ЖАҢА «ШАРБАҚ»

0
75 қаралды

Тәуелсіздік жылдарындағы кез келген жетістік тұрақтылық пен ұлтаралық татулықтың жемісі. Әсіресе әдебиет әлеміне шекара сызбай, әр ұлттың төл туындыларымен сусындау – ұрпақтың ой-өрісін кеңейте түспек. Бұған Қазақстан халқы Ассамблеясы аз үлес қосқан жоқ. Бұл жолы сексенді еңсерсе де қолынан қаламы түспеген Ахметжан Ашири туралы аз-кем толғаныс.

Жазушы-драматург Ахметжан Аширидің «Шарбақ» пьесалар» атты мақалалар жинағы жарық көрді. Бұл жинақты көп кітаптың бірі деп, бес жолмен қайыра салуға болмайды. Біріншіден, Ахметжан Ашири сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Екіншіден, жинаққа 1973-2018 жылдар аралығында сахналанған жеті пьесасы топтастырылыпты. Үшіншіден, жазушының саналы ғұмырының 43 жылы Қазақстан Жазушылар одағында өтіпті. Басқарманың жауапты қызметтерінде, ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы, өзге де маңызды міндеттерді атқарып, одақпен тығыз қарым-қатынаста келеді екен. Сонау 1986 жылғы арқадан аяз өтіп, табанды ызғар қарыған, азаматтар сынға түскен кезде қазаққа деген достық позициясынан айнымай, ақ адал мінезін сақтап қалған қаламгерге жұрт риза. Әйгілі ұстаз Мұхтар Әуезовтен сабақ алып, қазақ тілі мен әдебиетін оқыған ол халқымыздың таңдаулы ұл-қыздарымен студенттік қызықты шақтарын бірге өткізіпті.
Ол – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш», «Ильһам» әдеби сыйлықтарының иегері. Түркі дүниесі драматургтерінің байқауында «Шарбақ» пьесасы үшін «Қорқыт Ата» атындағы 1-дәрежелі жүлдеге ие болды. Еңбектері бұрынғы Кеңестер Одағындағы халықтар тіліне аударылып, көп тиражбен таратылған. Тәуелсіздіктен кейін қазақ, қырғыз, әзірбайжан, түрік тілдеріне аударылып, түбі бір туысқандарға жетіп отыр. Жинақта «Өлмес болып туғандар», «Мұқамшы», «Диқан», «Идиқұт», «Жалғыз жалбыз», «Шарбақ», «Астана» қатарлы шығармалар бар. Мұның ішінде «Идиқұт», «Жалғыз жалбыз», «Шарбақ», «Астана» секілді еңбектерін қазақ тіліне мен аударыппын. Менің аудармам бойынша екеуі Түркі дүниесі байқауына қатысты, екеуі Алматы мен Астананың сахнасында қойылу үшін Мәдениет министрлігіне жолданды. Астананың жиырма жылдығы қарсаңында Ахметжан Аширидің «Астана» атты спектаклі Алматы мен Астанада қойылып, Елбасы мен Елорданың мәртебесін асқақтатып, ұлттардың ынтымағын, Қазақстанның дамуын көркем әдебиет арқылы көрерменге жеткізді. Бұл еңбегі Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының үздік еңбегі ретінде бағаланып, автордың да, театр ұжымының да мерейін өсірді…

Дәулетбек Байтұрсынұлы

(Толық нұсқасын газеттің №15 (3649) санынан оқи аласыздар)

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.