Қайдасыңдар, достарым?
12.04.2019
1111
0

Жоқшылыққа толы, әр үйге суық хабар әкелетін сұмырай соғыс жылдары – біз сәбиміз, ойымызға ештеңе кіріп, кіреуке түсірмейді, біз не болып жатқанын білмейміз, біз үшін бәрі ойын, күлкі, жалаң аяқ шапқылап, ертеден кеш батқанша далада көбелек қуып жүреміз. Жаппай қазақ мектептері жабылып жатқанын да білмейміз, «Орыс тілінде оқымасаң, бір түйір нан тауып жемейсің», – деп, бізді оқуға орыс мектебіне берді. Оқыдық, орыс тілін «ана тіліндей» үлгердік, бәрі жақсы, бәрі тамаша…

Бүгінгі күні әрбір мектеп бітір­ген баланың соңында ата-анасы, аға-нағашылары, туыстары топ-топ болып еріп жүреді. Ал біз өмірімізде көрмеген үлкен қа­ла­ға өз бетімізбен аттанамыз, әке-шешеміз қайда барамыз, не мамандық аламыз, қайда тұрамыз деген сұрақты алдына қоймайды.
Албыртқан, жайнаған, жарқы­раған, еш уақытта естен кетпейтін, ұмытылмайтын студенттік өмірім есіме түсті. Асықпай фотоальбомымды ақтара бастадым.
О! Ескі фотосуреттер! Әп-сәт­те мықты экскурсовод сияқты өт­кен қуанышқа толы, қызықты да жарқыраған, әнге, биге, күл­кіге, махаббатқа, әзілге толы жыл­дар теледидардың алдында отырғандай тізбек-тізбек көз алдымнан өтіп жатыр.
«Жүз жылда жер жаңа, елу жыл­да ел жаңа» дейді ғой қазақ мә­телі. Елу жыл жылжып өтіп кетіпті, ал суреттегі достарым сол 18-20 жастарында. Әрқайсына үнсіз ұзақ қарап отырмын.
Сол жылғы бірінші курс жур­­факқа түскендер шетінен та­­лант­ты десем, артық айтпас­пын. Міне, күлімсіреп отырған Баққожа Мұқаев, оның оң жағын­да Сұлтанәлі Балғабаев, артында күліп тұрған Қанапия Беке­таев, Смағұл Елубаев, Амангелді Былқайыров, Шөмішбай Сариев, Тұрсын, Болат, Бейбіт.., т.б. бір топ жігіттер. Осы жігіттердің ішінде алты қыз оқимыз. Құралай, Күләш, Әдия, Гүлжаһан, Оңай, Әсия…
Біздің ең жақсы көретін са­ба­ғымыз ол – қазақ әдебиеті, оқытушымыз Зейнолла Қабдолов ағай, шетел әдебиетін Светлана Сагалович, тарихтан Жанпейіс Қарақұсов ағай беретін. Өте қатал мұғалім еді. Сол ағайға арнап шы­ға­рылған әзіл өлеңнің алғаш салфеткаға жазылып, студенттерге кеңінен тарап кеткен бір шумағы есіме түсті:
О, біздің профессор Қарақұсов,
Отырмыз ресторанда арақ ішіп,
Сіз деген көп ішудің көк тарланы,
Біз болсақ арттан ерген бала күшік.
Бұл шумақты сол кездегі студент ақын Марат Отарәлиев жазыпты…

 

 

 

Әсия Асимова

 

 

(Толық нұсқасын газеттің №15 (3649) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір