«Құлагер» ақын құпиясы
23.04.2019
1721
0

УА, ЖАСАЙ БЕР, ҰЛЫ ӨЛЕҢ!

Біссімілдә, раһманы раһым!
Ілиястай Қызыр еді – бір атың.
Қызыр шалған жырың еді – бір атың.
Ел боп бүгін етек-жеңін жинаған,
Алашыңның ғұмыры еді – шын атың.
Арманыңмен құрдас еді мұратың,
Ұлықпандай мың жасасын, лұғатың!
Мәңгіліктің мәртөбесін көтеріп,
Арлылықтың әз басында тұратын,
Уа, ассалаумағаләйкум, ұлы ақын!

Қиясынан құлап ұшқан қырандай,
Ұясынан жылап ұшқан ұлардай,
Ұлтын сүйген ұлыларды ойласам,
Отыз тісім опырылып сынардай…
Арыныңның арнасынан шыға алмай,
Жырыңды оқып, тәпсірлеп ем құрандай;
Құлагердің маңдайынан Ай көрдім,
Қара түннің мойнындағы тұмардай.

әлі де сол…
Ай-тұмарың төбемде,
Азаптайды.., азабына көнем де!
«Жүсіп ханның» қан жүрегі қарайып,
Қарашаңа қайғы бұлты төнерде,
Сен айналып кетіп едің өлеңге.
Ел айналып кетіп еді өлеңге.
Молықбайдың қобызындай күңіреніп,
Өлең болып мен де жүрмін, сол елде!

Уа, ассалаумағаләйкум, ұлы өлең,
Түс секілді түйсігімде түнеген.
Құс секілді көл қорыған сен болсаң,
Жанымды да жабырқатпа, жүдеген.
Ағынды өзен арнасында алқынбай,
Тәңіртаудың тамырында түлеп ең.
Уа, жасай бер, ұлы өлең,
Бүкіл жұрттың бүтіндігін тілеген!

Бақыт Беделхан


Максим Горький, Фатима Ғабитова, Ілияс Жансүгіров.

Ілияс Жансүгіров – қазақ поэзиясында қайталанбас, аса ірі, кең тынысты шығарма жазған эпик ақын. Соның дәлелі ретінде, дарынды ақын қаламын жоғарыда аталған поэмалары сарындас, сапасы да еш кем емес «Көбік шашқан», «Исатай», «Бақытты Жамал», «Мақпал», «Рүстем қырғыны», «Мәйек», «Кәмпеске», «Байкал» толғаулары басталған күйінде аяқталмай, жарық көрмей қалған. Кедергі болған жайт – оның нағыз творчестволық өрлеу кезінде жазықсыз жабылған жала. Алайда оның тірі кезінде 20 жыл бойы жазып кеткен мол мұрасы қазақ әдебиетіне үлкен үлес болып қосылып, мәдениетіміз бен руханиятымыздың алтын қорын байытты.

…«Құлагер» поэмасы 1936 жылдың қара­ша айында «Социалистік Қазақстан» (қа­зір­­гі «Егемен Қазақстан») газетінің бірнеше сан­дарында жарияланады. Бұл ақынның эпикалық жырларының ең соңғысы және поэзиясының ең биік шыңы.
Сол газеттегі әдебиетші, сыншылардың айтқан сын-ескертпелерін назарға сала отырып, автордың поэманың соңғы нұс­қа­сын кітап етіп шығаруға әзірлегені жө­нін­де Мұхаметжан Қаратаев былай дейді: «Ілияс Жансүгіровтің жазу­шы­лық қызметі 1937 жылы үзіліс тапты. Үзі­ліс алдында оның жазып үлгергені – «Құлагер» поэмасын кітап етіп шығаруға әзірлеген толық, кемелді нұсқасы еді. Газет нұсқасы бойынша әдебиет ортасы поэмаға дән ризалығын білдірумен бірге, жақсара түсу үшін, бірқатар ақыл-кеңес айтқан болатын. Ілияс соның бәрін ескеріп, бірнеше ай бойы өңдеп, жөндеп, толыққан нұсқасын баспаға ұсынған кезде бұл нұсқа жарық көр­мей қалды да, қолдан шығып кетті. Қазір жарияланып жүргені газет нұсқасы»…

М.М.Иманғазинов,
филология ғылымдарының докторы
Б.Н.Есімқұлов,
филология ғылымдарының кандидаты
Сырым Сембек,
Ескелді ауданы Шымыр ауылы 11сынып оқушысы

(Толық нұсқасын газеттің №16 (3650) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір