САТИРА – 2018
02.05.2019
995
0

Үміт ЗҰЛХАРОВА

«Ой жетпейтін жер болмайды, күлкі жеңбейтін жау болмайды», – дейді М.Әуезов. Аузы дуалы, сөзі ұтқыр адам шымшыма әзілімен-ақ талай қарсыласын жер қаптырғаны ел аузындағы әңгімелерден белгілі. Осы орайда әйгілі сатирик Сейіт Кенжеахметов халқымыздың салт-дәстүріндегі қалжыңның түрлерін жинақтап, бір ізге салып зерттеп, көпшілікке ұсынған. Соның ішінде құрдастар қалжыңының үлгісін көрсетіп кеткен екен. Сейіт құрдастарымен ұтымды да ұтқыр қалжыңдаса білген.

Соның дәлелі ретінде бірнеше мысалдар келтіре кетейік.
Жанында бір топ серіктері бар Қоғабай мен Сейіт ел аралап келе жатады. Туған ауы­лы­на келген Қоғабай жолда тоқтай қалып:
– Жер де тозып, өзгерген екен-ау. Мына жер біздің жас кезімізде жайқалған шабындық еді, енді қоғажай басып кетіпті, – депті. Сонда Сейіт:
– Жер өзгерсе, шөбі қоғажай болады, ел өзгерсе, жазушысы Қоғабай болады, – деген екен.

***

Сабыржан Шүкірұлының алғашқы жи­на­ғы оның елу жасында шыққан екен. Соны ұс­тап отырып Сабыржан:
– Енді Сейітті қуып жетуім керек, – десе керек.
Сонда сатирик:
– Менің он кітабым шықты. Сен елу жылда бір кітап шығарасың. Сонда мені әлі 500 жыл қууың керек қой, – деген екен.
«Қазақ энциклопедиясы» баспасынан 2018 жылы жарық көрген, әлі сыясы кеппеген Ермахан Шайхыұлының «Атақты айтқыш­тар» атты кітабы қолға тиді. Кітапта қазақтың қабырғалы қаламгерлері Тайыр Жароков, Мұқағали Мақатаев, Мұзафар Әлімбаев сынды, сондай-ақ әріптестерінің тіпті сонау ау­ыл­дағы айтқыштар мен кішкентай айт­қы­ш­тар­­дың да тауып айтқан, қисынын келтіріп, келістіріп айтқан әзіл-қалжыңдары топтас­тырылған.
Ермахан ағаның өзге қалжыңдары бір төбе де, өзінің айтқыштығы бір төбе. Яғни, «автордың өзі де айтқыш» екені рас. «Күләйша апайдың гамажы» атты әзілінде:
«…Жігіттер, Серік: «Астанада күн суық», де­генге аяғыма екі шұлық, басыма құндыз бөрік, көйлегімнің ішінен жағалы жүн мәйкі, шалбарымның ішінен Күләйша апайдың гамажын киіп келіп едім. Енді міне, су боп ағып отырмын» дейтін әзіліне жора-жолдас­тары көздерінен жас аққанша күлген екен. Содан бастап олар күн суытқан күндері Ермаханнан «Күләйша апайдың гамажын кидің бе?» деп әзілдесетін көрінеді».
Қазір ел-жұрт, әсіресе жастар жағы кітап­тан бұрын интернетті көбірек ашатын болған. Бұл орайда интернеттегі әдеби сайттарға өз сатираларын жариялап та танылып жүрген сықақшылар баршылық. Осындай айтқыш­тар мен жазғыштардың қатарында қаламгер­лер арасында ғана танымал емес, қарапайым оқырманы да көп Бейбіт Сарыбай, Ерлан Оспан сынды әзілкештерді атай аламыз. Арнайылап сықақшы деген атақтары болмаса да бұл жігіттердің жазбалары езуіңе еріксіз күлкі үйіріп, кейбір тапқыр да өткір әзілдері еріксіз басыңды шайқатады.
Ерлан Оспанның қысқа-нұсқа жазбаларынан сынды да, сарказмды да табасың.
«Есік ашылды. Жолаушы мінудің орнына бізге қарады да, күлді.
Неге күлгенін түсінген сияқтымын. Есік ашыл­са да, біз сылақтай теп-тегіс болып тұр­мыз. Бір ғана адамның мінуі – енді тынған ай­қай-шуды, енді орнаған әжептәуір бей­біт­шілікті бұзып, тепе-теңдік тағы орнағанша әбігер басталар еді…

(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір