ҮМБЕКЕҢСІЗ ЖЫЛ ӨТТІ
09.04.2019
912
0

«Бір сөзіне қарасаң,
Аға айтқан ақыл секілді.
Бір сөзіне қарасаң,
«Средняя дальность» секілді.
Бір сөзіне қарасаң,
Тұтқиыл дауыл секілді.
Бір сөзіне қарасаң,
Туған ауылың секілді.
Мінезіне қарасаң,
Қарындасың секілді.
Ерлігіне қарасаң,
Барымташы секілді…
Айтып-айтпай не керек,
Үмбетбай деген бұл кісі –
Қазақ деген халықтың
Құдай берген ырысы!»
Қаламдас інісі Үмбетбай Уайдин «50» атты қырға шыққанда әйдік ағасы Оспанхан Әубәкіров той үстінде осылайша толғанып, жи­нал­ған бәріміздің ойымызды оқып отыр­ғандай болып еді… Сол жайдарман сәттен бір жылдан соң Осекеңіміз оралмас сапарға аттанып кетті. Жоқтап қала бердік. Үмбекең:
Мәз боп жүріп мәйекті ойларына,
Мәз боп жүріп достардың тойларында,
Аңқау ақын:
ажал – сұм, дүние – жалған,
осынша опасыз деп ойлады ма?! –
деді, өзі де егіліп, бәрімізді де егілтіп…
Солайша өкінішті жыр жазған Үмбекеңді жер бесігіне бөлегенімізге жыл толды. От­ба­сы, туған-туысқандары, жерлестері, үл­кен-кіші қаламдастары, барша оқырман­дары мұңая еске алып жүрміз-ау… 1970 жыл­дан танысым, жолдасым, сырласым, до­сым болған құдайы бір құрдасым Үмбеке-ай, қарт «Ғаббеңді» баладай жетімсіретіп кеттің ғой…
Парасатты Үмбекеңнің өмір жолы, шығар­машылық бел-белестері әмбеге аян, нәрлі әзіл-сықақ әңгіме-өлеңдерінің, адам­гершілік жайындағы тебіреністерінің жи­нақ­тары қолымызда. Қарапайым, байсалды бейнесі көз алдымызда, жұмсақ үні құла­ғымызда.
Үмбекең жазушы ғана емес, ұстаз да еді. Алматыда Абай атындағы №2 мектеп-интернат бар. Дарынды балаларға арналған, қазақ тілі мен әдебиетін кең көлемде оқыта­тын республикалық білім ордасы. Іргетасы қаланғанына 60 жыл. Үмбекең сол мектепте журналшы мамандығы бойынша жиырма жыл шамасы дәріс оқыды. Әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық универ­ситетіміздің журналшылар факультетінде оншақты жыл сабақ берді.
Директор Роза Ербозымқызы Сексенова басқаратын мектеп-интернат ұжымы Үмбе­кеңнің өмірден озғанына бір жыл болғанына арнап жиын өткізді. Үмбекеңнің өнегелі өмірі әңгімеленді. Шақырылған меймандар естелік айтты. Шәкірттер ән салып, би би­леп, күй тартып, Үмбекеңнің өлеңдерін, өз­дері­нің арнау өлеңдерін оқыды. Ұжымның «Қал­дырған ізің мәңгілік» («Үмбетбай Уайдаұлының ұстаздық рухына арнаймыз») атты жинақ шығарып, «Үмбетбай Уайдаұлы­ның кабинетін» ашып, аяулы ұстаз әруағын ардақтағанына куә болдық.
Роза Айбозымқызының алғысөзімен ашылған жинақта осы мектепте ұзақ жыл мұғалім болған танымал педагог, Қазақстан­ға Еңбек сіңірген қызметкер Орынша Қара­балина-Қазыбаеваның, басқа бірнеше мұғалімнің Үмбекең жайында жылы лебіз­дері, кітаптары туралы пікірлері, шәкірт­тердің өлеңдері бар. 10-сынып оқушысы Молдахан Еркежанның «Уайдин – ұстаз» өлеңіндегі:
«…Сөз-ісіңіз есімізде сақталар,
Үмітіңіз болашақта ақталар.
Тәрбие алған ізбасарлар бүгінгі
Сіздей ұстаз бейнесімен мақтанар», –
деген жолдар маған шәкірттер қауымының сағыныш сазындай әсер етті.
«Біздің үйдің комменданты – Мариям», – деп жырлаған Үмбекеңнің зайыбы, осы мектепте мұғалім болған, ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі үшін «Қазақ КСР Оқу-ағарту ісінің озаты» атағы берілген Мариям Алданова мектеп-интернат ұжымына өзінің, бала-немерелерінің атынан ыстық ықыласты алғыс айтып, қазақ ғұрпын сақтай, жоқтау жырын оқыды.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір