ҚЫРМЫЗЫ ҚЫЗЫЛ ДҮНИЕ
09.04.2019
1532
0

(Орхан Памуктың ізімен)

Қызылшақа сәби өзіне жайлы қараңғылықты – анасының құрсағын жарып шыға келгенде, көз қарықтырар жап-жарық дүниеге тап болады. Иә, сәуле – тіршілік бастауы. Адам баласы жарық арқылы өмірдің сан алуан бояулардан тұратынын таниды. Өйткені, өмір дегеніміз – түрлі-түсті әлем. Ғұлама Аристотель: «Барлық тірі атаулы түске ұмтылады», – депті. Соның ішінде адамның көзі ең алдымен қызылға түседі екен. Бұл пенде шіркіннің қызыққыш, еліккіш келетінінен болар, сірә. Бірақ, бәрінен бұрын мені ағзамыздың жүрек дейтін жұдырықтай «патшасының» да, тұла бойымызды қыздырып, тамырларымызды қуалай ағатын ып-ыстық қанымыздың да қызыл түстілігі таңғалдырады. Демек, қызыл – тіршілік белгісі.

Ертегі арқылы жақсы таныс Қызыл телпек секілді қызыл бас киім киіп жүрген жеті-сегіз жасымда қызыл түсті ерекше жақсы көретін­мін. Анама көйлектің де, аяқ киімнің де қызы­лын алғызатынмын. Мен үшін ол жай ғана ең әдемі түс болатын.
Мектепте кей құрдастарымнан ертерек өңірі­ме октябряттың қызыл белгішесін қадап, мойныма пионердің қызыл галстугын тағып, қызыл сұңқар комсомол атанғанымда, «қызыл деген – көптің алды болу» деп масаттандым.
Он екі-он үш жастағы кезім болуы керек, өлең жазуға талпынысы бар бір сыныптасым сабақты нашар оқитын Р. атты жолдасымызды әзіл өлеңге қосып, онысы республикалық басылымға жарияланды. Газет қолымызға тиіп, екі шумақ өлеңді таласа-тармаса оқып, шуласқанымызда, «масқарасы» шыққан бейшара қып-қызыл болып, басын жерден көтере алмай қалды. Тіпті, екі-үш күндей оқуға келмей қойды. Адамға ең алдымен ұят керек екенін естіп өскеніммен, сол кезде қызыл деген – ұяттың нақ өзі екенін түсінбеппін. Оны маған өмір кейін өз жүзімді қызарту арқылы ұғындырды. Бір емес, бірнеше рет…
Арманшыл он бес-он алты жасымда Алек­сандр Гриннiң «Алқызыл желкендер» атты шығармасы қызылмен етене жақындас­тыра түсті. Жарық дүниеге келе сала анасынан айы­ры­лып, тағдыр теперішіне тап болатын Ассоль­дің хикаясы есіңізде ме? Адамдардың қатыгездігінен сан мұңайса да, күн сәулесі сүйген, толқындары тербелген көкше теңіз бетінен алқызыл желкенді кемені – бақыт кемесін асыға күтуші еді ғой. Сол кейіпкердің болмысы мені армандай білуге, ғажайыпқа сенуге үйретті. Армандардың орындалатынына сендірді. Әлі күнге дейін өз ойымда алқызыл желкенді кемелерімнің бірін шығарып салып, келесісін үміт үзбей күтумен жүремін.
Ал, жастық дейтін дәурен келгенде, көзім, тіпті, қызылдан өзгені көрмейтін болды. Мен үшін қызыл – түстер патшасына айналды. Ол менің тұла бойымда буырқанып тасып жат­қан күш-жігерім болатын. Өмірге деген құш­тар­лығым шырқау шегіне жетті. Қызықпаған, айналыспаған ісім қалмады. Табаным қып-қызыл болып ойылғанша би де биледім. «Өнер алды – қызыл тіл» деп, сау­сақтарым қаламға қажалып, қызыл еті көрінгенше өлең де жаздым. Шабытты сәттерде ойларым­ды Гёте ақындай қызыл әйнекті көзілдірік киіп кестелемесем де, ішімде өзге түгіл өзімді де күйдірердей қызуы күшті қып-қызыл от лаулап жанып жататын…

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

(Толық нұсқасын газеттің №14 (3648) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір