ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ КӨТЕРІЛДІ
02.05.2019
989
0

Өткен аптада елімізде саяси оқиғалар мол болды. «Сайлау келе жатыр!» десті жұрт дүрлігіп. Еліміздегі нән партиялар мен қоғамдық ұйымдар өз үміткерлерін үкілеп, әлеуметтік топ өздеріне ұнайтын кандидаттар тізімін тізбелеп, бірімен бірі «жарыссөзге» шығып жатты.

Дәл осы уақытта, дәлірек айтсақ, сәуірдің 19 жұлдызында Жазушылар одағында қаламгерлер қауымы бас қосып, 2018 жылдың әдеби қорытын­дысын жасады. «Ұлт руханиятына әдеби қауым қандай үлес қосты? Қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысы қалай? Келешегі туралы не айтуға болады?». Осы сұрақтар төңірегінде ой шерткен қаламгерлер бір жылдағы жетістіктер мен кемшіліктерді де қадап айтты.
Жиынды Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет сөз сөйлеп ашып, өткен жыл ішінде одақ атқарған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы мазмұнды әңгіме өрбітті.
Проза, поэзия, әдеби сын, балалар әде­бие­ті, жастар әдебиеті, аударма, ұйғыр әдебиеті, шетелдегі қазақ әдебиеті, фантастика, деректі проза, т.б. жанрлар мен әдеби секциялар бойынша ойталқы өткізіп, бір жыл ішіндегі әдеби ахуалды бағамдады. Газетіміздің осы саны әдеби жыл қорытындысындағы баяндамалар мен тұшымды ойларға арналып отыр.


Ұлықбек Есдәулет,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының төрағасы

Қадірлі қаламдастар!
Мен өз сөзімді әдебиет пен мәдениет төңірегіндегі соңғы жаңалықтардан бастағым келеді.
12 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңартылған Ұлттық комиссия құрамына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин жетекшілік етеді.
Жаңартылған Ұлттық комиссияның мүшелері ретінде мен және Бірінші орынбасар Ақберен Елгезек екеуміз осы отырысқа қатысып қайттық.
Комиссия отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының іске асырылу қорытындылары, сонымен қатар жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлары қаралды.
Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин екі жыл ішінде қоғамдық және тарихи сананы жаңғыртуды басты мақсат еткен ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Осы жұмыстардың бір парасымен сіздерді де таныстыруға рұқсат етіңіздер.

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ» БАҒЫТТАРЫ

Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі бекітілді. «Туған жер» жобасы аясында меценаттар қаражатына 27 мектеп, 115 балабақша, 479 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынды. Отандық тарихта алғаш рет шет тілдерден экономика, әлеуметтану, саясаттану, психология және өзге де ғылым салалары бойынша әлемдегі 48 үздік оқулық қазақ тіліне аударылып, басып шығарылды. Елдің гуманитарлық білім қоры 2019 жылы тағы 30 кітаппен толықпақ. Сондай-ақ БҰҰ-ның негізгі 6 (ағылшын, француз, испан, араб, қытай, орыс) тілінде Қазақстан жазушылары мен ақындарының проза және поэзия антологиялары жарыққа шықты. 18 сәуір күні, яғни, кеше ғана өздеріңіздің қатысуларыңызбен антологияның тұсаукесер рәсімі болып өтті. Бұл жолы 30 ақынның және 30 жазушының шығармалары негізінде антология құрастырылса, 2020 жылы тағы 60 қаламгердің, 2021 жылы тағы 60 қаламгердің шығармалары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылатын болады. Сонда жалпы 180 қазақстандық қаламгердің шығармалары әлем оқырмандарына жол тартпақ.
«Киелі Қазақстан» жобасы табысты жүргізілуде: 28 тарихи нысанда реставрация жасалды, жаңадан «Бозоқ», «Ботай», «Сарайшық» қорық-музейлері ашылды. Сондай-ақ, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жобалар қызу іске асырылуда.
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрі­қарай іске асыру жұмысын жандандыру қажеттігін айрықша атап айтып, бірқатар тапсырма берді, олардың орындалуы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тиісті бөлімдері мен Ұлттық комиссияның ұдайы бақылауында болмақ…

(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір