бәрі Әдепханда бар. Адамдар барға қарайды, жоққа қарамайды. Тіпті айтатыны, еске салатыны болған соң ғана ел Әдепханның аузына қарайды. Оның сындарлы сыры сонда.
Өртеңсайда бабамның даналығы
қалған жер,
Қозы баққан әкемнің балалығы
қалған жер.
Тұңғыш сүйіп марқайып,
кенже сүйіп қартайып,
Жүзге келген әжемнің аналығы қалған жер,– деп әріден қозғап, толғанады. Жердің тарихы мен өзінің тарихын тамырынан тартып жырлайды. Туған жер мен туған әке-шешенің тұтасқан өмірін өлең етеді. «Апырмай, солай ғой» деп сүйсініп отырасың. Өзіңде еске аласың, келісесің.
Тауды аңсаймын торықсам көкке қарап,
Өрмелеген қарағай текпе балақ.
Шыңдар шымыр етпейді асқақтықтан,
Тау найзасы секілді қойған қадап.
Тауды көрген, тауда өскен адам бірден түсі­нетін көрініс.
Таулардың біреуі – асқақ, біреуі – пәс,
Төбенің біреуі – егде, біреуі – жас,
Төсеніп ғасырларды міз бақпайды,
Себебі қозғалмайтын тіреуі тас.
Ойға келе бермейтін тосын теңеулерді қалай таба білген?
Ақын болып жырлағанда Әдепханның жан-дүниесі сезіледі. Ал оның жан-дүниесі ерте заманды, бергі заманды – бәрін сағынған дүние. Ата-бабасын сүймеген адам – ата-бабасы өмір сүрген, қазір өзі өмір сүріп жүрген туған жерді де сүйе алмайды. Туған жер – ата-бабаның көзі. Сол үшін-ақ оны қадірлейміз. Алайда ол жердің тарихы туған халқыңның тарихындағы белгілі оқиғамен байланысып жатса, одан оның қасиеті еселеп арта түседі. Әдепхан өлеңінде Орбұлақ сондай жер.
Сен қалайсың? Менің қазір қызу денем,
Өрілмеген үміттер үзілмеген.
Мен келемін толғанып өлеңменен,
Орбұлақтың қартасын сызуменен, –
деп түйіндейді…

Бексұлтан Нұржеке-ұлы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының
Еңбек сіңірген қайраткері

(Толық нұсқасын газеттің №18 (3652) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.12.2023 | 13:42

Бұл жалған

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір