Қазақ поэзиясының бүгінгі тынысы
02.05.2019
1443
0

Қазақстан Жазушылар одағында өткен әдеби жыл қорытындысында поэзия туралы баяндаманы белгілі қаламгер Нұржан Қуантайұлы жасады.


Нұржан Қуантайұлы

Поэзия – бір болмыстың емес, мың бол­­мыстың жиынтығы. Өйткені оның бойында әуен де, сыр да, мұң да, қуаныш та, жалпы адам баласына тән сезім, қасиеттің бәрі бар. Сол себепті де Ромен Рол­лан: «Өлең тіліне көркемдік сипат дарытатын, қуат беретін ой – оның сезім тереңдігі, өткірлігі, әсерлілігі», – деп жазады. Былтыр қазақ поэзиясының әсерлі жырлары мерзімді баспасөзде де біршама жарияланды. Баспасөз бетте­рінде өлең­дері жиі көрінген Темірхан Медетбектің, Исраил Сапарбайдың, Иран-Ғайыптың, Зейнолла Тілеу­жанов­тың, Серік Ақ­сұң­қарұлының, Тыныш­тықбек Әбдікә­кімовтің, Ұлықбек Ес­дәулет­тің, Аманхан Әлімнің, Қорғанбек Аманжолдың, Байбота Серікбайдың, Есенғали Раушанов­тың, Бауыржан Жақыптың, Гүлнәр Са­лық­байдың, Маралтай Райымбек­ұлының, Жарас Сәр­сектің және т.б. ақындардың есімдерін ерекше атап өту ләзім. Қалам­гер­лердің жаңа жырлары өлеңсүйер оқыр­манға жақсы әсер қалдырғаны анық.
Енді Қазақстан Жазушылар одағына тапсырылған, 2018 жылы жарық көрген отыз шақты поэзиялық кітапқа үңіліп өтелік. Қазақ философиялық поэзия­сы­ның басында тұрған, ұлы ақын Шәкәрім­нің «Иманым» атты жинағы «Арыс» бас­пасынан жарық көріпті. Есімізде, бұл кітап бұдан жиырма жыл бұрын осы атпен, осы форматпен шыққан еді, қалың оқырманның сұранысы бойынша қайта бір басылған сияқты.
Көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің «Өлке» баспасынан шыққан «Махамбет майданы» атты жинағы оқу­шысымен қауышты. Бұл кітапта Махамбеттей дауылпаз ақынның қилы тағдыры, ол ғұмыр кешкен аумалы-төкпелі уақыттың улы зардабы, шабылған ел, сабылған ердің шерменде өмірі шынайы суреттелген. Рафқаңның ақын көкірегінен құйылып түскен жыр жолдарын толқымай оқу мүмкін емес. Бауы­рын жазып шапқан ақынның терең ойлы, өр рухты жырлары ерекше сүйсін­діреді. Бұл кітабынан ақынның ширық­қан ойлары, елге, жерге, туған халқына деген шынайы сезімдері Махамбет мінезі арқылы өлең болып өріліп, өзгелерден ерекшелендіріп тұр.
Жұлдыздайын жарқ етіп жайсаң сөнер,
Зұлымдыққа бұл қоғам қайдан шебер.
Сауыт киген ер қазақ не болады,
Қамыт киген өгізге айналса егер, –
деген шумақтармен «Махамбет майданы» еңбегінде ақын азаматтық пафоспен, шынайы тебіреніспен оқырманын бей-жай қалдырмайды. Ерлік пен елдікті жырлаған бұл кітап – былтырғы жылдың табысты шығармасы.
Көрнекті ақын Нармахан Бегалыұлының «Жаз-жалбыз» атты жинағы сыр­­лы, лирикалық жыр­лар­­ға толы екен. «Ой ізде­дім ылдидан, – Өтті даңқ бұ­рылмай» деп басталатын өлеңінде ақынның өзі:
Сап, сап, көңілім, сен аспа,
Саған сеніп келіп ем…
Тағдыр мені о баста
Табиғатқа теліген, –
деп өзі айтқанындай, оның табиғатпен астасқан, жыл мезгілдерінен тамшылаған тамаша, лирикалық өлеңдерінің мұңлы лебі, философиялық мазмұны орыстың ұлы ақыны Тютчевтің ерекше жырларымен үндескендей. Мысалы, ақын жастық шағын сағынады, қайран он сегізіне арнап былай деп жазады:
Қаздың қоңыр дауысына
Жаз жамырап көшкенде,
Солқыл соқпақ ағысында
Күз салқынын кешкенде,
Сені іздедім, жалғыз келдім
Қызыл қанат кештерге, –
Осы өлеңнің өзінен-ақ Нармахан Бе­га­лыұлының қайталанбас, ғажайып ақ­ын екенін сезінуге болады. Қыс та, күз де, жаз да болып сезімді селдеткен ақынның, ерінбей санап шықтық, осы жинақта елу­ге тарта өлеңі тек көктем мезгілімен са­бақ­тасып жатыр екен, жастық шақ, махаббат, сағыныш сезімдерін жырлаған жырлардың бәрі – дәмі таңдайда қалатын, сыршыл, таза лирика. «Қызыл суда көк­те­м ағып бара жатқанын» көрген ақын «қыстың соңғы ертегісі бәйшешектің бірте-бірте өріктің бұтағына көшіп» алға­нын да байқап қояды.
Сәулелі сәуір,
Көкпеңбек
Көктем боп келдің.
Көптен-көп
Рақмет!
Жастық өткен жоқ,
Кеткен жоқ менен махаббат,
Мың алғыс, көктем көкпеңбек! –
деп жырлайды ақын. Лирикалық шумақ­тардың тал бойынан керемет образ, кес­телі тіркестер мол ұшырасады. Мәселен:
Өмір – состав, бар салмағын көтерген
Қосылмайтын қос рельс біз енді.
немесе:
Көкжал теңіз арсылдап,
Жағалауға қуалайды ұйқыны.
Осы кітабын оқи отырып, үлкен ақын­ның үнемі ізденіс үстінде екенін байқадық, жылдар өткен сайын талғам ұстанымының биіктеген үстіне биіктей түскенін аңда­дық. Нармахан Бегалыұлының әр өлеңін­де сырлы әуез, күмбірлі сезім бар, жаңа өлеңдері жан сарайыңды ашады. Сөз жоқ, Нар-ағаңның жиырма екі баспатабақтан тұратын, «Жаз-жалбыз» атты, бұл жинағы – қазақ поэзиясының зор табысы.
Белгілі ақын Мырзан Кен­же­байдың «Өттің, дүние» атты жыр жинағына кейінгі жылдары жазылған өлеңдері еніпті. Ақынның әбден кемеліне келген, қа­лып­тасқан, толысқан шағын­дағы шығарған жыр кітабы арнайы атап өтуге тұрарлық. Шайыр өз жүрегінен өткізген сезімдерін, ойларын көркем, шынайы өр­нек­тей отырып, замандастар өмірін, қо­ғамдық өзгерістер тынысын алға тартады.
Балбырап жатыр арқасы қызып тастың да,
Бір бұрым бұлақ бүлкілдеп шалғын астында.
Бұрым мен гүлдің жайылса исі ғаламға
Менің де жаным басқаны аңсамас мұнда.
Мырзан Кенжебайдың «Батихаға», «Арыз­дасу» сияқты көптеген өлеңдері адам жанын тебірентпей қоймайды. Жырларында терең ой, тәтті мұң қатар жүрген, нәзік сезімнің жыршысы азаматтық лири­каға да ат басын бұрып, ұлтымыздың басында үйіріліп тұрған үлкен проблемаларды сыншылдықпен көре біледі…

(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір