ЕРТЕГІЛЕР ЕЛІНЕНМІН
23.04.2019
711
0

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

Жол бойында 85-90 жастар шамасын­дағы қария кетіп бара жатыр. Ана кедергі, мына ойлы-шұңқырларға сүрініп кетіп:
– Әй, қайран жастық-ай! – дейді. Осындай екі-үш қайталанымнан соң айналасына, көзі жететін жерлерге ұрлана қарап қойып, өзіне өзі:
– Сол жастығыңда не тындырып едің? – дейтін көрінеді. Сол айтқандайын көбі­міздің: «Бізді құртқан бодандық, бізді құртқан бодандық», – деп сынықтан сылтау іздей беретініміз бар. Ол тұтас қоғами саясаттағы бодандық еді. Ешкім­нің қол-аяғын байлап, аузына құм құйып қой­ған жоқ. Әркім шамасына қарай әре­кет­тенді. Мәселен, қазақ тілінің шынайы жанашырлары, білгір мамандары оны сала-сала бойынша жіліктеді. Оның бас әріп­тік, кіші әріптік қарыптарынан бастап, айтылу, жазылу емлелеріне дейін зер­деледі. Әрі қазақ тілінің граммати­ка­лық, морфологиялық, синтаксистік талдауларын оқушылардың қабылдау қа­бі­лет­теріне қарай орайластырып, сы­нып-сыныптарға бөле жүйелеп берді. Соларды дұрыстап игерудің орнына дұрыс құры­лымды тілді неге бүлдіріп жатырмыз? Әлі күнге дейін қолданымда бар сөздік қоры­мызды орын-орындарына қоюға талпынбаймыз. Мәселен, ұлттық мәде­ние­тіміздің қарашаңырағы – М.О.­Әу­е­зов атындағы театрдың маңдайша айғағын әлі дұрыс жаза алмай мантырап жүрміз. Ол – «М.О.Әу­езов атындағы қазақ академиялық драма театры» деп емес, «Қазақтың М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театры» деп қалып­тастырылуы тиіс. Әдет­те ұлт бұрын пайда бола ма, әлде оның ұлы тұлғалары бұрын пайда бола ма? «Жұмырт­қа бұрын пайда болған ба, тауық бұрын пайда болған ба?» деген жаңылтпаш әзілге иек сүйей отырсақ та, алдымен ұлт атауы бірінші тұруы қажет-ау. Енді, «Қазақтың Лермонтов атындағы орыс драма театры» деп, әрі қарай өрістете беруге болады.
Жоғары оқу орындары аталымдарының мәтіндері де дұрыс қалыптастырылмаған. Айталық, Қазақтың Абай атындағы Ұлт­тық педагогикалық университеті ғой, бұл жерде біз ілік септігіндегі «Қазақтың» деген сөзден еш уақытта қашпауымыз қа­жет. Сол қазақтың баласы болғаныңды мақтан тұта білсең, тіпті ғанибет. Алматыда Қазақстанның бүкіл сәулет, құрылыс өнерін әлемге дәріптеп отырған үлкен оқу ордасы бар. Соның атауын да дұрыс жазуға жетеміз әлі жетпей келеді. Орысшадан тәржімәсін де мен секілді қайсыбір шала­п­ұ­шық аудармашылар жасайды да, бы­лай­ғы жұртты әбден шатыстырады. Сол оқу шаңырағының маңдайшасына алтынмен аптап, күміспен күптеп «Бас сәулет-құры­лыс академиясы» деп жарнама жасап қойғанбыз. Расында «Сәулет-құрылыс бас академиясы» ғой. Оның облыстардағы бөлімше, филиалдары жай, жас академия­лар бола берер…

(Толық нұсқасын газеттің №16 (3650) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір