ӘМІРЕНІҢ ЕСІМІН ФРАНЦУЗДАРДАН ЕСТІДІК
09.04.2019
1457
0

Шетелде тұратын қандастардың өмірі туралы басылым беттерінде жиі жазылып жүр. Әрине, олардың атамекенге деген сағынышы, арман-үміті, жат жерде қандай жұмыс істеп жатқаны туралы білгісі келетіндер көп. Газетіміздің осы нөміріне Париж қаласындағы қазақ, француз, түрік орталығының жетекшісі Махмұт Сабашпен сұхбат дайындадық.

– Қазір Франция елінде қанша қазақ тұрады? Олар немен айналысады?
– Францияның бас қаласы Парижде 350-ге жуық қазақ отбасы тұрады. Әр қазақ отбасы 3-4-тен бала тәрбиелеп отырғандық­тан, мұндағы қазақтың жалпы саны 1500-ден асады. 1970 жылдардан бастап Стамбул­дан Франция мемлекетіне келген қазақтар бүгінгі күні ата кәсібіміз болып саналатын тері илеу, одан бағалы киімдер тігу ісінің шеберлері болып жұмыс істеуде. Франция мемлекетінің әлемге танымал «Chanel», «Dior», «LouisVuitton» маркаларына арнап, теріден киім тігетін көптеген тігін ательеле­рі­­нің тасын өрге домалатып, жұмысын жан­дандырып жүргізіп отырған қазақтар жетерлік. Бұдан басқа да Франция мемле­кетінің әкімдігінде, банктерінде, әуежайда, құқық пен психология, сауда-саттық, т.б. салаларда қажырлы еңбек етіп жүрген жастарымыз да баршылық. Сондай-ақ, қазір француздардың жетінші лигасында ойын ойнап, сынға түсіп жүрген футбол ойнай­тын қазақ жастарынан құралған «Париж қазақ спорт» құрама командасы бар. Бұл «Париж қазақ спорт» командасы соңғы жылдары жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Олар Париждегі қалалық жарыста топ жарып, аймақтық кубок та алып үлгерді. Команда Қазақстанға бірнеше рет барып, ала доптан жолдастық ойындар өткізді. Соңғы рет елордадағы «Астана» футбол клубының жастарымен достық кездесу жасап, Париж жастары 1:0 есебімен жеңіске жетіп, абыройлы оралды. Арамызда спортқа ден қойған жастарымыздың бары көңілге қуаныш ұялатады.
– Қазақтардың Франция еліне қалай барғаны туралы да айта кетсеңіз…
– Сонау бір қиын-қыстау заманда бауы­рына басқан Түркия мемлекетін тастап, Еуропаға қарай бет алып, жолға шығуымыз­дың басты себебі – Түркиядағы экономи­калық жағдайдың тұрақты болмауы. Қазақ отбасылары балалы-шағалы, үлкен әулет болғандықтан, нәпақа табу, ұлдардың енші алып, бөлек отау құрып, баспаналы болуы үшін, яғни, жеке шаңырақ көтеруі үшін қара­жат табу жолдарын қарастыру қажет­тілі­гі туындағанда, жұмысқа жарамды қазақ жігіттері түріктермен Еуропаға, оның ішін­де Франция мемлекетіне еңбек мигрант­тары ретінде 1970 жылдардан бастап келе баста­ған. Басында, салт келген ер-азамат­тар біраз жұмыс істеп қаражат, тұратын баспана тапқан соң, біртіндеп туыс-туған­дарын көшіріп ала бастады. Осылайша, Еуропаның кіндігі болып табылатын Парижде қазақ отба­сыла­ры жайлап шо­ғырланды. Бұл үдеріс бірнеше онжылдықты қамтыды. Бүгінде сонау Шығыс Түркістанды артқа тастап, Түркия мемлекетінің қол­да­уымен өмірінің біраз уақытын Түрік елінде өткізген қазақтардың ұрпағы, жұмыс бабымен Франция мемлеке­тінің бас қаласы Парижге қоныстанып, тамырын тереңге жайып, өмірдің ағысына ілесіп, бақуатты өмір сүруде.
– Парижде «Қазақ мәдени орталығы» бар деп естідік. Ол орталық немен шұғыл­дана­ды?
– Иә, Парижде қазақтардың бас қосып жиналатын мәдени орталығы бар. Қазақ, француз, түрік мәдени орталығының қыз­мет­керлерінің бастамасымен қазақ халқы­ның ұлттық мәдени іс-шаралары өткізіліп тұрады. Ата-бабамыздан мирас болып бүгінге жеткен ұлттық салт-дәстүрі­міз­ді, әдет-ғұрпымызды өскелең жас ұрпаққа насихаттау ісінде аянбай еңбек етудеміз. Жастарымыз өз ұлтының ұлттық мәдение­тінен ажырамасын деген ниетпен әрқашан үлкендеріміз өз отбасында ұлттық құнды­лық­тарымызды насихаттауда. Құда түсу, кит кидіру, қыз ұзату, келін түсіру, келіннің бетін ашу, жастарға бата беру, шілдехана, нәрестені бесікке салу, сүндет той, үлкендер­дің батасын алу, табақ тарту, шашу шашу сынды әдет-ғұрыптарымызды шама­мыз келгенше жалғастырудамыз. Мәдени ор­та­лық­та біздің үшінші буыны­мыз, яғни, не­мере­лері­мізге қазақ тілінен дәріс беруде Қазақстаннан келген келініміз, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Құралай Алтунай Мағиқызының еңбегі мол. Бұдан бөлек немерелерімізге қолөнер, домбыра курстары да жүргізіледі.
– Алыста жүрген ағайынға ана тілін ұмыту, бөтен халыққа жұтылу қаупі жоқ па?
– Әрине, қаймағы бұзылмаған қазақы орта болмағандықтан, қазіргі уақытта өмір сүріп жатқан мемлекет келешегіміз болып отырған жастарымызды өз ортасына бейім­деп жібере ме деген алаңдаушылық жоқ ем­ес. Сол себептен де, әр отбасында қазақ, түрік тілінде сөйлесу, балаларға қазақы тәр­бие беру ауадай қажет. Жастарымыз Фран­ция­да дүниеге келіп, осы жердің балабақ­ша­сына барып, орта және жоғары білімді фран­цуз тілінде алып отырғандықтан, яғни, бір сөзбен айтқанда, сыртқы ортасы, дос­тары, қызметтестері французтілді болған­дық­тан, ана тілін ұмыту қаупі бар. Фран­ция­да өмір сүріп жатқан екінші, үшінші буын өкілдері: балаларымыз мен не­ме­­ре­леріміз дінін, мұсылман екендігін ұмыт­пасын деп ата-аналары оқудан тыс уа­қытта жергілікті мұсылмандардың бас қосатын мешіттерінің жанындағы медресе­лерде діни білім алсын деп оқуға жіберіп отырады. Жалпы, біздің өмірімізде дін өте маңызды рөл алады. Кезінде ата-бабала­ры­мыз дінін, тілін, салт-дәстүрін сақтап қалу үшін Қытай мемле­кетінен бас тартып, бас сауғалап, талай қиын­шылықты бастан кеші­ріп, Түркияға келген болатын. Ата-бабала­рымыз тар жол тайғақ кешсе, ұрпағына діні мен тілін, әдеті мен ғұрпын аманат етіп кетті. Олардың осы жолын бейбіт заманда жалғастыру біздің басты міндетіміз деп білеміз.
– Кезінде атақты әнші Әміре Қашаубаеев Парижге барып, қазақ әнін асқақтатқан. Әнші­нің сол сапары туралы деректер Франция мұрағаттарында кездесе ме?
– Әміре Қашаубаевтың есімін алғаш Парижге келген кезде француздардың аузынан естідік. Өйткені, біз Түркиядан Парижге біртіндеп қоныс аудара бастаған тұста Қазақстан Совет өкіметінің құрамында болғандықтан, ата жұртымыздың мәдени, әдеби өмірінен хабардар бола алмадық. Сол себепті, қазақтан шыққан, Еуропаға қазақ ұлтын танытқан, ерен өнердің иесі Әміре жайлы француздардан есту бізді мақта­ныш сезімге бөледі. «Қазақтың бір ұлы Париж­дің төрінде қазақтың әсем әнін әуе­ле­тіпті» деп қуандық. Бір-бірімізден сүйінші сұрадық. Қазақстан Әміре жайлы фильм түсіргенін білеміз. Франциядағы Қазақстан Респуб­лика­сының елшілігі Әміре Парижге келген­де ол туралы жазылған мақалалар жарық көрген газет-журналдарды мұрағат­тар­дан тауып, жәрдем еткенін естідік. Біз үлкендер жағы француз тілін жетік білме­ген­діктен, кейбір кезде көп мүмкіндіктерге ие бола алмай қаламыз. Бір үмітіміз бұл жақтағы Әміре жайлы мұрағаттардағы материалдарды толық жинақтау ісінде жастарымыз көмек береді деп ойлаймыз.
– Мұстафа Шоқай туралы да деректер бар шығар?
– Әуелі «Мұстафа Шоқай атындағы Фран­цуз-Қазақ Достық қоғамы» бар екенін айта кетейін. Оның басшысы – қазақтың ақсақалдарының бірі Яшар Динш. Ол кісі 2006 жылдан бері Шоқай мұраларын француздарға насихаттауда көп еңбек етуде. Қазақстанның қолдауымен, Париж әкімдігі­нің келісімімен Париждегі Ножан сүр Марн ауданында арысымыз М.Шоқайдың мүсіні орнатылды, саябақ ашылды. Бұл ауданда Мұстафа 1923-1941 жылдарды өмір сүрген. Қазір Қазақстаннан келген әр азамат гүл шоғын қойып, Мұстафа Шоқай­дың рухы алдында бас иеді. 2008 жылы Ножан музейіне М.Шоқайдың ескерткіш-тақтасы орнатылды. Бұл істі жүзеге асыруда да «Мұстафа Шоқай Француз-Қазақ Достық қоғамының» үлкен еңбегі болды. Әр жыл сайын – 7 қаңтар күні Шоқай ескерт­кі­шінің жанында біртуар азаматымызды еске алу жиыны өтіп тұрады.
– Той, Наурыз мерекесі сіздер жақта қалай тойланады?
– Бағзы ата-бабамыздан бүгінгі күнге дейін жеткен дәстүріміз – қыз айттырып, келін түсіру кезінде бүкіл Париждегі, қала берді бүтін Еуропадағы қазақтардың басы қосылып, ұлан-асыр той жасалады. «Той дегенде қу бас домалайды» демекші, біріміздің отбасымызда той болса, алыс-жа­қын­дағы туған-туыс, қайын-жұрағат жи­нал­ғанда, 1000-ға тарта қазақ жиналады. Мұндай үлкен тойларда бір-бірімізді көріп, мәре-сәре болып қаламыз. Бұдан басқа шілдехана, нәрестені бесікке салу, жыртыс, сүндет той сынды кішігірім той­ларымыз да «Қазақ қоғамының» ғима­ратында өткізіліп тұрады. Наурыз мере­кесі Париждегі Қазақстан Республикасының елшілігінің бастамасымен әр жылы той­ла­нып тұрады. Париждегі этникалық қазақтар да қолда­рынан келгенше бұл мерекенің жоғары деңгейде өтуіне барынша қолдау көрсетеді. Қазақтың ұлттық тағамдарын пісіруде, киіз үй тігуде, ұлттық ойындар ойнатуда бар білетінімізді ортаға саламыз.
– Қазақстандағы әдеби, мәдени жаңа­лықтардан хабардар болып тұрасыздар ма?
– Әрине, Париждегі әр қазақ отбасында қазақ телеарналары қосулы тұрады. Ин­тер­нет­тен де саяси жағдайларды бақылап оты­ра­мыз. Қазақстан тезірек латын әліпбиіне көшсе деген ниетіміз бар. Латын әліпбиін ғана білетін болғандықтан, кирилл әріпте­рі­мен жазылған дүниелер болса, оқи алмай қиналып қалатынымыз анық. Түрік тілін жетік білетіндіктен, қазақтың айтулы тұлға­лары жайлы, қазақ елінің тарихы туралы түрік ғалымдарының зерттеу еңбектерінен ғана оқып таныса аламыз. Әрине, осы тұсы бізді қынжылтады. Сол үшін қазақ елі те­зірек латын графикасына көшсе, ұлты­мыздың тарихын ана тілімізде оқи алушы едік деп ойлаймыз.

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір