ДАЛА ЖАУҺАРЛАРЫН ЖАҢҒЫРТҚАН ЗАТАЕВИЧ
12.04.2019
1306
1

Жуырда музыка сыншысы, этнограф-ғалым, композитор, ҚазАСР-інің Халық әртісі А.В.Затаевичтің 150 жылдығына арналған «Ғасырлар кеңістігіндегі көне сарындар» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған айтулы шараға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден ғалымдар қатысты. Жалпы, Затаевич қазақ өнері мен мәдениетіне қандай еңбек сіңірді?

Александр Викторович Затаевич (1869-1936) – қазақтың әндері мен күйлерін жинап, нота­ға түсіріп, олардың бүгінгі күнге жетуіне зор еңбек сіңірген ғалым. 1920 жылы Орынборға Варшавадан келген ол бір күні қазақ музыкасының кешін тамашалайды. Сол кештен кейін үйіне келе сала отбасындағыларға: «Бүгіннен бастап қазақ әндерін жинаймын», – деген екен. Ал, 1925 жылы біраз жылдық еңбегін қорытындылай отырып былай деп жазыпты: «Менің алдымнан күтпеген жерден ашылған ғажайып қазынаның жанынан елемей өтіп кету мүмкін бе еді?! Мәдениет әлеміне олар әлі күнге дейін мүлде беймәлім еді, сонымен қатар бұл мәдениет иелеріне жойылып біту қаупі төне бастаған кез еді… Сондықтан, әлі де болса бүлінбей бүтін тұрғанда, жазып алуды жылдамдату керек болған еді».

Қазақ күйлерін жанындай сүйді

…Затаевичтің қазақ күйлерін жазып алуы жөнінде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Музыкатану бөлі­мінің меңгерушісі, өнер­танушы Айнұр Жасанбер­генқызы былай дейді: «Этнографтың қазақ халқының күй өнеріне деген көзқарасы ерекше болды. Оның күйлерді алғашқы болып нотаға түсіруінің өзі сол кезеңдегі музыка әлеміне жаһандық өзге­рістер әкелді. Ол уақытта күй мұра­ларының хатталуы еуропалық «есту қабілеті» тұрмақ, біліктілігі жоғары, музыкалық сауаты бар қазақтың өзіне қиындық тудыратын еді. Затаевичтың қиын-қыстау күн­дерде күйлерді жинақтауы кейінгілерге үлгі болып, қазіргі мамандардың жаңаша хаттау әдісін қалыптастыруына жол ашты. Тағы бір айта кететін дүние: зерттеушінің қазақ күйле­рін тұңғыш фортепианоға өңдеп жазуы басқа да аспаптарға лайықталуына бастама болды».
Жалпы, А.Затаевич заманауи қазақ музыка өнерінің дам­уына зор ықпал етті. Му­зыка жанрлары жүйелі қалып­та­сып, музыкатанушылар сол бас­таулардан айқын бағыт ал­ды. Әйгілі композиторлар Е.Брусиловский, композитор С.Прокофьев, Н.Я.Мясковский, М.М.Ипполитов-Ивановтардан бастап, қаншама музыка маман­дары Затаевич жинаған дүние­­лерді өз шығармаларында пайда­ланған. Мәселен, Е.Бруси­лов­ский мақалаларының бірінде: «Мен «Қыз Жібектің» музыка­­сын жазғанда көбінесе Қазмуз­техникумның ғылыми-зерттеу кабинетінде сақталған, халық әуендері мен халық әндерін жина­ған композитор Затаевичтің материалдарын пайдаландым», – дейді.
Иә, қазақ даласында туып-өспегенімен, қазақ әніне деген сүйіспеншіліктен қазақтың інжу-маржан өнерін төл иесіне баға жетпес сый етіп қалдырған тұлғаның есімі қазақ халқының есінде мәңгі сақталары сөзсіз.
Сөз соңында қазіргі уақыттағы мынадай көлеңкелі жайт жөнінде айтпай кете алмаймыз. Затаевич талмай жиған жауһар саз-әуен­дер неге бүгінде сирек есті­леді? Не себепті жастар ата-бабамыздан мұра боп жеткен ұлттық әндерімізге менсінбеушілік танытады, керісінше, өзгенің ән өнерін таңсық көреді, құмарта тыңдайды? Білгенге, ұлттық ән-күй – тәрбие мәйегі, рухани нәр емес пе?! Ал, өз ұлтын, өз әнін сүймейтін адамның ұлттық бейнесі жоқ.

Бақтияр ӘКІМЖАНОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері

(Толық нұсқасын газеттің №15 (3649) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.10.2021 | 13:56

3694

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір