Қазақ – Қазақстанның күретамыры
24.10.2015
1170
0
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ
539236_46344808_____________________________________________________________
Қазақтың досы кім? Еліміздің қазіргі жағдайында бұл сұрақ өте маңызды. Жасыратыны жоқ, әр халық өз мүддесін ойлайтын алмағайып заман туды. Қазақтың өзінен басқа шынайы жанашыр досы жоқ десем, қателеспеймін. Бізге бауырлас елдер бар, көршілес мемлекеттер бар. Дос деген ұғым меніңше, ортақ мүдде, ортақ тарих, ортақ мәдениет болған жерде қалыптасады. Орталық Азияның өзін алып қарасақ, әр ел өзінің жайымен әуре боп кетті.
Сенде дос болуы үшін, сен өзің мық­ты болуың керек. Мүсәпірде дос болмайды, мүсәпірді біреу жанына алып, өзінің көмекшісі, құлы ретінде пайдаланғысы келеді. Қалай болған күннің өзінде қазақ қазір өз ішінен өзін іздеп жүр. Егемендік алған уа­қыт­тан бермен қарай бағамдасақ, біраз табысымыз бар, олқы тұсымыз да аз емес. Алла қазаққа кең байтақ жерді, асты толған қазба байлық берді. Кеңес Одағы тұсында елімізде көптеген зауыттар болған еді. Сол өндіріс орындарын сақтап, санын кө­бейтудің орнына барлығын қира­тып алдық. Ал қазір тек мұнай мен басқа да қазба байлықтармен күн көріп келеміз. Бұл жағдайда бізде тілеулес достан гөрі, қазба байлы­ғы­мыз­ға көз тіккен уақытша жолдас көп. Жолымыз бір болғанмен, олардың ойы бөлек.
Ширек ғасырға таяу жылдар ішінде біз көптеген мүмкіндігімізден айырылып қалдық. Сол себептен сенім­ді, тар жерде болысып, тығы­рықтан шығара қоятын досымыз жоқ, бо­ла­шақ­қа көз тіксек, ондай достың тө­бесі де көрінбейді. Әркімге шап­қы­лап әрнәрсе сұрай берген қай жақ­­сы дейсіз. Осы күнге дейін сөзі­міз ісімізбен, ісіміз талабымызбен қабыспады. Ал негізінде ауыздан шыққан сөзге сай тұрақты іс, елдің жағдайын оң­тай­ландыратын темірдей талап болуы керек еді. Бұдан бірнеше жыл бұрын, бейнелеп айтсақ, аяғында жыртық кебісі жоқ, жалаңаяқ келген шеттің адамы, біздің елден миллиардер болып шықты. Ал жергілікті халық өз же­рінде өз байлығының қызығын көре алмай отыр. Біз қазір ең алдымен қазақтың білгір, білімді мамандарына жол ашуымыз керек. Қазақ – Қазақс­тан деген елдің күре тамыры. Күре тамыр мықты болса басқа қауіп осынша қатерлі болмас еді. Бізде осы күретамырды мықты ету бағытында атқарылған жұмыс өте осал болды. Бұл қиыншылық бізге сабақ болуы да мүмкін. Ендігі жерде кеткен қателіктің орнын толтыру үшін, алдымызға үлкен мақсат қойып, сол мақсат жолында жұмыла жұмыс істегеніміз жөн.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір