ӘНШІ
09.04.2019
261
0

(әңгімеден үзінді)

…Әмірқандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірқанды ешкім де елемейді. Әмірқан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның дауысы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол – тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса, рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың.
Бірақ Әмірқан үнемі олай айта бермейді. Әмірқан қымызы, тобы, ойын-сауығы, қыз-келіншегі бар жерде өзін-өзі ұмытып айтады.
Әнін ұғушы, тыңдаушы болса, шабыттанып айтады. Тыңдамай, жыбырлап сөйлесе бастаса, Әмірқан тұрып кетеді, айтпайды.
Әмірқан – кісіге тез үйір болатын, жолдасқа жанын қиятын жігіт. Наурыздан кейін бізбен дос болып кетті. Бер жаққа шықса, бізге соқпай кетпейді.
— Менің құжырамды да бір көріңдер,— деп, қайта-қайта шақырып, үйіне қонаққа апарды.
Құжырасы бір іншік екен. Қарт шешесі, қоңыр ғана келіншегі бар екен. Үйінде мәз төсеніші де жоқ. Бар асыл бұйымы — үкілі сары домбыра. Оқығандардан көргенін істеп:
— Біздің жампоз мынау! – деп, қатынын жетелеп әкеп, қолын ұстатты. Қымыз, ет алып, тыраштанып, шабылып қалыпты.
Әмірқандыкі қаланың дәл шетінде. Үйінің ар жағы жасыл дала, қымызды ішіп алған соң көгалға шығып, сейіл құрдық. Ән туралы әңгіме қылдық.
— Менің жүрмеген жерім, көрмеген елім бар ма? — деп бастады Әмірқан. – Жас күнімнен әкеме еріп, ел араладым. Әкем ересен әнші еді. Әкем қайтыс болған соң, жақсыларға еріп көп жүрдім. Жәрмеңкелерге бардым. Маған ән үйреткен әуелі әкем болды. Содан соңғы үлгі берген кісі Жұмабек әнші еді. Уай, шіркін, Жұмабек жігіт еді! Ондай әншіні өмірі көргем жоқ. Қанша айтса, бір жалықпайсың. Бір әнін бір ат беріп үйренсең, обалы жоқ… Өлеңші, әнші деген жігіттердің бәрін естідік. Қайда? Жоламайды. Әннің бір жерін келтірсе де, бір жерін былықтырып алады. Бас-аяғы бірден мүлтіксіз шықпаған соң әнді салып не керек?..
— Естайды естігендерің бар ма?
— Жоқ.
— «Қорланды» сол шығарды дейді ғой… Оның ән салғаны бір порым екен. Күжілдеп, ызбарланып, ышқынып, тістеніп, шытынап кетеді екен. Ән салғаны төбелеске бергісіз. Әншілердің көбі түр шығарам деп әуре болады. Жақсы әнді бұзып жібереді. Қиқылдай ма, шиқылдай ма, аупылдай ма мазарат… Есіл әнді бей-берекет қылады. Бет-аузын тыржитып, зорланып, күшеніп отырып салған соң, ән бола ма? Әнді еркіне жіберіп, қысылмай салған ғой қызығы.
Әншілердің көбі не мақтан үшін, не мал табу үшін айтады. Шабыты келмесе де зорланып айтады. Зорланып айтқан ән дұрыс шыға ма? Ән салу көңілден ғой… Мен өзім көңілденбесем, жақсы айта алмаймын: айтқым келмейді…
Әннің бір кілтең жерлері болады… Жұрттың көбі соны келтіре алмайды. «Ау» дегеннің бәрі ән болады деп ойлайды. Ол ән бола ма? Кейбіреу орысқа еліктей ме, ноғайша жырлай ма? Қазақ әнін бұзып жібереді. Қазақтың нағыз өз әнін салшы, қандай тыңдар екен!? Бұ шіркіннің соңына түскен соң, құнттамаса болмайды ғой. Жұмабек марқұм әнді салып жіберіп: «Қай жері ұнамайды?» – деп, білетін кісілерден сұрап отырушы еді. Әркімнің әнін тыңдап, жақсы жерін алып, жаманын тастап, талғамаса, дұрыс шықпайтын көрінеді. Осы «Екі жиренді» елдің аузынан бала күнімде естіп едім. Енді байқасам, әжептәуір ән екен. Қандай жаңа әніңнен кем емес. Оңдап түзеген соң жұрт қағып әкетті…
Мұндай сөз Әмірқанның ғана аузынан шығады. Жалпылама әнші әннің қайткенде жақсы болатынын ескермейді де. Әмірқанның әнге берілгендігі сонша, басқа шаруаға олақ-ақ. Қолынан түк келмейді. «Аштан өлемін-ау, көштен қалам-ау, ертең не күн көрем-ау» деген уайым ойына да келмейді. Кейде: «Кемпірдің наны… отыны бітіп қалыпты», – деп сасқалақтап жүгіріп жүргені. Біреуден ат, біреуден арба, біреуден қарызданып азық, ақша алып жүргені. Ол «барды баламайды, жоқты санамайды», өзінің бірдемесін сұрасаң бере салады, кісінің нәрсесін, киімін өзі де киіп жүре береді. «Ұят екен-ау» демейді. Ол кісі алдауды, арын сатуды білмейді. Кім көрінгенге сенеді. Өзін әркім талай алдап кетсе де, сенуін қоймайды. Ондай саппасты таппассың…

Жүсіпбек Аймауытов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!