Жалаңаш бар да жауға ти
12.04.2019
1539
0

Омар Жәлелұлы

Жыраулар поэзиясының биік шоқтығы – Шалкиіз (Мағауин). Бабалар дүниетанымы біртұтас, бүлінбеген, саф таза күйінде. Ерлікке толы бабалар кешкен ғұмыр таң қалдырады, сүйсіндіреді. Қадымнан үзілмей жеткен асыл лепес рухыңды жебеп, намысыңды қайрайды. Ержүрек, қайтпас қайсар бабалар феноменінің сыры не деп шарқ ұрып жауап іздейсің. Осыншама ұлан-ғайыр жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалды деп жатамыз. Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы өзінен-өзі ұлы күшке айналмасы бесенеден белгілі. Мұнда бір гәп бар. Сол көп сұрақтың шешуі – мүлтіксіз дүниетаным болса керек.

Адамның ең үлкен қорқынышы – өлім қорқынышы. Жер бетінде өлшеулі ғұмыр кешетін жұмыр басты пенде үшін ең үлкен проблема да – осы өлім мәселесі. Бабалар дүниетанымының ерекшелігі де сонда, олар өлім қағанақ жамылып туатын, кебенек киіп өлетін пенденің қолында емес деп есептеді. Өлім ол бір Тәңірінің құзы­рында, пендеге еш қатысы жоқ деп сенді.
Жапырағы жасыл жау терек
Жайқалмағы желден-дүр,
Шалулығы белден-дүр,
Төренің кежігуі елден-дүр,
Байлардың мақтанбағы малдан-дүр,
Ақ киіктің шабар жері майдан-дүр,
Кешу кешмек сайдан-дүр,
Батыр болмақ сойдан-дүр,
Жалаңаш барып, жауға ти,
Тәңірі өзі біледі,
Ажалымыз қайдан-дүр! (Шалкиіз)
Қазіргі қазақ «өзі біледі», қашан өлеті­нін, «өлім, ажал менің қолымда, маған бай­ла­ныс­ты» деп ойлайды. Бабалар: «Тәңі­рі өзі біледі», – дейді. Сөйтеді де санасын өлім қорқынышынан, ажал ұғымынан толықтай азат етеді. Қазіргі қазақ «күнде өле­ді», санасындағы «өлем-ау» деген қор­қы­ныш аяқ-қолын матап, адымын аштыр­май­ды. Бабалардың Тәңірге деген сенімі шексіз, шәксіз.
Жапон самурайларына таң қаламыз. Жанкештілігіне. Бір самурай ұрыста 25 адамға төтеп береді деседі. Тағы да дүниета­ным алдымыздан шығады: самурай үшін ең үлкен бақыт – қожайынын қорғап, ұрыс­та өлу. Осындай дүниетаныммен қару­ланған самурай аңқасы кеуіп, қаңырығы түтеген адам бір жұтым суға ұмтылғандай жан алып, жан беріскен соғыс үстінде «өл­ем» деп емінеді, «өлсем» деп ұмтылады. «Өл­ем» деп ажалға ұмтылған адамнан ажал тайқиды; керісінше, қашсаң – ажал оғы артыңнан қуып жетеді, мойныңды үзеді. Дао ілімінде мынадай сөз бар: «Өмірін сақтап қалғысы келген адам – оны жоғал­тады, елемеген – ие болады». Самурайлық дүниетаным – жапон феноменінің негізгі қайнар көздерінің бірі. Әлемді ителлектуал­дық жанкештілігімен таң қалдырған жапон ғажайыбының рухани платформасы десе де болады.
Десе де, самурайлық дүниетаным – бір ғана әлеуметтік топтың, таңдаулы әскери кастаның дүниетанымы. Барлық жапон осындай дүниетаныммен өмір сүрді деп ай­та алмасақ керек. Ал қазақ феномені өзгеше – еңкейген қартынан еңбектеген баласына дейін «жалаңаш бар да жауға ти» философиясымен тәрбиеленетін. Зең­бі­рек­­пен, зауыттан шыққан түзу мылтықпен мұздай қаруланған отарлаушы орыс әскері «жалаңаш найза, бір атпен» (Махамбет) атой салып шапқан қазақ қосынына таңда­нысын жасыра алмапты: мұндай жанкеш­тілікті бұрын-соңды кездестірме­генін айтыпты. Көмекей әулие Бұқарекең Абы­лайға: «Қосының болсын қазақтан», – деп тектен-текке айтпаса керек.
Жә, қазір ешкім сізге «жалаңаш барып жауға ти» деп жатқан жоқ, «замана, шаруа, мінез өзгеріп кеткен». «Өгіз аттай желмейді, заман қайтып келмейді». Бірақ, принцип сақталуы керек: ғылымда, өнерде, саясатта, экономикада – бабалар дүниетанымымен қайта қауышуымыз шарт. Өйтпейінше жүн жеп, жабағы тышып, осы азғанымыз азған, осы қожырағанымыз қожыраған.
Кез келген экономикалық реформаның рухани платформасы болуы керек. Жапон эко­номикалық феноменінің негізінде син­тоис­тік-самурайлық дүниетаным, жаңа Еуропа мемлекеттерінің феноменінің не­гізінде протестанттық дүниетаным (Макс Вебер), конфуцийлік аймақтың экономи­калық өрлеу феноменінің негізіне Куң Фу Цзы ілімі жатқандай, Қазақ экономикалық өрлеу феноменінің негізінде «жалаңаш бар да жауға ти» жанкештілік философиясы жатуы керек. Егер біз бабаларға тартпай, жанымызды аяйтын болсақ, түк те шық­пай­ды; онда қазақ баласы, көріңді қаза бер. Өйт­кені ажалымыздың қайдан, қашан келетінін біз білмейміз, Тәңірі өзі біледі. Сөз соңын «Бар арманым, айтайын, батыр­ларша жорықта оқтан өлмедім, қайтейін!» – деп аһ ұрған Ақтамберді жырау Сары-
­­ұ­лының дем беретін, рухымызды шыңдап, намысымызды шар қайрақтай қайрайтын жалынды толғауымен аяқтағым келеді:
Балпаң, балпаң кім баспас,
Басарға балтыр шыдамас,
Батырмын деп кім айтпас,
Барарға жүрек шыдамас.
Жалтара шапсаң, жау қашпас,
Жауды аяған бет таппас,
Уа, жігіттер, жандарың,
Жаудан аяй көрмеңіз,
Ғазірейіл тура келмей жан алмас!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір