«Ісің ақ болса – көпке сал»
02.05.2019
1044
0

«Ісің ақ болса – көпке сал» деп, халық мәтелін көлденең тартып отырған жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев: «Ұлы көш» атты романыма жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы «жиендік» жасады», – дейді. Біз бұл сөзге таңырқаудан бұрын сенуге қиналатынымызды білдіріп, Рыскелдиевтің мақаласын бір жылға дейін редакцияның тартпасында әбден-ақ «сүрледік». Алайда автор талап етіп қоймаған соң, мемлекеттік сыйлықтың иегері, бүгінгі белді қаламгеріміз Бексұлтан Нұржекеұлына хабарласқан едік, төмендегі мақаламен танысқан «Әй, дүние-айдың» авторы «Ұлы көш» дейтін романды оқымағандығын айтты. «Мен ол кітапты оқымасам, оған қалайша «жиендік» жасаймын?» – деді Бекең. «Егер мен «Әй, дүние-айдағы» деректерді бір жазушыдан алған болсам, ол – Ілияс Жансүгіров болуы мүмкін», – дегенді қосып айтқан Бексұлтан Нұржекеұлы Рыскелдиевтің жазбасына қысқаша жауап қайырғандай болды. Ал, жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев болса, мынандай уәж айтады.

Редакция


2018 жылы 29 маусым күні Жазушылар одағында өткен әдеби жыл қорытындысында жазушы Нұрлан Қами «Әдебиет – халық қазынасы» деп аталатын прозалық көркем шығармаларға баяндама жасады. Ол бірнеше авторлардың өткен жылы жарық көрген кітаптарына қысқаша тоқтала келіп, менің «Ұлы көш» тетрологияма өзінің төмендегідей бағасын берді: «Өткен ғасырдың екінші жартысында өзіндік мектеп болып қалыптасқан қытай-қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қазір елімізде тұратын Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Ұлы көш» атты төрт томдық романы халқымыздың тарихындағы осы бір қасіретті парақтардың көркем бейнесі деп қабыл алдық. 1916 жылғы Қарқара көтерілісін қан-жоса етіп басқан Патша әкімдерінің қорғансыз халықты жас-кәрі, әйел-еркек демей жаппай қырып салғанын, ол аздай мәйіттерді қорлағанын көркем прозада алғаш рет көрнекті жазушымыз Бексұлтан Нұржекеұлы осыдан екі жыл бұрын «Әй, дүние-ай!» атты романында ашына бейнелеп еді. Бұл романда да сол оқиға суреттеледі. Албан көтерілісінен кейін үдіре көш­кен ел, екі шығарманың да бас кейіпкері әйел адам, екеуі де қартайғанда елге қайтып оралады. Екі кітаптың да оқиғасы соларды еске алу түрінде беріледі. Ерекшелігі – Бексұлтан ағамыздың романында оқиға ірі планда үлкейткіш әйнек арқылы бадырайтып көрсетілсе, Тұрсынәлі ағамыздың тетрологиясы – панорамалдық шығарма. Кіндік кесіп, кір жуған қасиетті туған жерді үстем ұлттың азабынан амалсыз тастап кетіп, жүз жылға жуық уақыттан кейін қайтып оралған қазақ әулетінің бір ғасырлық өмірі жан-жақты, егжей-тегжейлі суреттелген. Оқиға желісі бүгінгі мен бұрынғыға кезек ауытқып, әр за­ман­ның шындығы сол қалпында көрсетіледі. Соның бәрі орталық кейіпкер – Ақтоты анаға қатысты баяндалады немесе сол кісінің көзімен беріледі».
Нұрланмен сырттай таныстығым болмаса, араластығым жоқ еді. Әдеби жыл қорытындысы өткен күні мен Алматыда болмағанмын. Кейін Нұрланға қоңырау шалып: «Баяндамаңды оқыдым, «Ұлы көш» атты романыма берген бағаңа рахмет, інім! «Ұлы көш» романының бірінші кітабы 2001 жылы «Өлке» баспасынан, екінші кітабы 2003 жы­лы «Елорда» баспасынан, үшін­ші кітабы 2009 жылы «Өлке» бас­пасынан Үкімет тапсырысымен жарық көрген. Бұл роман Бексұлтанның «Әй, дүние-ай!» романынан оншақты жыл бұрын жарық көріп отырса, қалайша оның романы менің романымнан екі жыл бұрын шыққан болады?» – деп едім, ол менің романымның Үкімет тапсырысымен бұрын жарық көргенінен хабарсыз екендігін білдірді. Үкімет тапсырысымен шыққан кітаптардың тиражы 2000 дана, ол негізінен кітапханаларға таратылып, авторға санаулы ғана кітап беріледі. Кітапханадан алып оқығандар болмаса, қаламгерлер мен оқырмандардың қолына кітап тимейді. Өзіме тиген кітаптардан араластығым бар бірнеше жазушыға таратып берген едім. Солардың қатарында Бексұлтанға да «Ұлы көштің» бірінші, екінші кітабын бергенмін. Оны қарымды қаламгер деп танып, «Әңгіменің жүрегі» атты мақаламда Бексұлтанның «Кәріс қыз» деген әңгімесін жүрегі бар әңгімелердің қатарында бағалағанмын…

Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ, жазушы

(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір